Алматыда кардиология, эндокринология, гастроэнтерология, нефрология мен сабақтас салалардағы жетекші мамандарды біріктірген «Ұлттық метаболикалық код 2026» ғылыми-практикалық конференциясы өтіп, оның семіздік, 2 типті қант диабеті, артериялық гипертензияның жүрек-қантамыр мен гастроэнтерологиялық ауруларға әсері талқыланды, деп жазады Egemen.kz.
С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ, сондай-ақ бейінді кәсіби қауымдастықтар ұйытқы болған жиында ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов: «Қазақстандағы әрбір үшінші-төртінші ересек тұрғын метаболикалық бұзылыс белгілеріне ие және бұл жастар арасында да жиі анықталып отыр. Сонымен қатар оң үдерістер де байқалады, мәселен профилактикалық тексерулер артты. Ауруларды асқындырмай анықтау алгоритмдері жетілдіріліп, медициналық көмектің превентивті бағыты күшейіп келеді», дейді.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев қазіргі таңда метаболикалық синдром нозологиялық анықтамалар шеңберінен шығып, жүрек-қантамыр, эндокриндік, гастроэнтерологиялық аурулардың негізгі қауіп факторларын біріктіретін тұтас патогенетикалық тұжырымдамаға айналғанына атап тоқталды.
Денсаулық сақтау саласындағы серпін: Елімізде нәресте өлімі айтарлықтай төмендеді
Рүстем Төлеутаев 2021-2025 жылдары медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде жүргізілген скринингтік бағдарламалар нәтижесінде қамту 15-20%-ға артқанын, ал қауіп факторларын ерте кезеңде анықтау көрсеткіші өскенін атап өтті. Демек, бұл диагностика мен медициналық көмектің қолжетімділігінің жақсарғанын көрсетеді. Осыған байланысты Қазақстанда профилактикалық бағдарламаларды күшейту, гастроэнтерология, эндокринология, кардиология мен нефрологияны интеграциялау, сондай-ақ тәуекелдерді бағалаудың цифрлық құралдарын енгізу басым бағыттарға айналып келеді.
Конференцияға Францияның Бас консулы Максим Жеренже мен Франция елшілігінің денсаулық сақтау жөніндегі маманы Александра Тиркюир қатысып, Артериялық гипертония және кардиоваскулярлық профилактика жөніндегі мамандар қоғамы мен «Сервье Қазақстан» ЖШС арасында жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу мен бақылау тиімділігін арттыруға бағытталған Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл бастама Денсаулық сақтау министрлігі мен «Сервье» компаниясы арасындағы мәміле арқылы жүзеге асып жатыр.
БҰҰ: Денсаулық сақтауға инвестиция салынбаса, бұдан да жойқын пандемияға тап боламыз
Конференция барысында пәнаралық өзара іс-қимыл мен кардиометаболикалық бұзылыстары бар пациенттерді басқарудың заманауи стратегияларын енгізуге ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар Қазақстанның танымал сарапшылары мен Еуропадан келген халықаралық мамандар, қатысушылар жаңа клиникалық ұсынымдарды, заманауи терапиялық тәсілдерді және өзекті зерттеулер нәтижелерін талқылады.
Алғаш рет қатысушыларға кардиометаболикалық тәуекелдерді бағалау және түзету бойынша дербестендірілген ұсынымдары бар метаболикалық паспорт алу мүмкіндігі ұсынылды.