Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде сөз сөйледі. Президент Түркістан қаласында өткен алқалы жиынға қатысқан Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшыларына ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанның тарихи-рухани маңызын атап өтіп, қала түркі әлемінің құндылықтарын біріктіретін қасиетті орталық екенін айтты.
«Түркістан – атажұртымыздың мызғымас темірқазығы. Екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған шежірелі шаһар. Көне қала қашанда түбі бір түркі жұртының қасиетті қара шаңырағы саналған. Түркістан төріндегі Әзірет Сұлтан кесенесі – рухани тұтастық пен тарихи сабақтастық символы. Қожа Ахмет Ясауи бауырлас елдердің дүниетанымын кеңейтуге зор үлес қосты. Адамзатқа ортақ құндылықтарды барынша дәріптеді. Халықты жақсылыққа, жасампаздыққа, адалдыққа шақырды», деді Президент.
Президент Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысу үшін Түркістан қаласына барды
Мемлекет басшысы Қожа Ахмет Ясауи мұрасының түркі халықтарының дүниетанымы мен рухани тұтастығын нығайтудағы рөлін ерекше атап өтіп, оның гуманистік идеялары бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпағанын жеткізді.
«Ғұлама ойшыл ислам дінін түркі жұртының таным-түсінігімен ұштастыра білді. Аса құнды еңбектер жазып, мол мұра қалдырды. Ясауидің тағылымды ойлары мен хикметтері – түркі халықтарының баға жетпес байлығы. Ұлы бабамыз дәріптеген құндылықтар әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан біз Ясауидің гуманистік идеяларына баса мән беріп отырмыз. Қазір елімізде «Адал азамат», «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан» және басқа да бірегей бастамалар табысты жүзеге асырылып жатыр. Басты мақсатымыз – ұлт сапасын барынша жетілдіріп, мемлекеттігімізді нығайта түсу. Түптеп келгенде, осы ауқымды жұмыстың негізі Ясауи ілімінен бастау алады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетейік, Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтіп жатыр. Саммит алдында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бауырластық байланыс және рухани ынтымақтастық нышаны ретінде Түркістанда бой көтерген мешітпен танысты.