Қазақстан Қарулы Күштерінде жаңа талап енгізілді. Енді мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген әрбір сарбаз кемінде бес кітап оқуға тиіс. Бұл бастама жеке құрамның жан-жақты дамуына ықпал етіп, 23 сәуір – Ұлттық кітап күні қарсаңында оқу мәдениетін қалыптастыруды көздейді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аталған мереке халықаралық дәстүрге негізделген. Ол ЮНЕСКО бастамасымен бекітіліп, әлемде Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні ретінде аталып өтеді. Қазақстанда бұл дата Мемлекет басшысының тапсырмасымен енгізіліп, алғаш рет 2025 жылы мәдени-ағартушылық күн ретінде белгіленді.
Қарулы Күштерде кітап оқу мәдениетін дамыту жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда әскери бөлімдер мен мекемелерде 322 кітапхана жұмыс істейді. Олардың қорында 52 мыңнан астам көркем әдебиет және 198 мыңнан аса оқу басылымы бар.
Бүгін – Ұлттық кітап күні
Ұлттық әскери-патриоттық орталығы әскери-ғылыми кітапханасының меңгерушісі Оксана Әлжанованың айтуынша, кітапхана қорында отандық авторлармен қатар әскери жазушылар мен ғалымдардың құнды еңбектері жинақталған. Кітапхана 2020 жылдың желтоқсанында ашылған, бүгінде онда 7 мыңнан астам кітап бар. Қор негізінен қайырымдылық акциялары мен әріптес кітапханалардың қолдауы арқылы толықтырылған.
Тек биылдың өзінде әскери қызметшілерге 48 мыңнан астам кітап берілген. Бұл сарбаздар арасында кітап оқуға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді.
Кітапхана қоры тұрақты түрде жаңартылып отырады. Бұл іске демеушілер, баспалар және әскери қызметшілердің өздері де белсенді атсалысады. Көптеген сарбаздар жеке кітаптарын бөлім кітапханаларына табыстап, ортақ іске үлес қосып келеді.
Президент отандастарымызды Ұлттық кітап күнімен құттықтады
Міндетті оқу нормасын енгізу – тек талап емес, тәрбиелік әрі білім беру жұмысының бір бөлігі. Кітап оқу ой-өрісті кеңейтіп, сыни ойлауды дамытады және тұлғалық құндылықтарды қалыптастырады.
Ұлттық әскери-патриоттық орталығының сарбазы Нұрдос Айтмұхаметовтің айтуынша, әскери кітапханада қызықты еңбектер көп. Қазір ол ақын Мұхтар Шахановтың шығармасын оқып жүр. Жалпы, оған детектив жанры мен әскери тақырыптағы кітаптар ұнайды.
Аида Балаева: Кітап оқуға қызығушылық тұрақты түрде артып келеді
Қазіргі таңда кітап – өзін-өзі дамытуға мүмкіндік беретін маңызды құрал. Ал оған деген қызығушылық әскери қызметшілердің кәсіби әрі тұлғалық өсуінің ажырамас бөлігіне айналып келеді.