Дүние дидары күн санап емес, сағат санап құбылып тұрған бүгінгі алмағайып заманда мемлекеттің мерейін тасытып, беделін асыратын – тек табиғи байлық емес, таусылмас ақыл-ой қазынасы. Қазақ даласында кешегі әл-Фарабиден басталған, Қаныш Сәтбаевпен шыңдалған парасат жолы бүгін жаңа мазмұнға ие болып, ұлттық дамудың стратегиялық арқауына айналды. Ғылым – бұл тек зертханадағы ізденіс қана емес, бұл – елдің қауіпсіздігі, экономикалық қуаты, деп жазады Egemen.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды дамытуды ұлттық басымдық ретінде айқындап берді. Соның ең басты айғағы – ғылым мен инновацияның Конституция деңгейінде көрініс табуы. Бұл – Қазақстанның білім мен технологияға сүйенетін жаңа сапалы мемлекет құруға деген берік мемлекеттік ұстанымы.
«Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа Заңның қабылдануы және 70-тен астам нормативтік-құқықтық актінің түзілуі саланың тамырына қан жүгіртіп, институционалдық негізін бекемдеді. Ендігі кезекте ғылым академиялық ортаның ішкі шаруасы емес, өндірістің өзегіне, өңірлік дамудың негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр.
Кадрлық әлеует: Жасару мен жаңғыру динамикасыҰлттық ғылымның бет-бейнесі түбегейлі өзгеріп, кадрлық әлеуеттің тұрақты өсімі байқалуда. Нақты деректерге үңілсек: 2025 жылы ғылыми зерттеумен айналысатын мамандар саны 28 374 адамға жетті. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен (21 782 адам) 30 пайызға артық. Ең қуантарлық көрсеткіш – жас ғалымдардың үлесі. Төрт жыл бұрын жас зерттеушілер 7 525 адам (35%) болса, өткен жылы олардың саны 13 592-ге (48%) жетті. Елімізде 2 005 ғылым докторы, 4 855 ғылым кандидаты және 4 862 PhD докторы еңбек етуде. Ғалымдардың 56 пайызы – әйелдер қауымы, бұл саладағы гендерлік теңгерімнің жоғары екенін көрсетеді.
Қалдықтан қазына сүзген: Отандық металлургияның жаңа белесі
Мемлекет ғалымды тек грантпен ғана емес, әлеуметтік қамқорлықпен де қуаттап отыр. Бүгінде 606 жас зерттеуші баспаналы болды. Оның ішінде 123 ғалымға пәтерлер өтеусіз негізде берілсе, қалғандары жеңілдетілген несиемен қамтылды. Жыл сайын 1 мың жас ғалымға постдокторантура гранттарының берілуі – ертеңгі күнге салынған ең сенімді инвестиция.
Инновациялық серпін: Зертханадан өндіріскеҒылым – бұл инвестицияны тек «тұтынатын» сала емес, ол экономикалық қайтарым беретін пәрменді құрал. Соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру көлемі 116,7 млрд теңгеден 261,3 млрд теңгеге дейін, яғни екі еседен астам өсті.
Тоқаев: Жоғары мемлекеттік марапаттар тізіміне «Әл-Фараби» ордені енгізіледі
Satbayev University ғалымдары вакуумдық дистилляция әдісімен тазалығы 99,5% болатын СТ-1 маркалы селен өндіру технологиясын енгізді. Өнімнің қосылған құны 97%-ға дейін артып, Қытайға 100 тоннадан астам өнім экспортталды. Ал Nazarbayev University ғалымдары литий-ионды аккумуляторларға арналған катод материалдарын алу технологиясын әзірледі. Бұл жобаның әлеуетті нарықтық көлемі 40 млрд АҚШ долларына бағаланып отыр. Astana Life Ex-situ Machine (ALEM) құрылғысы – қазақ ғылымының әлемдік деңгейдегі жетістігі. Донорлық ағзалардың өміршеңдігін 24 сағаттан астам сақтайтын бұл жаңалық – отандық медицинаның сапалық биігі.
Өңірлік тыныс және цифрлық ашықтықҒылым енді тек ірі мегаполистермен шектелмейді. Еліміздің әр облысы өз экономикалық ерекшелігіне қарай ғылыми басымдықтарын айқындады. Соңғы екі жылда өткен 13 ғылыми-технологиялық сессия нақты сектордың сұранысын ғылымға ұштастырудың пәрменді алаңы болды. Сонымен қатар 2024 жылы іске қосылған Цифрлық ғылыми портал саланы басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастырды. Ғалымдардың цифрлық профайлы мен зертханалардың паспорттары бір жүйеге тоғысып, ашықтық пен дәл аналитикаға жол ашты.
Мемлекет басшысы: Еліміз үшін қолданбалы ғылымды дамыту – аса маңызды міндет
Бүгінгі қабылданған шаралар Қазақстанның ғылыми экожүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеріп, ұлттық дамудың стратегиялық тірегіне айналдыратыны сөзсіз.