• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тұлға Кеше

Мақатаев ақ жол тілеген ақын

90 рет
көрсетілді

Қазақ жырының кеңістігінде өзіндік үнімен, терең ойлы толғамдарымен дараланған ақындардың бірі – Серік Тұрғынбекұлы. Сексеннің сеңгіріне шығып отырған қаламгердің өмір жолы – тек жеке тағдыр шежіресі ғана емес, тұтас қазақ руханиятының бір кезеңін айшықтайтын тағылымды тарих.

Ақын Серік Тұрғынбекұлының тұрғыластары өздерін «соғыс­тан соңғы ұрпақтар» санайды. Демек, кешегі ХХ ғасырдағы ұлы зұлмат – жиырма миллион адамды жалмаған Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін дүниеге келген буын өкілі. Сондықтан да болар Серік ақынның «Соғыстан кейінгі ұрпақпыз» деп басталатын өлеңінде мынадай шумақ бар:

«...Қыран едім,

Қарғаға түсті күнім.

Талай-талай түйнеді іште мұңым.

Көрдік кейде қаңтардың аптабын да,

Көрдік кейде шілденің үскірігін...»

Соғыстан кейін өртеңге шыққан өсімтал гүлдей болған жауқазын ақын Серік Тұрғынбекұлының алдында ақиық Нұрхан, күндей күркіреген Сырбай мен жасындай жарқылдаған Ғафу ағалары тұрды. Серік ақын өз үнін, сара бағытын тауып қанаттанса да, өлеңдегі өнегелі ұстаз – темірқазықтары Сырағаң мен Ғафаң болғанын мойындайды.

Алпысыншы жылдардың аяғы мен жетпісінші жылдардың басында-ақ қазақ әдебиетінің өлең өлкесіне Қостанай облысының Жангелдин ауданына қарасты Тосын құмындағы Төлеген қыстауынан келіп қосылған үкілі ақын ұлы даланың төсінде еркін жортып, даланың самалы, құмның сыры, жусанның иісін жырға қосты.

Серік Тұрғынбекұлының поэзия­сындағы басты тақырыптардың бірі – туған жер. Ақын үшін туған өлке – тек географиялық ұғым емес, ол – рухтың тірегі, жырдың қайнары. Оның өлеңдерінен қазақ даласының кеңдігі, тарихтың тереңдігі, халықтың тағдыры айқын көрініс табады. Ақын туған жердің әр талы мен әр тасы, әр самалы мен әр үні арқылы ұлттық болмысты, қазақы дүниетанымды бейнелейді. Мәселен, ақынның туған жерге деген сағынышын білдіретін «Туған жер дала, белдері» деген өлеңнің кейбір жолдары оқырман жадында жатталып қалған:

«Туған жер – дала, белдері,

Сағындым сені, келгелі.

Ақтарып жатқан ақ боран,

Ақтарған жылы сеңдері.

Бауырың – менің мекенім,

Жауыр да болса жетемін.

Түтінін түзу шығатын,

Аңсаған, шіркін, екенмін...»

Бұл жолдардан ақынның туған өлке алдындағы перзенттік махаббаты мен терең сезімі анық байқалады. Тосын құмының тынысы, балалық шақтың елесі осы шумақтарда тұнып тұр. Сонымен қатар ақын шығармаларында адам жанының нәзік иірімдері, махаббат пен сағыныш, үміт пен күдік, өмір мен өлім мәселелері де кеңінен көрініс табады. Ол оқырманның сыртқы пішінінен гөрі ішкі әлеміне үңілуге құмар. Оның жырлары – жанмен сырласу, жүрекпен тілдесу.

Табиғат тамашалары авторды толған­дырмай қоймайды. Әсіресе шабытты ақын табиғат сұлулығын терең сезініп, онымен мұңдасуға асық. «Қыс көріністері» цикліндегі бір өлеңін ақын мынадай мұңмен қорытындылайды:

«Қысқы аяздай кеудемді қарып бір мұң,

Төсегіме мен дағы барып тындым.

 Қапа болып қалады дәл осылай –

Қасиетін білмеген жарық күннің».

Ақын табиғат сұлулығына жалаң тамсанып қоймайды. Осындай көрікті көріністерді сақтап қалуға шақырады. Қостанай, Торғай келбетіне сұқтана тұрып, мұңын да ашық жырлайды. «Қыстың күні Қимада» қыдырады. Көк­шетау көріністеріне сұқтанады. Ақ­жайықты Аруға теңейді. Бәрін айта келіп сөз соңы Арал мен Балқаш мұңын егіле жырлайды. Ақын ана болып зарланады:

«Көрге айналып мекені,

Жасқа толып етегі,

Еңіреген анамын,

Енді маған пана кім?!»

