Ес білгеннен біздің үйде кітап көп болатын. Екі кітап шкафы бар еді. Кітаптар екі қатардан қойылатын. Ауылдың ауқымымен, алпысыншы жылдардың жағдайымен қарағанда бұл көп кітап саналатынын шамалау қиын емес. Көкем кітапты көп оқитын. Әттең, өмірден ерте кетті – қырық жасында. Алтыншы класс оқушысы едім. Әкенің көп қасиетін бойға жұғыстырып үлгере алмаған күйі қала бердім. Әйтсе де әйтеуір бір қасиеті анық ауысты дей аламын. Ол қасиеті – кітап оқуға құмарлық. Сол құмарлық мені әлі күнге ұлы көштен қалдырмай келеді. Жасымыз жетпістің бесеуіне келгенде де қолдан кітап тастамаймыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітапқа қатысты арнаулы Жарлық шығаруына қуанатынымыз да сондықтан.
Алдыңғы күні «Казахстанская правда» газетінен хабарласып, Президенттің «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы туралы пікір жазып беруімізді сұраған еді. Сонда бір тұста «Қоғамның рухани дамуы үшін өте-мөте маңызды құжат» деп жазып барып, мақаланы редакцияға жіберер алдында сөйлемнен «рухани» деген сөзді алып тастағанымыз бар. Неге? Негесі сол, бұл Жарлықтың мән-маңызы әдебиет пен мәдениеттің, жалпы руханияттың ауқымынан асып кетеді. Мәселе кітап пен кітапхана туралы ғана болып отырған жоқ. Мәселе мемлекеттің интеллектуалдық әлеуетін арттыру жөнінде болып отыр. Жарлық кітап оқу мәдениетін ұлттық саясат деңгейіне шығаруды мақсат тұтады.
Президент оқитын, интеллек-туалды ұлт қалыптастыруға жағдай жасау міндетін алға қойды. Егер біз білім жолын, ғылым жолын, мәдениет жолын таңдасақ, онда кітап оқу біздің ұлттық идеямызға айналуға тиіс. Жаһандану жағдайындағы жарыста оза шапқан Жапония, Финляндия, Оңтүстік Корея, Германия сияқты елдердің бәрі де білімге, оқуға баса назар аудара білген. Жеке тұлғаларға келсек, мысалы, Билл Гейтс күн сайын едәуір уақытын кітап оқуға арнап отырады. Оқымаса ой тоқырайды деген сол.
Жасанды интеллектінің бірыңғай басымдыққа ие болып кетпеуінің, сөйтіп, адамның өз бетінше ойлану дағдысынан ажырай бастауының алдын алудың да бір тетігі, бірегей тетігі – кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру. Кітап оқитын ұлттың басты белгісі – оқу мәдениеті азаматтардың басым бөлігінің күнделікті тыныс-тіршілігіне тән болуы. Сәнге айналып тұрған сөзбен айтсақ, қоғамдағы белді бір трендке айналуы. Оқуға құмарлық, оқу мәдениетінің жоғарылығы, кітапхана жүйесінің дамуы, кітап шығаруға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі және қалың көпшіліктің биік өрелілігі зерделі қоғамның міндетті сипаттары саналады. Бара-бара жалпы жұртшылық клипті ойлау жүйесінен бірте-бірте бас тартуға бейімделе беруге, смартфонның кітапты езіп-жаншуы азая түсуге тиіс.
Интернеттің бір иірімінен «Смартфон против книги: Токаев меняет правила чтения» деген мақаланы көзіміз шалып қалды. Мәселенің бұлай қойылысы даулы. Президенттің де смартфонға атымен қарсы шығуы мүмкін емес. Смартфон мен кітапты антипод етудің керегі жоқ. Екеуінің үйлесіміне қол жеткізуге ұмтылу керек. Смартфонның мүмкіндігін де кітап оқуға қызықтыру үшін пайдалануға болады. Бұл екеуі бір-бірін толықтырады да, бұл екеуі бір-бірімен бәсекелеседі де. «Kindle», «Google Play» «Books», «Bookmate» сияқты кең танымал қосымшалар арқылы смартфон бір құрылғыда мыңдаған кітаптың басын қоса алады. Кез келген жерде кітап оқып немесе кітаптың аудио нұсқасын тыңдап кете бересіз. Рас, кітапты қолға алып, оңаша отырғандай қайдан болсын. Сан түрлі адрестен саулап түсіп жататын хабарлама, қаптап келетін қоңырау ойды алаңдатпай қоймайды. Әйткенмен біз жас ұрпақтың бетін кітапқа бұрғымыз келсе, цифрлы технологияның мұндай мол мүмкіндігінен бас тартпауға тиіспіз.
