• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:10

Қоғамдық көлік жаңарды

20 рет
көрсетілді

Кезінде облыс тарағанда қалалық автопарктер де жекенің иелігінде кетіп, жүйткіген көліктердің біршама «жүрісінен жаңылғаны» белгілі. Әйткенмен кейінгі бір жылдың бедерінде Семей қаласындағы қоғамдық көлік қатынасының жұмысы қайта жандана бастағаны байқалады.

Таяуда Семейде жаңа авто­бустар ел игілігіне берілді. Облыс әкі­мінің тапсырмасына сәйкес был­тырдан бас­тап қаладағы тасымал­даушылар авто­парктерін жаңарту жұмысы жүр­гізіліп жатыр. Соның аясында «АвтоТрансСемей», «Се­мав­то­парк» жауапкершілігі шек­теулі серік­тестіктері Семейде құрасты­рылған заманауи 32 автобус сатып алды.

«Жаңа көліктер жолаушыларға қо­лайлы әрі қауіпсіз. Автобустың сыйымдылығы 100 адамға дейін, барлық көлікте салқындату құ­­­рыл­ғысы орнатылған. Сонымен қа­­тар қимыл-қозғалысы шектеулі аза­­­­маттарға ыңғайлы болу мақсатында ав­то­­бустар реттелетін отырғызу алаңы­­мен, арнайы аппарельмен жаб­­дықталған», делінген әкімдіктің мәліметінде.

Облыс әкімі Берік Уәли өңір­де қоғам­дық көлік жүйесін жаң­ғыр­ту жұмысы кезең-кезеңі­мен жалғасатынын жеткізді. «Авто­бус­тардың барлығы заман талабына сай жабдықталған. Жолаушыларға өте қолайлы. Бұл бағыттағы жұмыс­ты жүйелі түрде жалғастырамыз. Жолаушы тасымалдаушыларға әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі», деді өңір басшысы.

Әкімдіктің мәліметінше, биыл қалаға 70-ке жуық жаңа автобус сатып алу жоспар­ланған. Қазір 46 автобус сатып алынды. Оның 14-і жылдың басында берілген. Былтыр қоғамдық көлік паркін жаңарту мақ­сатында 62 автобус сатып алынған бо­латын. Қазір Семейде 43 қалалық мар­шрутта 329 автобус жұмыс істейді. Қала тұрғындарына 5 тасымалдау-шы қыз­мет көрсетіп отыр. Алайда бұл осы салада­ғы жұ­мыс түбегейлі шешілді дегенді білдірмесе керек.

Бұл істе жергілікті өндірістің рөлі ерекше. 2025–2026 жылдардағы ресми хабарламаларда автобустардың Семейде құрастырылғаны айтылды. Демек, мәселе тек дайын көлік әке­лу­мен шектелмейді. Қалада көлік жаңарту өндіріс, жұмыс орны және инфрақұрылымдық саясатпен сабақтасып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Семейдегі автобус паркін жаңарту көлік саласындағы ғана емес, жергілікті экономиканы қолдайтын қадамдардың бірі деуге болар.

Расында, былтырдан бері жолаушылар көлігі мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Қоғам тарапынан аталған мәселе жиі көтерілді. Облыстық әкім­дік те автопарктың жаңаруына ба­сым­дық берді. Жаңа автобустарды көбейту, тасымалдаушыларға қол­дау көрсету, жаңғыртуды кезең-кезеңі­мен жалғас­тыру секілді ұстанымдар ресми деңгейде бірнеше рет айтылды.

Бұл салада ілкімді жаңалықтар қала ішінде ғана емес, облыс көле­мінде де жүргізіліп жатыр. Мәселен, Аягөзде былтыр 10 жаңа автобус беру көзделгені, алғашқы легі жеткі­зілгені, бірнеше маршрутқа шыға­рылғаны айтылды. Сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылымға қажет көліктер де назардан тыс қалған жоқ.

Әрине, саладағы шешімін күткен түйткілдер де аз емес. Кейінгі айларда тұрғындар тарапынан қоғамдық көліктің жүру аралығының ұзақтығы, кей автобустың аялдамадан тоқта­май өтуі, диспетчерлік жауаптың баяу­лығы жөнінде шағым айтылды. Бұған қоса, көлік жүргізушілердің жалақысы мен оларға орынды-орынсыз айыппұл салу, оны айлықтан ұстап қалу сынды мәселелер жиі көтеріледі. Бұл олқылықтар да кезегі келгенде түзелер деп сенеміз.

Енді бір өзекті мәселе, қаладағы 500-ден аса аялдаманың едәуір бөлі­гінің жағдайы аянышты, талапқа сай келе бермейді. Сыры түскен, бояуы оңған, атауы өш­кен, күтімі кем, кей тұста тіпті қос-қостан орна­лас­қан аял­дамалар да кездеседі. Әри­­не, қоғам­дық көлік жаңарып жа­тыр, бірақ жүйе тұтас өзгерді деуге ер­те. Автобустардың жаңаруы мәсе­­ленің бір жағы, ал қызмет сапа­сы, қозғалыс тәртібі мен аялдама инфра­құрылымы қатар көркеюді қажет етеді.

Абай облысы