Қазіргі жастардың талғамы, толғандыратын тақырыбы да бөлек. Олар көбіне тың идеялар мен батыл қадамдарға жақын. Заманның тамырын дөп басып, еркін ойлап, өзгеріс лебінде ерек қимылдаған ұрпақтың өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылық пен қуғын-сүргін туралы әлеуметтік платформалардағы пікірлерін топтастырып ұсынуды жөн көрдік.
Ғалым ЖҮСІПБЕК,зерттеуші:
Бұл – тарихымыздағы өте маңызды әрі қасіретті дата. Өкінішке қарай ашаршылық пен жаппай қуғын-сүргін секілді ауыр нәубетті қоғам деңгейінде талдау, ашық талқылау, зерттеу өте баяу жүріп жатыр. Көбіне ғылыми ортада ғана айтылады, ал кең ауқымда, тұтас халық болып бұған әлі баға берілген жоқ.
Ашаршылық пен репрессия ұрпақтар арасындағы сабақтастықты үзіп жіберді. Соның салдарынан рухани, мәдени, адами құндылықтар әлсіреді. Ел мүддесін ойлайтын қайраткерлерден айырылып қалдық. Нағыз зиялылар – тек мәдениетті дамытып, қоғамды алға сүйреп қана қоймайды, олар ізгі, адами қарым-қатынасты орнықтыратын алып күш.
Жалпы, қазақ халқы көп қасіретті бастан кешірді, оның ішінде ашаршылықтан басқа, ядролық полигон зардабы да бар. Осы мәселелерді ашық талқыламасақ, олардың салдарынан толық арыла алмаймыз.Ашаршылық кезінде қазақтардың аман қалуының ең үлкен бір себебі – адамдардың бір-біріне сүйенуі, ағайынның ағайынға көмектесуі. Кеңес кезеңінде де қиындықты өзара қолдаудың арқасында еңсерді. Осындай дүниелерді тереңінен зерттеп, тарихи жадымыздың бір бөлігіне айналдыру қажет. Өйткені өткенді зерттеу тарих үшін ғана емес, болашақ мемлекеттілігіміз, ұрпағымыз үшін қажет.
Нәубеттің санадағы зардабыЖалын ТІЛЕУБЕРГЕН,актер:
Біз, негізі, сол бір зұлмат жылдардан кейінгі үшінші буынбыз. Бұл – тарих үшін қасқағым сәт. Менің әжем – ашаршылықты көрген адам. Ол кісінің бойындағы қорқыныштан туған сақтығы, жоқшылықтан туған үнемшілдігі әкеме сіңді. Ал біз – бойында сондай тәрбиесі бар буынның ұрпағымыз. Санамызда кей дүниелер терең сақталып қалған. Мысалы, нанның қиқымын жерге тастамау, асты ысырап қылмау.
Бұл – аштықтан аман қалған халықтың психологиясы. «Біреудің көзін қызықтырма», «тамағыңды көрсетпе» деген сөздердің түбінде де жоқшылық көрген буынның жан жарасы жатыр. Өйткені олар бір үзім нанға зар болған уақытты бастан өткерді. Біздің ата-анамыз да сол тәрбиемен өсті. Сондықтан олар – бар нәрсені жария қылмауға, қуанышты да сабырмен қабылдауға үйренген буын.
Мәселен, осыдан 5–10 жыл бұрын шетелге шығу деген үлкен уақиға еді. Біреу Таиландқа барып келсе, ауыл тұрмақ аудан болып айтып жүретін жаңалық болды. Ал қазір заман өзгерді. Халықтың жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. Соның әсерінен адамдар енді өмір сапасы мен ішкі құндылықтарға көбірек мән бере бастады. Жан дүниесіне үңіліп, кім екенін, не қалайтынын түсінуге ұмтылды. Қоғамда жиі айтылатын «өз-өзіңді табу», «эмоциялық күй», «жеке шекара» ұғымдарының алдыңғы қатарға шығуы да содан.
Дәл осы тұста буындар қақтығысы пайда болды. Өйткені ескі буынның санасында әлі де сақтық басым. Олар «көрсетпе», «мақтанба», «біреудің көңіліне тимесін» деп ойлайды. Біз «тәтті жеп отырсаң бөліс немесе көрсетпе, басқа баланың көңіліне тиеді», «Балаңды экранға шығарма, оның ар жағында соны аңсап отырған қаншама ана бар» деген секілді сөздерді естумен өстік. Ал қазір көпшілігі «Бұл – менің өмірім, менде бар нәрсені неге көрсетпеуім керек?» дейді. Олар оны еркіндік ретінде қабылдайды.
Меніңше, олар бұрынғы буынның сақтығы мен ішкі шектеулерін түсіне бермейді. Өйткені өздері ашаршылық пен жоқшылықтың салмағын сезінген ұрпақтың тәрбиесін көріп өспеген. Шын мәнінде, бұл жерде мақсат – анау дұрыс, мынау бұрыс деп көрсету емес, тек әр буынның қалыптасқан ортасы бөлек екенін еске салу. Сол себепті олардың өмірге көзқарасы да басқа.
Бес қазақтың аманатыБақытжан БҰҚАРБАЙ,баспагер:
Өткен ғасырдағы ашаршылық ұлттың сүйегіне түскен таңба. Сол нәубет болмағанда, бүгінде қазақтың саны 60 миллионға жуықтар еді... Мұны кезінде белгілі демограф Мақаш Тәтімов айтқан. Демек қазір он екі миллион қазақтың әрқайсысы бес қазақтың арманын арқалап жүр. Яғни қазіргі әрбір тірі қазақ – тек өзінің ғана емес, сол заманда өмірі қиылған талай жанның аманаты. Тереңінен қарасаң, бұл сөздің салмағы зор. Өйткені біз – тағдырдың сүзгісінен өткен халықпыз. Бүгінгі бар болмысымыздың артында орны толмас қасірет, үнсіз кеткен миллиондардың көз жасы тұр. Бұл ойға жетелеген – академик Оразақ Смағұлов.
Бізге енді бес адамның өмірін сүру міндет емес, бірақ бес адамның үмітін ақтайтындай ғұмыр кешу жауапкершілігі жүктелгендей. Сондықтан әр қазақ бес қазақтай бақытты болуға, бес қазақтай ізденуге, бес қазақтай еңбек етуге, бес адамға лайық жауапкершілік алуға ұмтылуы керек. Мұның астарында даңғазалық емес, жаңағы жауапкершілікті сезініп, өткеннің қасіретін тек жоқтап қоймай, оны қуатқа айналдыра білу деген тәмсіл жатыр. Барынша ұлттың ертеңі үшін әрекет ету.
P.S. Ашаршылық пен қуғын-сүргін – қазақтың тарихындағы ғана емес, санасындағы ең ауыр жаралардың бірі. Оның ізі бүгінгі қоғамның мінезінен, қорқынышынан, үнсіздігінен, тіпті өзара қарым-қатынасынан байқалады. Біз ол қасіретті көрмедік. Бірақ сол буынның жоғалтқан дүниесінің салмағын арқалап келе жатқан ұрпақпыз.
Дайындаған – Зейін ЕРҒАЛИ,«Egemen Qazaqstan»