Үкімет отын-энергетика кешенін дамытуда жаңа кезеңге қадам басып отыр. Елде көмірсутек қорларын ұлғайту және энергетикалық қауіпсіздікті күшейту мақсатында перспективалы мұнай-газ кен орындарын игеру жұмыстары жанданады. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрдің айтуынша, 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 19,7 млн тонна болып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 80,2% құраған. Ал осы кезеңдегі мұнай экспорты 15,3 млн тонна деңгейінде қалыптасып, 2025 жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда 78,5% болған. Жалпы, 2026 жылға арналған экспорт болжамы 76 млн тонна көлемінде.
Ірі кен орындарының бірі Қарашығанақ бойынша өндірісті тұрақтандыру шаралары қолға алынған. Атап айтқанда, мұнай өндіруді жылына 10-11 млн тонна деңгейінде ұстап тұру үшін шикі газды кері айдайтын 6-ншы компрессорды іске қосу жұмыстары жалғасып отыр. Сонымен қатар ірі жер қойнауын пайдаланушылармен мұнай өндіру көлемін арттыру жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Газ саласында да өсім бар. Жыл басынан бері елімізде 13,6 млрд текше метр газ өндіріліп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 84,9% құраған. Ал жылдық болжам 62,7 млрд текше метр деңгейінде жоспарланып отыр.
І тоқсандағы экономикалық өсімді өңдеу, құрылыс, көлік және сауда салалары қамтамасыз етті
Министрдің сөзінше, саланың ұзақ мерзімді дамуына ерекше мән беріліп отыр.
«Газ саласының ұзақ мерзімді ресурстық базасын нығайту және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында министрлік «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп 2035 жылға дейін елімізде көмірсутектердің жаңа перспективалы кен орындарын игеру жоспарын жүзеге асыруда, оған сәйкес осы жылдың соңына дейін Қашағанда қуаты 1 млрд текше метр болатын МӨЗ құрылысын аяқтау жоспарланып отыр», деді Ерлан Ақкенженов.
Осылайша, Қашаған кен орнында жаңа газ өңдеу зауытының іске қосылуы елдің газ өңдеу әлеуетін арттырып, ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы, қолға алынған жобалар Қазақстанның мұнай-газ саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Олжас Бектенов: Әлеуметтік қамсыздандырудың әділетті жүйесін қалыптастыру қажет