1 шілдеден бастап Ресей аумағына жұмыс істеу немесе білім алу мақсатында баратын шетел азаматтары үшін жаңа талап енгізіледі. Енді олар «Gosuslugi RuID» мобильді қосымшасын міндетті түрде пайдалануы тиіс, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, шетел азаматтары қосымшада жеке профиль ашып, Ресейге кіру туралы электрондық өтінішті шекараны кесіп өтуден кемінде 72 сағат бұрын тапсыруы қажет.
«Өтініш мақұлданғаннан кейін жүйеде кіру құқығын растайтын жеке QR-код қалыптастырылады. Бұл QR-код 90 күн бойы жарамды болады», деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев.
Шенген аймағына да кіру талаптары өзгергенін атап өткен минстрлік өкілі азаматтарға сапарды жоспарлау кезінде жаңа талаптарды алдын ала ескеруді ұсынды.
Еске сала кетейік, бір жыл бұрын Ресей Федерациясы елге келушілер үшін міндетті биометриялық тіркеуді енгізген болатын.