Елімізде жанар-жағармай нарығын дамыту – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Сарапшылардың айтуынша, аталған секторда баға қалыптастыру тетіктерін жетілдіру тек нарықтың тиімді жұмыс істеуіне ғана емес, тұтас экономиканың тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздігінде де шешуші фактор.
«KAZENERGY» қауымдастығы алаңында жанар-жағармай нарығындағы жағдай жан-жақты талқыланды. Әңгіменің негізгі өзегі АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын қалыптастыру қағидаттары мәселесі болды. Қолданыстағы әкімшілік реттеу шаралары өндірістік, логистикалық және операциялық шығындардың өсуімен қабаттасып, нарық қатысушыларына қосымша салмақ түсіріп отырғаны айтылды.
Сарапшылар мұндай шектеулердің ұзақ уақыт сақталуы саладағы инвестициялық белсенділікке кері әсер етуі ықтимал екенін жеткізді.
Инфляциялық қысымның күшеюі, көлік шығындарының өсуі, өндірістік жабдықтарды жаңарту қажеттілігі мұнай өнімдерінің өзіндік құнына әсер етпей қоймайды. Ішкі нарықтағы сұраныстың артуы да баға қалыптастыру жүйесіне қосымша талап жүктейді. Мамандардың пікірінше, нарықтағы шынайы жағдайды ескермейтін тетіктер уақыт өте келе теңгерімсіздікке алып келуі мүмкін.
Сарапшы Нұрлан Жұмағұлов баға айырмашылығының көрші елдермен салыстырғанда едәуір арзан болуы «сұр» экспорттың белең алуына ықпал ететінін айтады. Бағаның салыстырмалы түрде төмен болуы отынның заңсыз жолмен сыртқа шығарылуына түрткі болып, ішкі нарықта жасанды тапшылық туындату қаупін арттырады. Баға деңгейін кезең-кезеңімен теңестіру осындай тәуекелдерді төмендетіп, ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл қадам көлеңкелі айналымды азайтып, нарықтағы ашықтықты арттыруға ықпал етеді.
Ал сарапшы Ерлан Жаукин әкімшілік реттеу инвестициялық мүмкіндіктерді шектейтін факторлардың бірі екенін алға тартты. Қазір еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытын жаңғырту, өндірістік қуатын кеңейту, жаңа технологияларды енгізу маңызды міндет саналады. Бұдан бөлек, төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Мұндай ірі жобаларды іске асыруға ұзақмерзімді, экономикалық негізі бар, түсінікті әрі болжамды баға жүйесі қажет.
Сала мамандарының пайымынша, нарықтық тетіктердің дамуы мұнайды терең өңдеу деңгейін арттыруға жол ашады. Бұл отын сапасын жақсартуға, жаңа технологияларды енгізуге, өндірістің тиімділігін көтеруге ықпал етеді. Инвестициялық ахуалдың жақсаруы инфрақұрылымды жаңғыртуға серпін беріп, ішкі нарықтағы сұранысты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызады. Бұл өзгерістер еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға негіз болады.
Энергетикалық тәуелсіздік мәселесі қазіргі жағдайда ерекше маңызға ие. Ішкі өндірістің тұрақты дамуы сыртқы нарықтарға тәуелділікті азайтып, экономиканың тұрақтылығын арттырады. Жанар-жағармаймен үздіксіз қамту өндіріс, көлік, ауыл шаруашылығы секілді негізгі салалардың қалыпты жұмыс істеуіне тікелей ықпал етеді. Сондықтан баға қалыптастыру тетіктерін жетілдіру тек салалық мәселе ғана емес, жалпы ұлттық экономиканың тұрақты дамуына әсер ететін фактор, дейді сарапшылар.
Мамандар мораторий мерзімі аяқталғаннан кейін нарықтық баға қалыптастыру қағидатына көшу мәселесін де көтерді. Ашық әрі экономикалық тұрғыдан негізделген жүйе нарық қатысушыларына түсінікті ережелер қалыптастырып, ұзақмерзімді жоспар құруға мүмкіндік береді. Болжамдылық деңгейінің артуы ин-весторлар үшін тартымдылықты күшейтіп, жаңа жобаларды іске асыруға жол ашады.
Бағаны кезең-кезеңімен өзгерту қажеттігіне ерекше мән берілді. Сарапшылар әлеуметтік тұрақтылықты сақтау басты басымдықтардың бірі болып қала беретінін жеткізді. Нарықтық тетіктерге көшу үдерісі халықтың табыс деңгейі мен экономикалық ахуалды ескере отырып жүзеге асырылуға тиіс. Мұндай тәсіл бағаның күрт құбылуына жол бермей, тұтынушыларға қолайсыз жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, жанар-жағармай нарығында еркін баға қалыптастыру тетіктерін енгізу мұнай өңдеу секторын жаңғыртуға, инвестиция тартуға, өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы қадамдар экономиканың орнықтылығын қамтамасыз етуге, ішкі нарықты тұрақты жанар-жағармаймен қамтуға негіз болады. Ал әлеуметтік теңгерімді сақтау мәселесі басым бағыт ретінде қала бермек.