• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Президент Бүгін, 07:45

Қасым-Жомарт Тоқаев: Адамзаттың барлық жетістігі – ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі

30 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында осы саладағы елеулі жетістігі мен жоғары білімді дамытуға қосқан қомақты үлесі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік марапат табыстады. Алқалы жиында Президент әр елдің ғылыми әлеуеті оның абырой-беделі мен күш-қуатының өлшемі екеніне кеңінен тоқталды.

Қолданбалы ғылымды дамыту қажет

Президент ең алдымен жиналған қауымды кәсіби мерекемен құттықтап, осы айтулы күн қарсаңында Ақордада басқосу жақсы дәстүрге айнал­ғанын атап өтті.

– Бұл – еліміздің ғалымдар қауымына деген ерекше құрметі және айрықша ықы­ла­сының көрінісі. Себебі кез келген дамы­ған, яғни озық мемлекеттің қазы­ғы – ғы­лым, ал қазынасы – ғалым. Әр ел­­дің ғы­лы­ми әлеуеті – оның абырой-беде­лі мен күш-қуатының өлшемі десек, қа­те бол­майды. Ғылымға басымдық бере­тін, ғалы­мын қадірлейтін, басқаша айт­сақ, «ғы­лым-білім бар жұрттар» ғана өр­ке­ниет­тің өріне шығады. Бұл – ақиқат. Түп­теп кел­генде, адамзаттың барлық жетістігі ғалым­дардың зияткерлік еңбегінің жемісі екені сөзсіз. Сіздер ұлт сапасын арттыруға, халықтың әл-ау­қатын жақсартуға мол үлес қо­сып келе­сіздер. Баршаңызға шынайы риза­шы­лы­ғымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев хакім Абайдың: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген сөзін мысалға келтіріп, бұл ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын тағылым екенін айтты. Бәсекеге қабілетті ел боламыз десек, ең алдымен, ғылымды дамытып, жаңа технологияны, жасанды интеллектіні меңгеруіміз қажет екенін де еске салды.

Бұдан соң Президент ғылымға көрсетіліп жатқан жүйелі қолдау шараларына тоқталды.

– Өздеріңізге мәлім, мен осы жылды Цифр­ландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладым. Ғылымға бет бұру – өсіп-өркендеуге ұмтылған әрбір елдің тарихи міндеті. Біз мұны жақсы түсінеміз. Мемлекет ғылым саласына үнемі қолдау көрсетіп келеді. Кейінгі 5 жылда осы салаға бөлінетін қар­жы көлемі 6 еседен асты. Елімізде зерттеу уни­верситеттерінің саны көбейіп жатыр. Ғы­лыми жобаларға инвес­тиция салатын бизнес өкілдеріне салық жеңілдігі берілетін болды. Алдымызда тағы бір маңызды міндет тұр. Біз жас ғалым­дар ғы­лым­мен алаңсыз айналысуы үшін қо­лай­лы жағдай жасауымыз қажет. Өйт­кені қазақ ғылымының болашағы – көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр және мақса­ты биік жастардың қолында. Талап­ты әрі талант­­ты азаматтар келешекте ұлттың шам­шы­­ра­ғына айналады. Олар Қаныш Сәтбаев сияқты алып тұлғалардың жолын жалғай­ды. Сон­дықтан жас зерттеу­шілерге қамқор бо­­луы­мыз керек. Бұл бағытта нақты бастама­лар жүзеге асырылып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазір 600-ден аса жас ғалымға баспана берілді. Бұған қоса оларға арнаулы гранттар бөлініп отыр. Жыл сайын жас зерттеушілер әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына барып, тәжірибе жинап, тағылым алып жүр. Осындай нақты шаралар алдағы уақытта да жалғасады.

– Ғылымды қолдау, ғалымдарға ел болып құрмет көрсету, бұл – ең алдымен қоғамда еңбекқорлық, білімпаздық, жасампаздық құндылықтарын орнықтыру деген сөз. Халқымыздың ойы озық болса, өскелең ұрпақтың да ғылым-білімге деген ықыласы айрықша болары анық. Зерделі әрі зияткер ұрпақ тәрбиелеу – баршаға ортақ парыз. Оған мемлекет те, ата-аналар да бірдей жауапты. Мен былтыр «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесін құру туралы тиісті заңға қол қойдым. Бұл жүйе арқылы ата-аналар баласының болашақта сапалы білім алуына қаражат жинай алады. Қазірдің өзінде 200 мыңға жуық азамат арнайы есепшот ашты. Мұны болашаққа салынған ең ұтымды инвестиция деуге болады, – деді Президент.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның әлеуетін ел игілігіне жарата білу қажеттігіне де ерекше тоқталды.

