Қазір мектеп бітіру арзан болмай тұр. Бітіруші түлектің киер киімінен бастап, баратын мейрамханасына дейін қымбат. Салтанатты кештің аста төк дастарқанына жайғасу үшін әр адам 45-60 мың теңге аралығында төлеуі қажет. Сонда бір отбасы мейрамхананың өзіне 135-180 мың теңге шығаруы керек. Баласын қатардан қалдырғысы келмегендер қолындағы барын беріп, жетпегенін несиемен жамап жатыр. Жалпы биыл мектеп бітірушілер қанша қаржы жұмсап жатқандығы жөнінде Egemen.kz тілшісі анықтап көрді.
Сәуір айында Оқу-ағарту министрлігі білім алушылар мен ата-аналарға қаражат жинауға қатаң тыйым салған болатын. Алайда ведомствоның бұл үндеуіне құлақ асар жан жоқ. Себебі көп мектепте қаржы жинау жұмыстары былтыр, яғни желтоқсан айында басталып кеткен.
«Ұлым 11-сыныпты бітіріп жатыр. Жаңа жылдың алдында ата-аналар комитеті мейрамхана тауып, асабамен де келісіп қойды. Қазір шоудың барысы мен сыйлықтар жағы түгенделіп жатыр. Біз әр адамға 54 мың теңгеден жинадық. Асабаның қызмет ақысы да сол қаражаттың ішінде», дейді астаналық ата-ана Темірлан Жанғозы.
Қала тұрғынының айтуынша, қаржы жинау мұнымен бітпейді. Баласын қатардан қалдырғысы келмеген әке бір айлық жалақысын жұмсағанын айтады.
Лента – 1500 теңге Альбом – 16500 теңге Суретке 2 образ – 43000 теңге Костюм-шалбар – 75000 теңге Мұғалімге сыйлық – 10000 теңгеСоңғы қоңырау: Елімізде 215 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасты
Астаналық тұрғын Дана Әбдірахманова да баласының мектеп бітіру кешіне ұсақ-түйекті санамағанда 130 мыңдай қаржы жұмсаған.
«Бір мектеп бітіру кеші үшін көп сома деп ойламаймын. Қазір бәрі қымбат. Мектеп бітіру кеші баланың мәңгі есінде қалады. Аса ысырапшылдық емес. Бәрі өз жөнімен ұйымдастырылып жатыр», деді ол.
Бұл ұл балалардың ата-аналарының шығыны. Ал қыздардыкі бұдан қымбат болары сөзсіз. Олардың бет, тырнақ әрлеу жұмыстарынан бөлек, көйлектерінің өзі қомақты қаражатқа түсіп отыр. Кемі 70-80 мың теңге. Сәнді көйлекті бір күнге жалға алғанның өзінде осыншама шығын шығады.
Бұдан бөлек, мектеп түлектері лимузин жалдап, отшашу ұйымдастырады. Қазір асабаның қызмет ақысы да шарықтап тұр. Баға 250 мың теңгеден басталып, 1-1,5 млн теңгеден асып жығылады. Әрине, мұның бәрі ата-ананың қалтасына салмақ, бірақ баласы үшін ешкім қатардан қалмақ емес.
«Салтанатты кеште 60 адамнан аспаса баға 250 мың теңге шамасында. Егер 2-3 сынып бірігіп өткізетін болса, сәйкесінше, қызметақы да қымбаттайды. Бұл қаладағы ең арзан баға», дейді асаба Руслан.
«Даңғойлық жәрмеңкесіне айналды»: Депутат мектеп бітіру кештеріне қыруар қаржы жинау туралы
Жоғарыда айтып өткендей, Оқу-ағарту министрлігі биыл да білім беру ұйымдарында мектеп бітіру іс-шараларын өткізу туралы талаптарды нақтылады. Ведомство белгіленген талаптарға сәйкес, бітіру кештерін мектептерден тыс жерлерде ұйымдастыруға жол берілмейтінін жеткізді.
«Қабылданған шаралар білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, олардың құқықтарын қорғауды және құқық бұзушылықтардың алдын алуды қарастырады. Аттестаттарды табыстау рәсімі тек білім беру ұйымдарының ғимараттарында ұйымдастырылады. Жергілікті атқарушы органдарға қаржылық шығындарды талап етпейтін тәрбиелік және мәдени-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Ішкі істер органдары тарапынан құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар тапсырылды», делінген ақпаратта.
Министрлік жылда мектеп бітіру кеші тойланбасын дегенмен, оны сән-салтанатымен ұйымдастыратындар жетерлік. Ескертуге құлақ асып жатқандар аз. Аз дейтін себебіміз, мұндай даңғазалыққа қарсы мектеп түлектері де бар.
«Мен ата-анама тек соңғы қоңырауға қатысып, тойханада өтетін бітіру кешіне қатыспайтынымды айттым. Алайда олар менің бұл шешіміме қарсылық танытып отыр. Сыныпта 30 оқушының 9-ы бас тартты. Меніңше, бітіру кешін шағын ортада атап өту керек. Ал біздің бітіру кешімізге 150-дей адам жиналмақ», дейді жас түлек Мансұр Ерлан.
100 мыңнан астам мектеп түлегі елімізді көгалдандыруға атсалысты
Бұл пікірден ата-аналардың да мал шашуға бейім тұратынын аңғаруға болады. Олар балаларының бітіру кеші естен кетпестей болғанын құп көреді. Алайда қаражат мәселесі шешілгенімен, қауіпсіздікті де естен шығармаған жөн.
Айта кетейік, бұған дейін аталған мәселеге қатысты Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов пікір білдіріп, еліміздегі көптеген мерекенің әлдеқашан «даңғойлық жәрмеңкесіне» айналып кеткенін айтқан болатын. Депутат кейбір отбасылардың бітіру кешіне 300 мыңнан бастап, бір миллион теңгеге дейін сұралатынына шағымданатынын айтты.