Дейді де шағала болып шаңқылдайды:

«Шаңқылдаған шағаламын,

Теңіз төсін сағаладым.

Айдынымнан айырылғанда,

Қандай мекен таба аламын?!»

Сөйтеді де марал болып мұңаяды:

«Енді қашан Аралдың,

Мөлдіріне қанармын.

Жас орнына қан ақты

Жалт-жұлт еткен жанардың...»

Бүгінгі күннің өзекті тақырыптарының бірі – табиғатты қорғау назарынан тыс қалмаған. Жан-тәнімен, талантымен сұлулықты қорғауға шақырады. Табиғат адамзат тіршілігінің негізі деп үндейді.

Ақын Серік Тұрғынбекұлы жасы алпысқа толған кемел шағында «Жазушы» баспасынан «Жерорта» атты жыр кітабын шығарды. Сол «Жерортаға» жинақталған ақын өлеңдерінде бұлқыныс, буырқаныс басым. Серік Тұрғынбекұлының музасы момын емес, мінезді. Өлеңдерінің дені сезімге әсер етер тербелісті, тебіреністі келеді.

«... Махаббатқа бөлеген мені көптен,

Зар қақтырған, жұбатқан, еңіреткен,

Өмір – жалын,

Өмір – от,

Өмір – өткел!»

Сол өткелден қалай өту керек? Өмір сынына дайынсың ба? Өмір асуында нелер кездеседі? Бұл сұрақтарға жа­уапты да ақынның өлеңдерінен табасыз. Әрі өктем үн, ұйқасты жыр, шұрайлы сөздерімен береді. Мәселен, «Үш жара бар жүрегімде» деп жырлаған ақынның:

«Бірі – Арал –

Азаптан арылмаған.

Бірі – Семей –

Өкпесі қабындаған.

Үшіншісі – Зайсанның зілзаласы

Көмек сұрап басқаға жалынбаған», деген өлеңінен адамзатқа қарсы қолдан жасалған қатыгездік пен табиғат апатына шалдыққан туған жер қасіретін танимыз. 

Бүгінгі күннің басты өзекті мәселесі – туған ауыл тағдыры да Серік ақынды қатты алаңдатады. Содан да болар «Ауыл өліп барады» деп жан дауысы шыға шырқырайды. «Ауыл өлмейді» деп шаптыққандарға:

«Ауыл рас өлмейді – малы болса,

Мал бағатын халықтың хәлі болса,

Сол малдың да қалмады сау-тамтығы

Азаяды, құриды әлі қанша?»,

деп жөнін айтады, ежіктей түсіндірген болады. Туған жер, өскен орта – бүгінгі ауыл зары ақын жүрегінде беріш болып қатқанын:

«Ауылда – жұт дәл қазір,

Ауылда – мұң.

Таттық талай ауылдың тәуір дәмін,

Жат жұрттықтан іздесең

жан таппайсың

Бәрі өзіңнің қаракөз бауырларың», деген жыр жолдарынан да жазбай танисың.

Қазақтың өткені мен бүгінгі тарихында өмір кешіп, елім деп еңбек еткен рухты азаматтарының көбіне Серік Тұрғынбекұлы өлең арнады. Олардың тұлғасын жырмен сомдады. «Арыстар азасына» арналған өлеңдерінде былайша жырмен алғысөз арнайды:

«Етемін бүгін мінәжат,

Ел үшін құрбан болғандар.

Басынан кетпей,

Мұң-азап.

Өртенген,

Күйген –

Ормандар...»

Әрине, Қазақ елі үшін өртенген орман Бәйтеректерінің басы – Абылай хан. Ұзақ жыл есімі аталып, елі кие тұта алмағаны үшін Абылай хан аруағынан ақын кешірім өтінеді.

«Кешіре гөр, хан ием

Жеттім саған кешігіп...

Түсі суық сұр заман

Тұрып алды өшігіп!..»

Кеңес кезеңінде қазақ хандарының аттарын атауға да жасқандық. Олардың Қазақ мемлекетін қалыптастырудағы игі істерін ұмыт қалдырдық. Ақын сол үшін де ғасыр тірегі болған Абылай хан рухына басын иіп, жыр моншақтарын шашады. Өлең өзінен-өзі, екпінді оқуға сұранып-ақ тұрғандай.