Жарлықта кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру, оқырмандарға арналған заманауи инфрақұрылымды дамыту: цифрлық құралдарды кеңінен қолдана отырып, жаңа форматтағы кітапханалар, қоғамдық кеңістіктер құру, туындылары жас ұрпақты Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі қағидаттары мен ережелерін құрметтеу рухында тәрбиелеуге ықпал етіп жүрген отандық жазушылар мен ақындарды қолдау, баспагерлер мен кітап өнімін таратушылардың мемлекет үшін пайдалы қызметтерін ынталандыру, ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шетелде насихаттау мәдениет, білім беру және инновациялар салаларындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары болып айқындалған. Айқындалып қана қоймаған, Үкіметке халықтың әртүрлі санаттары, оның ішінде балалар мен жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту және кітап оқудың орнықты дағдыларын қалыптастыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыру, жаңа форматтағы кітапханалар, көпфункционалды қоғамдық кеңістіктер құру, заманауи ақпараттық жүйелер мен сервистер ендіруді қоса алғанда, оқырман инфрақұрылымын жаңғырту, ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шетелде насихаттау, оның ішінде туындыларды сапалы аудару, басып шығару, оқырмандардың кең ауқымды аудиториясына тарату жүктелген, міндеттелген. Оларды орындайтын нақты уақытқа дейін көрсетілген. «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» жаңа заң жобасын әзірлеу жөнінде арнайы айтылғаны қуантады. Парламент мектебінен екі рет өткен адам ретінде заң қуатының күшін бір кісідей білеміз. 2017 жылы, мәдениет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмыс тобында болғанымызда жобаға «Мемлекеттік тапсырыс бойынша шығарылған кітаптарға қаламақы төленеді» деген бір ғана сөйлемді қоса алғанымыздың, Үкіметтен қосымша қомақты қаржы көзін таба отырып, сол сөйлемді Мәжілісте де, Сенатта да қорғап қалғанымыздың өзі қаламақы мәселесін заңдастыруға қол жеткізген болатын. Содан бері ол санаттағы кітаптарға азды-көпті қаламақы төленіп келеді.
Қазақстан қазірше кітап оқу деңгейі жағынан әлемде өте төмен орында. Америкалық «CEOWORLD» magazine атты онлайн-басылымның сауал салуының нәтижесі бойынша 102 елдің ішінде 95-орында екенбіз. Жылына әр қазақстандық орта есеппен небәрі 2,77 кітап оқиды. Орта есеппен болатыны – біреулер жиырма шақты, біреулер он шақты кітап оқиды, ал біреулер, жоқ – біреулер емес, талайлар қолына кітапты атымен ұстамайды. Сөйтіп, барып әлгі 2,77 деген сан шығады. Бұл тұрғыдан біз айналамыздағы Тәжікстаннан (4,01), Қырғызстаннан (3,96), Түрікменстаннан (3,18) да төмен көрінеміз. Әрине, ол сауал салудың қандай әдіснамаға сүйенгені, қаншалықты әділ екені күмәнді, бірақ қалай дегенде де алаңдатарлық ахуал көзге ұрып тұрғаны талассыз.
Бұл бізді қатты ойлантады. Сондықтан да Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Кітап оқитын ұлт» бағдарламасын қолға алдырып отыр. Осыдан біраз уақыт бұрын астаналық бір топ қаламгердің басын қосып, бағдарламаға жауапты қордың жұмысымен таныстырған болатын. Біраз шаруа тындырылып қалыпты. Жобаның қанатқақты кезеңінде Қарағанды, Қостанай облыстары, Шымкент қаласы қамтылған, мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер және тұтас отбасылар жеке тұлғаның және білім мәдениетінің өсуінің негізі ретінде оқу идеясы төңірегіне топтастырылыпты. «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» сияқты бағыттар бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр екен.