– Ғалымдарымыз ашқан жаңалықтар зертханалар аясында қалып қоймауы керек. Нақты нәтиже беретін, өндіріске енгізуге болатын жобаларды жүзеге асыру қажет. Бір сөзбен, ғылым экономика мен қоғамның сұранысына сай болуға тиіс. Бұл мақсат Үкіметтің ұдайы назарында болуы керек, себебі осы міндеттің еліміз үшін мән-мағынасы ерекше. Сонымен қатар бұл – әлемдегі ең үздік компаниялардың берік ұстанымы, бұлжымас қағидасы. Жаһандық деңгейдегі ірі технологиялық корпорациялар бірінші кезекте білім мен ғылымға басымдық береді, ғылыми жаңалықтарды өндіріске жедел енгізеді. Таланттарды қызметке тарту жағынан да бұл компаниялар көш бастап тұр. Адам капиталы олардың негізгі күш-қуаты саналады. Технология мен инновация – дамудың ең басты әрі баламасыз шарты. Мұны ХХІ ғасырдың үздік компаниялары дәлелдеп отыр, – деп Президент халық­аралық озық тәжірибені мысалға келтірді.

Осы орайда Мемлекет басшысы еліміз үшін де қолданбалы ғылымды дамыту аса маңызды міндет екенін айтты. Өйткені қазір осы бағыттағы жобалардың саны көбейді.

– Бұл – өте жақсы үрдіс. Әсіресе уни­вер­си­теттердің технологиялық даму ор­талығы ретінде қалыптасып жатқа­нын атап өту қажет. Мысалы, былтыр University Medical Center мекемесіне қарасты Жүрек орталығының дәрігерлері ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) деп аталатын инновациялық медициналық құрылғы ойлап тапты. Мұны өткен жылдың ең айтулы ғылыми жаңалығы деп айтуға болады. Осы құрылғы донорлық ағзалардың өміршеңдігін 24 сағаттан аса уақыт сақтауға мүмкіндік береді. Мұндай бірегей жаңалықтар қазақ ғылымының әлеуеті, жалпы еліміздің даму деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Дегенмен ғылым саласында шешілмеген түйткілдер де аз емес. Мен наурыз айында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болғанымды білесіздер. Сол жерде ғалымдармен арнайы кездесіп, біраз мәсе­леге тоқталдым. Әсіресе ғылымды қаржы­ландыру жұмысын ретке келтіріп, қатаң бақылауға алу қажеттігі туралы айттым. Басты мақсат қаржыны игеру емес, қоғамға пайдасы тиетін жобаларды жүзеге асыру болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент соның ішінде білікті инже­нерлік-техникалық кадрларды даяр­лауға баса назар аударған жөн деген пікірін айтты. Бұл ретте негізгі жауапкершілік жоғары оқу орындарына жүктеледі.

– Ұлттың зияткерлік қуаты дәл осы білім ордаларында қалыптасады. Универ­ситеттер өз миссиясын адал атқарса, білікті мамандар мен кәсіби кадрлардың қатары арта түсері сөзсіз. Бұған қоса ғылым қалашықтарына және қарқынды дамитын қалаларға жаңа технология енгізуді жолға қоюымыз керек. Қазір Курчатов қаласына ғылым қалашығы мәртебесін беру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Инвесторларды осындай даму орталықтарына қаржы салуға ынталандыру қажет. Бұл да – Үкіметтің өзекті міндеттерінің бірі. Тоқетерін айтсақ, алда атқаратын шаруа көп. Ширақ қимылдап, тиянақты жұмыс істеуіміз керек. Ғылым саласындағы күрделі мәселелерді мемлекет пен ғылыми қауымдастық күш жұмылдырып, бірлесе шешеді деп ойлаймын, – деп Мемлекет басшысы Үкіметке сенім білдірді. 

Құрылтай сайлауы тамызда өтеді

Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заңымыздың преамбуласында алғаш рет мәдениет, білім, ғылым және инновация құндылықтары нақты бағдар ретінде белгіленгенін атап өтті.

– Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда 15 нау­рыз күні тарихи мәні зор референдум өтті. Азаматтардың басым бөлігінің қол­дауымен мемлекетіміздің іргесін нығай­татын, елді барлық салада, соның ішінд­е ғылымда орнықты даму траекториясы­на шыға­ра­тын жаңа Конституция қабыл­данды. Ата заңымыздың преамбуласында алғаш рет мәдениет, білім беру, ғылым және инновация құндылықтары нақты бағдар ретінде белгіленді. Яғни атал­ған салаларды жан-жақты қолдауға стра­тегиялық маңыз берілді. Ең басты­сы, бұл бағыттарды дамыту мемлекет­тің конс­титу­циялық міндетіне айналды. Орайлы сәт­ті пайдалана отырып, Конституцияны әзір­леуге және қабылдауға айтарлықтай үлес қосқан барша ғылыми-академиялық қауым­дастыққа ризашылығымды білдіре­мін, – деп Президент алғысын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлім­деуінше, өтпелі ережелерге сай, жаңа Ата заң 2026 жылдың 1 шілдесінен бас­тап күшіне енеді. Сол уақытқа дейін негізгі заңдардың барлығы Конституция нормаларына сәйкестендірілуге тиіс. Қазір Парламент осы бағытта ауқымды заң шығару жұмысына кіріскенін айтқан Мемлекет басшысы депутаттардың заң жобаларын мұқият әрі жедел қарастыратынына сенім артты.

– Мемлекет басшысы ретінде еліміз үшін елеулі оқиғалар туралы алдын ала ақпарат беру өте маңызды деп санаймын. Конституция күшіне енген сәттен бастап бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қоямын. Сайлау биыл тамыз айында өтеді. Мұны әдейі ерте айтып отырмын. Өйткені партиялардың жоспарларын айқындап, сайлау науқанына дайындық жүргізуіне жеткілікті уақыты болуы керек. Осылайша, партиялардың сайлаушылармен тиісті жұмыс жүргізуіне бес айға жуық уақыт беріледі. Құрылтай сайлауы Қазақстанның бүкіл саяси жүйесін жаппай «қайта құруға» жол ашады. Бұл ретте біз жүзеге асырып жатқан саяси және экономикалық реформалар қоғамдық сананың оң сипатта өзгеруіне әсер етуге тиіс. Мен мұның маңызы жөнінде бірнеше рет айттым, – деді Президент.

Осы тұста Мемлекет басшысы бұл күрделі үдерісте ғалымдар ерекше рөл атқаратынын, өйткені олар өркениет құндылықтарын дәріптеп, санаткерлік және моральдық қасиеттерімен көпке үлгі көрсететінін алға тартты.

– Нағыз ғалымдар ескілік пен қараң­ғылыққа қарсы күрестің алғы шебінен табылып, ағартушылық пен білім жолында әрдайым топ бастаған. Әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби дөп басып айтқандай, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан гуманизм, әділдік, жауапкершілік құндылықтары салтанат құрып, өскелең ұрпақты адамгершілікке және заңды құрметтеуге тәрбиелегенде ғана шынайы өркендеуге бет аламыз. Біздің қоғам жақсы мен жаман туралы деструктивті түсініктердің жетегіне ермеуге тиіс, төл болмысымызға жат дүниетанымға көзсіз сенбеуі қажет. Оның салдары ауыр болады. Ынтымақ-бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың іргесін шайқап, әлеуметтік және ұлтаралық алауыздықты қоздырғысы келетіндердің әрекетіне заң жүзінде қатаң тосқауыл қойылады. Конституцияда жазылғандай, елімізде заң мен тәртіп үстемдік құруы керек. Ғалымдарымыз үнсіз қалмай, қоғамда, әсіресе, жастар арасында жауапкершілік пен тәртіп қағидаттарын дәріптеуі қажет деп санаймын. Құқықтық нигилизмге жол жоқ. Біздің таңдауымыз – заңға бағынатын парасатты қоғам, – деп Президент ғалымдарды қоғам өміріне үлесін қосуға шақырды.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқу үрдісі ұлттың озық қасиетіне айналғаны жөн екеніне тоқталды.

– Жақында АҚШ соттарының бірі шығарған шешімге сәйкес, кейбір интернет-платформалардың алгоритмі балаларға зиян келтіріп, психологиялық тұрғыдан тәуелді ететіні мойындалды. Біз бұдан сабақ алуға тиіспіз. Сондықтан ұрпақ тәрбиесін әлеуметтік желілер мен видеосервистердің бодауына беріп қоюға болмайды. Бұл – қосымша зерттеуді қажет етпейтін факт. Отбасы институты мен білім беру жүйесін нығайту, шын мәнінде, балаларды кітап оқуға баулумен тығыз байланысты. Жалпы, осылай болуы қажет. Қанша жерден пессимистік пікірлер айтылса да, кітап білім бұлағы әрі тәлімгер ретінде маңызын жоя қойған жоқ. Кітап оқыған сайын танымың тереңдейді. Кітап ақыл-ойды шыңдап, дүниетанымыңды кеңейтетіні, адамдардың өз қарым-қабілетіне деген сенімін күшейтетіні белгілі, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда еліміз Ұлттық кітап күнін екінші рет атап өтетінін айтты. Президенттің пікірінше, жұртшылықтың қолдауына ие болған бұл бастама отандық бас­па саласының жұмысын жүйелеп, шетелдік авторлардың өзекті, пайдалы көркем шығармаларының аударылуына түрткі болуға тиіс. Кітап оқу үрдісі төл дүниетанымымыздың ажырамас бөлігіне, ұлттың озық қасиетіне айналғаны жөн. Ғалымдар салмақты үлес қосуға міндетті.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев заң мен тәртіп идеологиясы күнделікті өмірдің барлық саласында қатаң сақталуға тиіс екенін айтты.

– Мына бір аса маңызды мәселені қайта атап өткім келеді: біз қоғамда заң үстемдігі қағидатын, яғни заңға бағыну мәдениетін түбегейлі орнықтыруымыз қажет. Заң мен тәртіп идеологиясы күнделікті өмірдің барлық саласында қатаң сақталуға тиіс: қоғамдық орындағы жүріс-тұрыс мәдениетінен, оның ішінде жиын-тойлардан, тұрмыстық мәдениеттен бастап, жолда көлік жүргізу мәдениетіне дейін осы мызғымас қағидатқа сай болуы керек. Мен бұған дейін де өз сөздерімде жол қауіпсіздігі мәселесіне арнайы тоқталдым. Өкінішке қарай Қазақстанда жыл сайын көлік апатының кесірінен, соның ішінде көп жағдайда жол қозғалысы ережесін өрескел бұзудың салдарынан мыңдаған адам көз жұмады. Бұған жол беруге болмайды, – деді Президент.

Бұл мәселенің өзектілігін атап өткен Мемлекет басшысы: «Бұрын елімізде көлік апатының көптігіне жолдың нашарлығын желеу қылатын. Кейінгі бірнеше жылда барлық өңірдегі жол инфрақұрылымы ауқымды түрде жаңғыртылып жатыр. Бірақ қайғылы оқиға азаймай тұр. Демек бұл жағдайға Үкімет пен қоғам жіті назар аударуы керек. Ал азаматтар бекітілген ережелердің бәрін мүлтіксіз сақтайтын көлік жүргізу мәде­ниетін қалыптастырған дұрыс. Полицей­лермен тәжікелесу, тіпті оларға шабуыл жасау фактілерін тыю қажет. Мұндай жағдайларға, сондай-ақ құқықтық нигилизм дертіне шалдыққан адамдарды, басқаша айтқанда, сотқарлар мен бұзақыларды «қаһарман» жасауға заң ая­сында қатаң шара қолдану керек. Біз өр­кениетті ұлт болғымыз келсе, поли­цейлердің, дәрігерлердің, мұғалімдер мен қызмет көрсету саласы мамандарының, жалпы, адал әрі заңға бағынатын азамат­тардың ар-намысына тиетін кез келген әрекетке батыл түрде тосқауыл қоюымыз қажет», – деді.

Мемлекеттік марапаттар тізімінде – «Әл-Фараби» ордені

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда таза­лықты сақтау, қоршаған ортаны қорғау мәде­ниетін орнықтыру мәселесіне де ерекше тоқталды. Осы орайда Президент «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын айрықша атады.

– Бұл бастама қала мен ауылды абаттандыру жұмысымен шектелмейді. Оның түпкі мәні – қоғамдық сананы жаңғырту. Сол арқылы азаматтарымызды қастерлі Отанымыз – Қазақстанның тағдырына бейжай қарамай, болашақтың іргесін бірге қалауға шақыру. Жауапкершілік, әділдік, өзара құрмет бар жерде ғана өсіп-өркендеуге, дамуға жол ашылады. Бұл – өркениетті мемлекеттер мен халықтардың барлығына ортақ ұстаным. Осы құндылықтар жаңа Халық Конституциясына арқау болып отыр. Біз дамудың даңғыл жолына түсіп, жаһандық бәсекеге қабілетті елге айналдық. Нақты жетістіктеріміз бар. Бұл – ең алдымен, сапалы адам капиталы, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев соңына сарқылмас рухани қазына қалдырған Әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Абай сынды ғұламаларымызды ұлықтау мәселесіне де айрықша тоқталды.

– Олардың еңбектері әлемдік ақыл-ойдың алтын қорына кіреді. Данышпан бабаларымыздың баға жетпес туындыларын заман талабына сай кәдеге жарата білуіміз керек. Ойшылдарымыз бен ғалымдарымыздың мұрасын терең танып, кеңінен дәріптеп, барынша дамытқан жөн. Ұлы тұлғаларды ұлықтау жұмысына тың серпін беру аса маңызды. Түркістан төрінде «Қожа Ахмет Ясауи» ордені туралы көтерген бастаманың мәні де – осында. Сондай-ақ былтыр Ясауи ілімін зерделеуге арналған халықаралық симпозиум өтті. Жалпы, бәріміз әйгілі Қожа Ахмет Ясауиді бірегей ғұлама ғалым әрі өрке­ниеттанушы ретінде еліміздің әрбір айма­ғында және шетелде де кеңінен дәріп­теуіміз керек. Сонымен қатар оның құн­дылығы аса зор бай мұрасын өзіміз де барлық тұрғыдан жан-жақты зерттеуіміз қажет. Осы өнегелі дәстүр биыл Әл-Фараби форумына ұласады. Мұндай тағылымы мол, ғылыми мәні зор басқосулар жыл сайын өткізіліп тұрады, – деді Президент.

Салтанатты жиында Мемлекет басшысы тағы бір жақсы жаңалықты жария­лады.

– Қазақ даласы көптеген кемеңгер тұлғалардың мекені болғанын білесіздер. Соның ішінде әлемге әйгілі ойшыл Әл-Фарабидің орны ерекше. Оның мұрасы – бүкіл адамзаттың асыл қазынасы, өркениет ойының шыңы. Осыған орай, мен жоғары мемлекеттік марапаттар тізіміне арнайы «Әл-Фараби» орденін енгізу қажет деп санаймын. Бұл марапат білім мен ғылым, мәдениет пен руханият саласында зор табысқа жеткен азаматтарға беріледі. «Мейірім», «Қожа Ахмет Ясауи», «Әл-Фараби» ордендері биыл алғаш рет Республика күні қарсаңында тапсырылады. Біз жасампаз ұлт ретінде алдымызға биік мақсат қоямыз. Бірлігімізді бекемдеп, біртұтас халық болып жарқын болашаққа нық қадам басамыз. Қасиетті Отанымыз – Қазақстанды білім-ғылымның, ойлы ортаның және саналы жастардың күшімен түбегейлі жаңғыртамыз. Келер ұрпаққа Өркениетті, Қуатты әрі Әділетті мемлекетті аманат етіп қалдырамыз. Бұл – біздің ұлттық парызымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент осы тарихи жолда ғалымдардың орасан зор әлеуетіне сенім артатынымызды жеткізді. Себебі ғылым өркендесе, бүкіл еліміз дамиды, шексіз мүмкіндіктерге жол ашылмақ.

– Ғалымның әрбір жаңалығы тұтас ұлттың мерейін асырады. Сіздер қашанда ел мүддесіне қызмет ете бересіздер деп сенемін. Мемлекет өздеріңізді әрдайым қолдайды. Мен кәсіби мереке қарсаңында ғылым саласында зор жетістікке жеткен және жоғары білімді дамытуға елеулі үлес қосқан ғалымдарды марапаттау туралы шешім қабылдап, тиісті Жарлыққа қол қойдым. Сонымен қатар жас ғалымдарға пәтер кілтін табыстадым. Бәрі де құтты болсын! Берекелі болсын, – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.

Марапаттау рәсімінде Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің зертхана жетекшісі Сәрсенбек Монтаев, Генетика және физиология институтының қауым­дастырылған профессоры Анастасия Перфильева, Ядролық физика институты Астана филиалының аға ғылыми қызметкері Әлішер Мүтәлі сөз сөйледі.

Соңғы жаңалықтар