Маусым айынан бастап Қазақстанда теміржол тарифі қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» компаниясының қаржы жөніндегі басқарушы директоры Дайыр Көшеров мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның айтуынша, Қазақстандағы теміржол тасымалы тарифтері ТМД кеңістігіндегі ең төмен тарифтердің бірі болып отыр.
«ТМД елдері арасында бізде тарифтер ең төмен деңгейде. Қазіргі таңда Ресеймен салыстырғанда айырмашылық шамамен 2,5 есе, ал Өзбекстанмен салыстырғанда шамамен 4 есе төмен», деді ол.
ҚТЖ өкілдерінің айтуынша, тарифті көтеруге компанияның қаржылық қиындықтары себеп болып отыр. Бүгінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жалпы қарызы 4 триллион теңгеден асқан. Ал инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру қосымша қаржыны талап етеді.
«2025 жылы реттелетін тасымалдар бойынша шығын көлемі 320 миллиард теңгені құрады. Негізінде бұл 320 миллиард теңге транзит пен табысы жоғары жүктер есебінен субсидияланып отыр», деді компания өкілі.
Қазіргі уақытта бұл мәселе Табиғи монополияларды реттеу комитетінің қарауында жатыр. Мамандардың пікірінше, егер ұсыныс мақұлданса, жүк тасымалы бағасы қымбаттап, нарықтағы тауар құнына әсер етуі мүмкін.