Мемлекеттік қызметші демекші... Зерделілік жағынан өзгелерге өнеге болуға тиісті осы әлеуметтік топтың оқу машығынан айырылып бара жатқанына Президенттің өзі назар аударды. Тың идеялардың түйінін түсінбеу сырына тоқтала келіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметтің кеңейтілген отырысында былай деген еді: «Бұл жөнінде жақында «Túrkіstan» газетіне берген сұхбатымда айттым. Үкіметтің кейбір мүшелерімен әңгімеден ұққаным, оны бәрі бірдей ықылас қойып оқымаған секілді. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысындағы сөзімді де толық түсінбегендеріңіз байқалады. Интернет ұзақ мәтіндерді оқудан алыстатты. Оның үстіне кітаптар мен мақалаларды оқымай-ақ, мазмұнын тыңдай салатын мүмкіндік пайда болды. Бірақ бұл мемлекеттік қызметкерлерге жараспайтын әдет. Оқу керек. Әйтпесе зейнет жасына жеткен кезде, ойлану қабілетінен айырылып қаласыздар». Президент Instagram әлеуметтік желідегі парақшасында Ұлттық кітап күніне байланысты құттықтауында: «Жаппай цифрландыру және Жасанды Интеллектінің үстемдігі арта түскен уақытта оқу мәдениеті ұлт сапасының бірден-бір өлшемі ретінде халқымыздың бітім-болмысына тән айнымас қасиет болып қала беруге тиіс» деп атап көрсетті. Сан түрлі жиындарда Президент мемлекеттік қызметшілердің оқу мәдениеті жөнінде ащы сын да айтып жүр. Олардың бәрінен қорытынды жасалады деп сенеміз. Кітап оқу мәдениетін дамытуда, зерделі ұлт қалыптастыруда Мемлекет басшысының жеке басының үлгісі де өте маңызды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы – жазушының перзенті, өзі де бірнеше кітаптың авторы. Кітапты көп оқитын, көкейге көп тоқитын адам. Талай тіл білуде де кітаптың өз орны бар, әрине.
Оқу мәдениетін қалыптастыруға тікелей ықпал ететін тетіктің бірі – халықтың газет-журнал оқуы. Еш жерде де қуыс кеңістік деген болмайды. Босаған орын басқа нәрсемен толады. Газет-журнал оқымайтындардың әлеуметтік желідегі әулекі әңгімеге әуес келетіні өзінен өзі түсінікті. Мерзімді басылымдарға жазылымды қайта қолға алуды мемлекеттік мекемелерден бастап көруге де болар, бәлкім? Кезінде біз бас басылымның таралымын 212 мыңға жеткізгенде бір сүйенгеніміз мектеп мұғалімдері еді. Мектеп директорының мұғалімге газетке не журналға жазылу жөнінде әңгіме айтуы демократия талаптарын аяққа таптау, адамның жеке басының құқына қол сұғу саналатынын білгенімізге біраз жылдың жүзі.
Жарлықта жаңа форматтағы кітапханалар құруға тиісінше көңіл бөлінген. Дәстүрлі кітапханалардың әлеуеті де барынша пайдаланылуға тиіс. Өз тарапымыздан бұл игі іске хал-қадерімізше араласып жүргенімізді айтып кетуді артық көрмейміз. Астанадағы М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада өткен бір жиында қала әкімінің орынбасары Есет Байкен елордадағы қаламгерлерді кітапханаларды қамқорлыққа алуға, ақыл-кеңес беріп, көмектесіп жүруге шақырған еді. Бізге сол кітапханаға қамқоршы болу жөнінде ұсыныс жасалды. Ұсынысты қуана-қуана құп алдық. Әбіш Кекілбаевтың мәдениеттанушылығы туралы дәріс оқып та үлгердік. Жеке кітапханамыздан кітаптар өткіздік. Онда 120 мың кітап қоры бар. Қазірше оқырман саны – 7 мың адам. Таяу жылдарда бұл санның да өсе түсетініне сенімдіміз. Кітапхана директоры Гүлайым Жұмабаевамен бірлесіп жасаған жұмыс жоспарымызда оқырмандармен кездесуді жиілету, Instagram-дағы аккаунттың ауқымын арттыру, белсенді оқырмандар чатын ашу сияқты бірқатар ойларымыз бар.
Кітап оқу жадыны жақсартады, мұқияттылықты ширатады, адамның сөздік қорын байытады дегеннің бәрі әңгіменің бергі жағы, балаң жағы. Ондайды жұрт ести-ести жалыққан. Прагматизм заманында кітап оқу аналитикалық ойлау жүйесін дамытады, пайымдау қабілетін күшейтеді, сөйтіп, адамның бәсекеге қабілеттілігін арттырады дегенге баса назар аудару керек.
Бәсекеге қабілетті адамдары көбейген сайын тұтастай алғанда ұлттың өзі де бәсекеге қабілетті бола түседі. Адамға керегі де, қоғамға керегі де дәл осы.
Кел, ағайын, оқылық!
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты