Бүгін елімізде алғаш рет ресми түрде Бітімгер күні аталып өтіп отыр. Кәсіби мереке БҰҰ-ның Халықаралық бітімгерлер күнімен тұспа-тұс келді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2014 жылдан бері 900-ден астам отандық әскери қызметші Біріккен Ұлттар Ұйымының түрлі бітімгерлік миссияларына қатысқан. Қазіргі уақытта 154 әскери қызметші Таяу Шығыс пен Африкадағы БҰҰ-ның 11 миссиясының 7-уінде қызмет атқарып жүр.
Отандық бітімгерлер Батыс Сахарада, Орталық Африка Республикасында, Конго Демократиялық Республикасында, Ливан мен Оңтүстік Суданда әскери бақылаушы және штаб офицері ретінде міндет атқарады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қорғаныс министрлігі отандық бітімгерлердің халықаралық миссияларға қатысу шеңберін кеңейту бағытындағы жұмысты жалғастырып келеді. Осыған орай 2024 жылдан бастап ұлттық контингент Голан жоталарындағы БҰҰ миссиясына қатыса бастады.
Голан жоталарында мыңнан аса қауіпті зат табылды
Контингентті шетелдік миссияға жіберер алдында әскери қызметшілер БҰҰ талаптарына сай кешенді дайындықтан өтті. Оларға қажетті техника, заманауи қару-жарақ пен арнайы жабдықтар толық қамтамасыз етілген.
Бітімгерлерді даярлау Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығында жүргізіледі. Мұнда әскери қызметшілер халықаралық гуманитарлық құқықты, ағылшын тілін, әскери медицинаны, минасыздандыру тәсілдерін меңгеріп, патрульдеу мен бақылау бекеттерінде қызмет ету машығын шыңдайды.
Қазақстан – БҰҰ-дан бітімгерлік миссияға қатысуға дербес мандат алған посткеңестік кеңістіктегі алғашқы әрі жалғыз мемлекет. Голан жоталарында ұлттық контингенттің орналастырылуы отандық армияның кәсіби даярлығы мен жауынгерлік қабілетінің халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетті.
БҰҰ миссиясының қолбасшылығы да отандық әскери қызметшілердің жоғары кәсібилігіне оң баға беріп, олардың бітімгерлік қызметке қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Бұған дейін, бітімгерлердің БҰҰ миссиясына дайындығы тексерілгені хабарлаған едік.