• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Таным Бүгін, 08:20

Пәтерді қалай жалға беруге болады?

20 рет
көрсетілді

Балжан Бақытқалиқызы,

салық маманы:

– Көп адам пәтерін жалға беру мақсатында міндетті түрде жеке кәсіпкерлік ашып, тіркеу керек деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде олай емес. Қазақстан заңнамасы азаматтарға пәте­рін жалға беріп, табыс табуға мүмкіндік береді және оған міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу талап етілмейді. Алайда бұл жерде бір маңызды шарт бар. Егер жалға беруден түсетін табыс белгілі бір мөл­шерден аспаса, адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат ретінде жұмыс істей алады.

Мысалы, жалға беруден түсетін табыс 1,3 млн теңгеден аспауы керек. Егер табыс осы сомадан жоғары болмаса, азамат өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға ретінде тіркеліп, пәтерін заңды түрде жалға бере алады. Мұндай жағдайда адамның басқа жұмысы бар ма, жоқ па – ол маңызды емес. Яғни сіз жеке кәсіпкер болмасаңыз да, белгілі бір компанияда жұмыс істесеңіз де, тіпті мемлекеттік қызметте жүрсеңіз де, пәтеріңізді жалға беріп, табыс табуға құқығыңыз бар.

Заң пәтер санына да нақты шектеу қоймайды. Ең бастысы – жалға беруден түсетін табыс белгіленген шектен аспауға тиіс әрі табыс ресми түрде рәсімде­луі керек. Өзін-өзі жұмыс­­­­пен қамтыған азаматтар жалға алу төлемін қабылдаған кезде E-Salyq Business қосымшасы арқылы фискалды чек береді. Сол чек берілген сәттен бастап адамның табысы тіркеледі. Бұл жерде тағы бір жеңілдік бар. Егер азамат өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға ретінде жұмыс істесе, оған қосымша декларация тапсырудың қажеті жоқ. Себебі фискалды чек соғылған кезде табыс автоматты түрде есепке алынады.

Ал төленетін салық мөл­ше­­ріне келсек, өзін-өзі жұмыс­пен қамтыған азаматтар та­бы­сының 4%-ын төлейді. Мы­салы, жалға алу ақшасы қаң­тар айында қа­был­данса, сол табыстан есептел­ген 4% са­лық­ты ақпанның 25-іне дейін төлеу керек. Бұл 4% тө­лем­нің өзі бірнеше бағытқа бөлі­неді. Оның бір бөлігі міндетті зей­нетақы жарнасына, бір бөлі­гі жұмыс берушінің міндетті зей­­нетақы жарнасына, сон­­­­дай-ақ әлеуметтік аударым­дарға, мін­детті медициналық сақтан­дыруға жіберіледі. Ал егер пәтер иесі зейнеткер болса, онда ол әлеуметтік төлемдерден босатылады. Бұл жағдайда тек табыс мөлшері белгіленген шектен аспағаны ғана маңызды.

Айта кететін тағы бір маңыз­ды мәселе, пәтерді жасырын түрде жалға беру – заң бұзу. Егер адам үйін тіркемей, табы­сын көрсетпей жалға берсе, оған 43 мың теңгеден 65 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Сондықтан тұрғын үйді жалға беру кезінде барлық рәсімді заң аясында жүргізген дұрыс.

Жалға беру кезінде тағы бір маңызды жайт – екі тарап­тың арасында келісімшарт жа­­салғаны дұрыс. Бұл құжат пәтер иесі мен жалға алушының құқықтарын қорғауға көмек­теседі. Дегенмен мұндай келі­сім­шартты міндетті түрде нотариус арқылы рәсімдеу талап етілмейді. Сонымен қа­тар пәтер иесі жалға алушыны өз үйіне тіркеуі керек. Бұл – заң талаптарының бірі. Осы арқы­лы жалға алушының нақты сол мекенжайда тұратыны ресми түрде белгіленеді.

Қазір елімізде тұрғын үйді жалға беру – кең тараған табыс көздерінің бірі. Ресми дерек бо-йынша, елде пәтер жалдаудың орташа бағасы 1 шаршы метр үшін 3 417 теңгені құрай­­ды. Қалаларда айырмашы­лық ай­тар­лықтай. Мысалы, ең қым­бат жалға беру нарығы Ал­ма­ты­да тіркелген. Бұл қалада бір бөлмелі пәтердің орташа баға­сы шамамен 220 мың теңге. Астанада мұндай пәтерді шамамен 200 мың теңгеге жалдауға болады. Ал ең төмен бағалардың бірі – Тараз қаласында, онда бір бөлмелі пәтерді шамамен 85 мың теңгеге табуға болады.

 

Дайындаған –

Елігімай ТӨҢКЕР,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар