Үкімет жаңа Конституцияны түсіндіру бойынша іс-шаралар жоспарын бекітті. Енді Ата заң мәтіні кеңінен таратылып, ақпараттық-түсіндіру жұмысы басталмақ. Өйткені жаңа заңға Халық кеңесі, Вице-президент институты, Миранда қағидасы секілді әлемдік тәжірибедегі ұғымдар енгізілді. Осылардың ішіндегі Миранда қағидасы дегеніміз не? Халықаралық стандарт неліктен Ата заңға енгізілді?
«Сіздің үндемеуге құқыңыз бар. Айтқандарыңыздың бәрі сотта сізге қарсы қолданылуы мүмкін. Сіздің адвокат шақыруға құқығыңыз бар. Егер адвокат жалдауға қаражатыңыз болмаса, оны мемлекет қамтамасыз етеді». Бұл сөзді құқық қорғау органдарының қызметкерлері күдіктіні ұстаған кезде айтуға тиіс. Өйткені тергеудің алдында әрбір адамға құқығы түсіндірілуі керек. Миранда қағидасы осыны көздейді. Ал егер ұсталған адамға құқығы айтылмаса, оның тергеу кезінде берген жауаптары кейін өзіне қарсы болып, сотта айғақ ретінде пайдаланыла алмайды.
Миранда қағидасы 1966 жылы АҚШ Жоғарғы Соты қараған Эрнесто Миранда ісінен кейін қалыптасты. Эрнесто Миранда ауыр қылмыс жасады деген күдікпен ұсталып, екі сағат тергелген соң, өз кінәсін мойындаған. Өйткені ол үндемеуге, адвокат көмегіне жүгінуге болатынын білмеген. Мұны байқаған сот Мирандадан алынған жауаптарды заңсыз деп танып, осы оқиғадан кейін полицияға күдіктіні жауапқа алмас бұрын оған құқықтарын ескертуді міндеттейді.
Ең алдымен «Миранда ережесі» дегеніміз не деген сұраққа жауап беріп көрейік. «Қарапайым тілмен түсіндірсек, «Миранда ережесі» дегеніміз адамды құқық қорғау қызметкерлері қандай да бір қылмысқа күдікпен ұстағанда, ұстау себептері мен адамның қандай құқықтары бар екендігін түсіндіретін құқықтық норма», дейді Бас прокурордың аға көмекшісі Берік Үйсінбаев.
«Атап айтқанда, ұстап алу кезінде қылмыстық қудалау органының лауазымды адамы, оның қандай қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынғанын ауызша хабарлап, оған бірінші – қорғаушы шақыру, екінші – үнсіздік сақтау құқығын, үшінші – оның айтқандары сотта оған қарсы қолданылуы мүмкін екенін түсіндіруге тиіс. Бұл норма жаңа Конституцияның 18-бабы 3-бөлігіне енгізілді. Бұрын халықаралық қағидат Қылмыстық-процестік кодекстің 131-бабының 1-бөлігінде де белгіленген еді», деген Бас прокурордың аға көмекшісі бұл ережелердің Негізгі заңымызға енуі оны жоғарғы заң күшіне ие болғанын білдіретінін де атап өтті.
«Бұл норма адамның өзін-өзі жалған айыптаудан қорғап, әділ қылмыстық процестің жүргізілуіне бағытталған. Адам өз құқықтарын білсе, «Миранда ережесін» өзін қорғау үшін тиімді пайдалана алады. Сондықтан да қазір осы ережелерді қарапайым халыққа БАҚ арқылы түсіндіруге ерекше мән беріліп отыр. Бұдан бөлек бұл қағидаттар бәріне қолжетімді заң кітаптарында да бар. Тек оларды дұрыс пайдалана білуі керек», дейді Берік Нариманұлы.
«Халықаралық ережелерді Ата заңға енгізгеннен не өзгереді?» деген сұрағымызға жауап берген заңгер Серік Сыдықов мемлекеттің ең басты міндеті конституциялық тәртіп пен заңдардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету екенін алға тартты. «Бүкіл мемлекеттік, қоғамдық, жекеменшік ұйымдар, жекелеген лауазым иелері және барша азамат Конституция үстемдігінің сақталуына аса мүдделі. Бұл ретте азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ заңдардың нақты орындалу тетіктерін күшейту айрықша маңызға ие. Осыған байланысты еліміздің жаңа Конституциясының 18-бабының 3-тармағында көзделген «әр адамға ұсталған сәтте бостандығын шектеу негіздері және оның құқықтары түсіндіріледі» деген қағида енгізілді», дейді ол.
Заңгердің айтуынша, жалпы адам ерте заманнан-ақ әділдікке ұмтылып келеді. Әділдіктің құқықтық сана тұрғысындағы мәні мен маңызы – барша адамзаттың әлеуметтік еркіндігі мен теңдігі, әдеп, құқық, заң алдында тең, бірдей мүмкіндікке ие. Ал бұл заман талабына сай жаңа мақсаттарға қол жеткізуде мемлекеттілікті нығайту, адам құқықтарын сақтау кепілдіктерін арттыру мәселелері қалыптасқан құқықтық жүйені жетілдіру арқылы жүзеге асырылады.
«Бұл – заңды құбылыс. Жуырда қабылданған жаңа Конституцияда еліміз өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп жариялады. Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Әділдіктің басты өлшемі – адам құқықтары теңдігін қамтамасыз етіп жүзеге асыру. Енгізілген Миранда қағидасы – осы әділдіктің бір кепілі», деді заңгер.
Негізі «Миранда ережесі» 2015 жылы еліміздің Қылмыстық-процестік кодексіне енгізілген. Ал қазір Конституцияда норма ретінде қарастырылады. С.Сыдықовтың айтуынша, еліміздің 1995 жылы қабылданған Конституциясының 16-бабының 3-тармағында ұсталған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған әрбір адам сол кезден бастап, адвокаттың (қорғаушының) көмегін пайдалану құқығы ғана қарастырылған.
«Сонымен қатар осы Конституцияның 77-бабының 3-тармағының 6) және 7) тармақшалары бойынша айыпталушы өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес екенін және ешкім өзіне-өзі, жұбайына (зайыбына) және заңмен белгіленген шектегі жақын туыстарына қарсы айғақ беруге міндетті емес екені жөніндегі қағидатты тек судья заңды қолданған кезде басшылыққа алуға тиіс екені туралы ереже белгіленген. Осылайша, күдіктінің «үнсіздікті сақтау құқығы» Қылмыстық-процестік кодексте қарастырылғанына қарамастан, 1995 жылғы Конституцияда нақтыланбағанын байқауға болады. Осыған байланысты жаңа Конституцияда әр адамға ұсталған сәтте бостандығын шектеу негіздері және оның құқықтарын түсіндіру жөніндегі құқығын нақты белгілеу қажеттігі туындады. Ұсталған немесе тұтқындалған адамның жоғарыда аталған құқығының конституциялық қағидат деңгейіне көтерілуі олардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін барынша күшейтпек», деп түсіндірді заңгер.
Қазір «Миранда ережесі» секілді заң талаптары Ұлыбритания, Аустралия, Германия, Франция мен Ресейде енгізілген. С.Сыдықов аталған қағидаттың тарихын да айтып өтті. Оның айтуынша, әуелде ежелгі римдіктердің қылмыстық іс жүргізу процесінде бұл құқықтық ұғым «Nemo tenetur se ipsum accusare» (Ешкім өзіне қарсы куәлік беруге міндетті емес) қағидасына негізделген. Кейінірек XIII ғасырдың аяғына таман мұндай қағида Англияда да белгіленді. Уақыт өте келе «ешкім өзіне қарсы куәлік беруге міндетті емес» деген қағида ағылшын-саксондық құқық жүйесіндегі елдердің барлығында дерлік қолданылатын болды. Ал АҚШ-та бұл қағида конституциялық қағидат деңгейіне көтеріліп, АҚШ Конституциясына енгізілген V Түзетуге сәйкес «Ешкімді қылмыстық іс бойынша өзіне қарсы куәлік беруге мәжбүрлеуге жол берілмейді» деп белгіленді. Сондықтан АҚШ-та «Үнсіздік сақтау құқығы» айыпталушының ең басты құқығы болып есептеледі.
«Жалпы алғанда, «Миранда ережесінің» мазмұны: адам қамауға алынған сәттен бастап немесе қандай да бір басқа себептермен құзырлы органдар тарапынан оның бостандығы шектелген жағдайда, жауап алуға тартылған кезде азаматтың өзін-өзі кінәламау құқығына қауіп төнетіндігінде. Адамның осындай құқығын қорғау үшін тиісті процестік кепілдіктер қарастырылуы қажет. Ол үшін күдіктіден жауап алардың алдында оған «ешкім өзіне қарсы куәлік беруге міндетті емес» екені жөніндегі құқығын, адвокаттың көмегін пайдалануға құқылы екені, егер ол адвокат көмегін пайдалануға мүмкіндігі жоқ болса, қорғаушының мемлекет есебінен тағайындалатыны міндетті түрде ескертілуі қажет. Мұндай ескерту нақты әрі түсінікті терминдер арқылы ұғындырылуы қажет», дейді заңгер.
Ал Ақмола облысының Шортанды аудандық сотының судьясы Қасым Қалмағамбетов Конституцияда бекітілген «Миранда ережесі» отандық құқық қолдану тәжірибесіне серпіліс жасай отырып, еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттыратынын алға тартты. «Себебі құқықты қамтамасыз етудің негізгі ережелері соны қолданатын мемлекеттің халықаралық қатынастар орнатуға ашықтығын куәландырып, экономикалық, инвестициялық, ғылыми, туристік әлеуетін арттырады», дейді судья.
«Қазақстан ең басты заңына «Миранда ережесін» енгізе отырып, мемлекет адам құқықтарын сақтау мен қамтамасыз ету құқықтық саясаттың басты міндеті екенін айқындайды. Өз кезегінде бұл құқық қорғау органдарының жазалау саясатынан арылып, қылмыстық іс жүргізу аясына тартылған адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету арқылы әлеуметтік әділдікті орнатуға бет бұруына итермелейді. Еліміз адам құқықтарының халықаралық стандарттарын өзінің Негізгі заңында бекіту арқылы ұлттық заңдар мен адам құқықтарын қорғауда халықаралық стандарттарды басшылыққа алатынын да кепілдендіреді», деген Қасым Қалмағамбетов Негізгі заңға енгізілген соңғы өзгерістерді насихаттау мәселесіне де тоқталды. «Бұл бағыттағы жұмысқа заңгер, журналист, академиялық қауымдастық өкілдерін кеңінен тартқан дұрыс. Халық жан-жақты хабардар болып, сол жұрт конституциялық қағидалардың сақталуын талап еткенде ғана жаңа ережелер күнделікті қолданысқа еніп, құқық қорғау органдары гуманистік қағидаттарға толықтай бет бұрады», дейді ол.