Бес жылдан бері елде тауарларды цифрлық таңбалау жүріп жатыр. Сарапшылардың пікірінше, мұндай тәсіл көлеңкелі экономикадан миллиардтаған қаражатты шығаруға көмектеседі. Сауда және интеграция министрінің бұйрығына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі 19 атаудан 31-ге кеңейтілді. Басты мақсат – тауар қозғалысын цифрлық ізге түсіріп, нарықты сапасыз тауарлардан тазарту.
Алматыда бас қосқан отандық өндірушілер таңбалануға тиіс тауарлардың қатары бірден 19 атаудан 31 атауға өсуі бизнеске ауыр тиетінін, бұл шешімге кезең-кезеңімен келу керектігін айтты. Кәсіпкерлер таңбалау үдерісі нарықты заңсыз тауарлардан тазартқанымен, бағаны қымбаттатып жіберетінін жеткізді.
Алкогольсіз сусындар мен шырындар өндірушілер қауымдастығының өкілі Әлия Мамытбаеваның айтуынша, таңбалау жүйесінің қалай жұмыс істейтінін кәсіпкерлер жете түсіне алмай отыр. Сондықтан бизнес өкілдері таңбалауды енгізу мерзімдерін қайта қарауды сұрайды. Таңбалау басқа елдердегідей қажет салаларға ерікті болуға тиіс.
Сарапшы атап өткендей, бірінші кезекте контрафактілік ықтималдылығы жоғары тауарларды таңбалау қажет. Бұдан басқа, таңбалаудың шынайы тиімділігін бағалау мақсатында нақты есептеулерге бақылауды күшейткен жөн. «Өндірістің әрбір түрін жеке қарау керек. Бәріне бірдей бірыңғай таңбалау форматын қолдана беруге болмайды», дейді Ә.Мамытбаева.
Оның пікірінше, халықаралық тәжірибеде таңбалау тәуекелдерден, соның ішінде ұрлықтан қорғамайтыны дәлелденген. Сондықтан біреудің тәжірибесін жасырын көшіріп алуға болмайды, барлық шешім еліміздегі жағдайға бейімделе отырып қабылдануға тиіс.
Үкіметтің 2021 жылғы 8 қыркүйектегі қаулысымен таңбалау кодына тариф құны бекітілді. Қосылған құн салығынсыз оның бірлік құны – 2,68 теңге. Әрбір тауарға бірегей нөмірлерден құралған Data Мatrix QR кодтарын алып, тиісті жапсырманы жапсырумен іс бітпейтінін сарапшылар жиі айтады. Тікелей сату және бөлшек сауда қауымдастығының өкілі Анастасия Калашникованың айтуынша, әңгіме қол еңбегі мен техникалық іркілістерді қамтитын кешенді шығындар туралы болып отыр. «Тауардың әр данасына қосылады деген 2,68 теңге – мәселенің бір бөлігі ғана, бұдан да өзге қажеттіліктер бар. Тауарлардың халықаралық нарықтағы беделін саралайтын BSR есептеулерінде алкогольсіз сусындарға таңбалауды енгізу жылына шамамен 56,45 млрд теңгені құрайды. Бұл қаржыға тек кодтар ғана емес, стикерлер, жалақы, қызмет көрсету де кіреді. Мұндай жағдайда баға өседі. Шағын бизнес тұралап, ірі ойыншылар, керісінше, өсетін болады. Таңбалау операцияларын жүзеге асыруға қосымша алаңдар мен адамдар қажет. Оның бәрі қай тараптың қаржысымен өтелетіні айтылмай отыр», дейді А.Калашникова.
Сарапшының сөзінше, Үкімет бірінші кезекте қосымша шығындардың қандай көздер арқылы өтелетінін ашық айтуға тиіс. Сол кезде ғана жаңа жүйе қолданыстағы тетіктермен интеграцияланып, нарық өзіне тиімдісіне басымдық береді.
BSR зерттеу тобының макроэкономисі Мадияр Кенжеболаттың айтуынша, экономика таңабалаусыз-ақ нарық заңына бейімделе бастады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2014–2024 жылдар аралығында өңдеуші өнеркәсіпте көлеңкелі экономика үлесі төмендеді. Нарық QR кодсыз-ақ өзінен-өзі жүйелене бастады. Әрбір тауарды қадағалаудың ортақ жүйесі бар. Салық органдары контрагенттердің электрондық шот-фактураларын камералдық бақылаумен салыстырып тексереді. Демек, қазірдің өзінде тауар ағындары бақылауда тұр.
Мадияр Кенжеболаттың айтуынша, әлем елдерінде жаппай таңбалау сирек кездеседі. Ал таңбалауға бел шеше кіріскен Ресейдің алкогольсіз сусындар сегментінде ең үлкен соққы шағын компанияларға тиді. Ауызсу сегментіндегі микробизнестің 60%-ға жуығы жабылды. Ірілері ғана аман қалды.
Сондықтан таңбалау мәселесін жан-жақты зерделеп, кезең-кезеңімен енгізген жөн. Цифрлық таңбалауды экономиканың тәртібін, жалпыға бірдей ойын ережесін қалыптастыратын құрал ретінде қарастыру қажет. Сенім мен сапа бар жерде ұлттық экономика да еңсе түзеп, ішкі нарық жандана түсетінін ескерген ләзім, дейді сарапшылар.
АЛМАТЫ