Өзбекстанның Самарқанд қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің 92-отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жиынға ТМД-ға мүше тоғыз елдің шекара ведомстволарының делегациялары, ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері, сондай-ақ ШЫҰ РАТС Атқарушы комитеті мен шекара қызметі ардагерлерінің халықаралық ұйымының өкілдері қатысты.
Жиын барысында ТМД елдерінің сыртқы шекараларындағы қазіргі ахуал талқыланып, бірқатар ведомстволар мен ұйымдар өкілдері баяндама жасады. Сондай-ақ шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ынтымақтастықты нығайту мәселелері қаралды.
Кеңес отырысында ТМД шекара әскерлері қолбасшылары кеңесі қызметі аясында атқарылған және жоспарланған іс-шаралар туралы ақпарат ұсынылды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясына ТМД елдері үшін шекаралық бақылау мәселелерін зерттеу, кадр даярлау және біліктілікті арттыру бойынша базалық ұйым мәртебесін беру туралы ереже бекітілді.
Айта кетейік, бүгін, 15-мамырда Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтеді. Мемлекет басшысы саммитке қатысу үшін Түркістан қаласына барды.