Ақындардың алыбы Абайға талайлар өлең арнаған. Бірер өлеңінде Серік Тұрғынбекұлы да «Бір Абай», «Нағыз ақын» деп жырлайды.

«... Құдай біреу!

Әзірге Абай біреу.

Көңілдерді көркейтті талай жүдеу.

Көз жетпейтін өлеңнің көк аспанын

Қиын... қиын Абайсыз арайлы деу...»

Серік Тұрғынбекұлы осылай Абайды құрметтеумен өткен қазақтың ақиық ақындарының кескін-келбеті, жыр әлеміндегі бақытты шақтарын керемет суреттейді.

Мәңгілік махаббат тақырыбын автор барынша шабыттана жырлаған, ерекше екпін, нәзік сезіммен төгілдіреді. Ақын үшін бұл киелі тақырып, шабыт бастауы.

«Ақ махаббат!

Қашаннан Кием едің,

Саған деген таусылмас сый-өлеңім.

Қиналғанда қан жұтып,

Қамыққанда,

Иек артып, өзіңе сүйенемін.

Сенен ғана жаралған –

Күйім, әнім.

Сен сарқылсаң – мен де сап тыйыламын.

Саған ғана

Имандай сенемін мен,

Саған ғана

Құдайдай сыйынамын!»

Бұл жолдардан ақынның нәзік сезімді, сыршыл әлемі айқын көрінеді. Оның махаббат жырлары тазалық пен адалдықтың рәмізі  іспетті.

Жырлауынша, адамның адам болып дүниеге келуінің өзі махаббаттың арқасы. Сондықтан да ақын оған имандай сеніп, махаббат арын әрқашан қорғауға ұмтылады. Махаббат жолында өлімге де баруға бейілді. 

* * *

Серік Тұрғынбекұлы әдебиет зерттеу­шісі, көсемсөзші де. Оның әдебиет, мәдениет тақырыбына арнайы жазылған материалдары баспасөзде жиі жарияла­нып тұрды. «Жас Алаштың» бұрынғы меншікті тілшісі Серік Тұрғынбекұлының қаламынан туындаған көркем очерк­­­­­­тер «Тыңда түлегендер» атауымен жеке жинақ болып шыққан. Сон­дай-ақ ақын қаламы төселген аудармашы да. Қалам иесінің тәржімалауымен орыс, украин, эстон, латыш, моңғол ақын­дары қазақша сөйлеген. Серік ақын қазақшалаған А.Твардовскийдің «Перзент», П.Богдановтың «Москва үшін шайқас» өлеңі мен поэмалары қазақ тілінде жарық көріп, оқырмандардың жоғары бағасын алған. Серік ақын көпке танылған жүздеген ән өлеңінің де авторы.

Сексеннің сеңгіріне шыққан ақын – қазақ әдебиетінің абызына айналған тұлға. Оның шығармашылығы – ұлт руханиятының ажырамас бөлігі. Ол қалдырған мұра – бүгінгі ғана емес, келер ұрпақтың да рухани азығы. Ақынның әрбір жыры жүректен шыққан шындық, өмірден алынған тағылым.

Серік Тұрғынбекұлы ағаммен қа­сиетті Торғай өлкесінде туған адамдар, онымен бірге өмір сүріп жүрген барша жұртшылық бақытты десек, солардың қатарында мен де бармын. Ағамен кейінгі жылдары етене араласып келемін. Әсіресе кейінгі кездерде ақын ағамның жыр шумақтары мен шығармашылық туындыларын өзінен қол қойдырып алып, оқып жүрмін.

Серік ағамның мені тәнті еткен ерекше қасиеті туралы қысқаша айтсам, кейінгі кездері болып жатқан ресми жиындар мен той-томалақтарда Төлен Әбдік пен Қойшығара Салғара сияқты елдің беткеұстар азаматтарымен бірге бас қосқанда, ол кісінің ағаларына деген ілти­паты, ерекше құрметі, жыр арнап, лебіз білдіруі мені әркез таңдандыра түседі.

Солардың ішінде жазушы Төлен ағаның Серік Тұрғынбекұлы туралы: «Серіктің  өлендерін оқыған са­йын көңіл күйім көтеріліп, тіл үйіретін дәмді ет жегендей бойыма да, ойыма да азық алғандай сезінемін», дегені есімде қалыпты. 

