Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл еліміздің білім жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеретін стратегиялық шешім. Жаңа құжат – әрбір оқушының сапалы білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге арналған маңызды қадам.
Шындығында, жасанды интеллект мүмкіндіктері, әсіресе шалғай өңірлердегі ауыл мектептеріне тың серпін береді. Сондай-ақ оқушылардың жеке даму білім траекториясы, мұғалімдердің кәсіби дамуы, заманауи цифрлы инфрақұрылым, жоғары жылдамдықты интернет – мұның барлығы білім сапасындағы алшақтықты азайтып, жаңа мүмкіндіктер кезеңіне жол ашады. Ең бастысы, Жарлықта педагог мәртебесі мен ұстаз рөліне айрықша мән берілген. Жасанды интеллект педагогті алмастырмайды, керісінше оның жұмысын жеңілдететін қосымша құралға айналады.
Білім саласында алдымызда тұрған ауқымды міндеттер көп. Алдағы уақытта да Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы әрі нәтижелі жүзеге асыру үшін жүйелі жұмыс жүргізілетін болады. Біздің мақсат – жасанды интеллектіні елдің адами капиталы мен болашақ ұрпақтың әлеуетін арттырудың нақты құралына айналдыру.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,
Оқу-ағарту министрі