Серік ағамыз қазақ әдебиетінің қазы­насына алғаш өзіне ұстаз болған Нұрхан Ахметбеков сынды бірнеше дас­­­­­­тан ұсынғанына куәміз. Оның «Кейкі батыр», «Махамбет және Жәңгір хан», «Ақан Сері – Балқадиша», «Балуан Шолақ – Ғалия», «Ахмет – Іңкәр», «Ғарыш қазақ», «Сәкен сұңқар» дастандары кезінде Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Солардың бірі «Сәкен-сұңқар» да­­­станын талқылау кезінде поэзия патшайымы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Фариза Оңғарсынова: «Мен ақын Серік Тұрғынбекұлын сонау 60-жылдардың аяғынан білемін. Алғаш «Жұлдыз», «Жалын» журналдарында, осы күнгі «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» газеттерінде, «Қазақ әдебиетінде» жарияланған өлеңдерін оқып, жас ақынның аяқ алысына сүйсінген болатынмын. Алғашқы жинағы, ұмытпасам, «Қобыз» деп аталатын болса керек. Сондағы өлеңдерді сүйсіне оқығаным әлі есімде. Әрине, Серік жалғыз емес, бұлар өздері бір топ болып, қазақ поэзия­сына тай-құлындай тебісіп, қатарласа келді. Кеңшілік, Жұматай, Жарасқан, Темірхан сияқты ақындардың қатарында Серіктің де өзіне тән үні, дауысы естіліп қалып жүрді. Жақсысына сүйініп, жаманына күйініп дегендей, әр кезеңде қазақ баспасөзінде көрініп қалған балаң жырларына қатысты өзіне де, өзгеге де айтып, өз бағамды беріп жүрдім. Менің тағы бір есімде қалғаны, Серіктің алғаш тұсауын кескен ақын Мұқағали Мақатаев болатын. Ол жас ақынның алғашқы кітабына пікір жазып, поэзия әлеміне қанатын қақтырған еді. Ұстаз ағалары Сырбай, Ғафулардың соңынан еріп, кейде соларға еліктеп кеткен тұстары да болатын. Кейіннен, еліктеудің түбі солықтауға айналмай, өз жолын тауып, тұлғалы ақынға айналды», деген екен.

Тағы да бір Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара Салғараұлының пікіріне көз жіберелік: «Мен Серіктің өлеңдеріне балауса, балаң, жігіт кезінен куәмін. 60-жылдары аудандық газетте шыққан алғашқы туындыларының өзінен-ақ Серік болашақта үлкен ақын болатынын байқататын. Әлі есімде, сол жылдарда Торғайдың мықты ақыны Назарбек Бектемісов аудандық газетте «Он бес жасар ақын» деген тақырыпта алғысөз жазып, Серіктің өлеңдерін жариялап, сәт-сапар тілеген еді. Міне, содан бері Серік үнемі өсу, өрлеу, даму жолымен жүріп келеді. Оның алғашқы жыр жинағы «Қобыздан» бастап, мына бүгінгі талқылап отырған «Сәкен-сұңқар» дастанына дейінгі аралықтағы оннан астам жинақтың бәрін оқыдым деп айта аламын. Соның бәрінде де Серік бір кітаптан бір кітапқа, қайталап айтамын, қанаты қатайып көтерілумен, самғаумен құлашын кеңге салумен ерекшеленді.

Енді, міне, қазіргі талқылап отырған «Сәкен-сұңқар» дастанын мен қызыға, сүйсіне оқып шықтым. Алдымен маған поэманың бастауы ұнады. Сәкен дүниеге келіп, әкесі Сейфолла ат жаратып, той жасап, сол тойда Сәкеннің әкесінің аты озып, ел-жұрт зор қызық-қуанышқа кенеледі».

Ал «қазақ теңгесінің кіндік атасы» Ғалым Байназаров ағасы былай дейді: «...мен Серік ақынмен мектепте  бірге оқыдым. Сол жылдарда мектебімізде әдебиет үйірмесі болып, соған бірге қатысып жүрдік (ол кезде өлең жазатынмын). Ортамызда қазаққа белгілі қаламгер, журналист Сабыржан Шүкір­ұлы болатын. Бізге ол кісілердің шарапаты көп тиді. Көп тәлім-тәжірибе алдық. Серік сол кездің өзінде «бала жырау», жас ақын атанып жүретін. Нұрханның өлең-дастандарын халық алдында көпшілікке жатқа айтатын».  

Серік Тұрғынбекұлы – тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров туралы «Ғарыш қазақ» деген дастан жазған қаламгер. Бұл кітаптың алғысөзін атақты ақын Мұхтар Шаханов жазды. Мұхтар сол дастан туралы: «Мен поэманы талдаудан аулақпын. Әр оқырман өзінше тұшынып, өзінше түсінеді. Бұл арада Серіктің ерекшелігі бүгінгі заманды, бүгінгі батырды жырлауында болып отыр. Көптеген қаламгер өткен тарихты қаузап, ондағы батыр кейіпкерлерді өзінше сомдайды. Қиялға ерік береді. Кейде бір батырдың ерлігін екінші батыр еншілеп кетеді. Осындайдан оқиға қайталануы орын алып жатады. Ал Серік болса бүгін ортамызда жүрген, ерлігін өз көзімізбен көрген, халық құрметіне бөленген қаһарман батырды жырға қосып отыр.

Тоқтар Әубәкіров – шын мәнінде қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер батыр. Қылышынан қан тамған қызыл империяның кезінде кеңес одағының  батыры атағын алған бірден-бір бірегей тұлға. Оның 73 мәрте авиа сынақтан аман өтіп, әуе кораблін кеме үстіне қондыруының өзі көзсіз ерлік емес пе? Бұл сынақтан екінің бірі аман-есен өте бермеген. Бұл бақыт біздің жерлесіміз Тоқтардың маңдайына бұйырды. Тоқтардың мұндай ерліктері – ешқашан қайталана бермейтін, тек қана оның өзіне тән дара ерлік.

Ол қазақтың тұңғыш ғарышкері ретінде де тарихтан өзінің лайықты орнын ала білді. Енді оның тарих сахнасында тұлғасын қалыптастыру, әрине, алдымен қаламгерлердің міндеті. Тоқтар туралы әр жанрда жазылып жатқан дүниелер аз болмаса керек. Осы тұрғыдан алғанда, Тұрғынбекұлының осынау дастаны тұғыры биік тұлғаға өлеңмен құйылған еңселі ескерткіш десе де болғандай»,  дейді Мұхтар Шаханов.   

Бүгінгі сексеннің сеңгіріне шыққан Серік Тұрғынбекұлына деген құрмет тек бір адамның еңбегіне көрсетілген сый емес, ол – тұтас қазақ поэзиясына, ұлттық рухқа деген тағзым деп білемін. Оның шығармалары әлі талай ұрпақтың жан дүниесін байытып, рухани әлемін кеңейте түсетініне көзім жетеді. Серік Тұрғынбекұлы жасаған жыр әлемі мен шығармашылық туындылары – мәңгілік. Оның есімі де қазақ әдебиеті мен ұлт руханияты тарихында алтын әріппен жазылып қала берері сөзсіз.

Әбіш Кекілбайұлы Серік ақын алпысқа толғанда: «...Сенің бір өлеңің бар, «Бес рет күйеуге шыққан әйел» тура­лы баллада деген. Тағдырын оқығанда кісінің көңіліне әртүрлі нәрселер қосады. Өлеңді оқып шыққанда көзіңе жас үйіріледі. Бұл – бір адамның тағдыры емес, бүкіл қазақ ұлтының тағдыры. Қазақ ұлтының ХХ ғасырдағы тарихы. Тоғыз, он шумақтан құралатын өлең. Әйел алғашқы күйеуінен ғасыр басындағы айқастардың тұсында көз жазып қалған. Одан кейінгі күйеуі 37-де кеткен. Одан кейін, «әйел қырық шырақты» деген, тағы тұрмысқа шыққанда, онысын тағы да соғыс алып кеткен. Соғыстан әне күтіп, міне күтіп келмеген соң қайтадан тұрмысқа шыққанда, онысын трактор басып кеткен. Бұл – тыңның трагедиясы. Енді құрысыншы, бәрі, қартайғанда тіземді құшақтап жалғыз қаламын ба, ең болмаса артымнан күшік ерер ме екен» деп тиген күйеуінің аузы арақтан босамаған маскүнем болып шыққан. Сорлы әйелдің тағдыры осы. Шын мәніне қарасам, бағы ашылмаған бір қатын емес, бағы ашылмаған бүкіл халықтың тағдыры тұрған өлең. Жүректі шымшылай отырып жеткізген осы шындығың сенің көп өлеңдеріңе тән.  Халқыңның қалжыраған жері, қалбыраған шері көп. Жүректі демейтін көңіл керек. Көңілді демейтін өлең керек. Сен – керек ақынсың. Алдымен ұлтына, жұртыңа керексің» деген еді. Біздің әлі де осы сөзге алып қосарымыз жоқ.  

 

Берік БЕЙСЕНҒАЛИЕВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымдарының докторы, профессор

Соңғы жаңалықтар