• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 08:20

ЖИ-мен жазылған диплом

20 рет
көрсетілді

Диплом жұмысы – студенттің алған білімінің негізгі көрсеткіші, ғылым әлеміне бастайтын алғашқы баспалдағы. Алайда жыл сайын осы бір еңбектің сапасынан гөрі саны ғана артатыны өтірік емес. Жасанды интеллект технологиялары дамыған сайын кітап ақтарып, дерек іздеп диплом жазу тіптен қалды. Бұған тредс әлеуметтік желісіндегі жазбалар да дәлел. Онда студенттер «ғылымға қалай үлес қосам» деп емес, «ЖИ жазған жұмысты қайтіп антиплагиаттан өткізем» деп кеңес сұрап жүр. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек болса, академиялық еңбекті жазуға нейрожеліні қолдануға рұқсат беріледі деп мәлімдеді. Енді жасанды интеллект ой еңбегіне де ортақтаса ма, әлем елдері қалай әрекет етіп жатыр зерттеп көрдік.

Бұрынғы студент пен бү­гінгі студент мүлде ұқса­майды. Өйткені жаңа тех­нологиялар білім жүйесін өте жылдам өзгертіп жіберді. Қазір білім алушының жұмысын жеңіл­дететін жүйелер жетерлік. Солар­дың алдыңғы шебінде тұр­ған 2022 жылдың аяғында пайда бол­ған «ChatGPT». Осы секілді бағдар­ламалар аз уақыттың ішінде оқу барысына жиі қолданыла бастады. Осыдан соң академиялық ортада адалдық мәселесі күрделене түсті. Себебі студент өзі жазбаған дайын мә­тінді ұсына салады. Сырт­тай қа­рағанда жұмыс талапқа сай. Бірақ оның артында ізденіс жоқ. Сон­дықтан сарапшылар адамның сыни ойлау қабілеті жоғалып, сауат­­сыздық дендейді деген қор­қы­­ныш бар деп отыр. Яғни мәселе технологияда емес, оны қолдану мәдениетінде.

Министр мәлімдемесінде дәл осы академиялық адалдықты бұз­бауға қатысты талаптар барын айтты. «Біз бір жыл ішінде ғылы­ми білім беру саласындағы құжат­тар мен ережелерге бірқатар өзге­ріс енгіздік. Соған сәйкес, жасанды интеллект алгоритмдерін қол­дануға рұқсат берілді, алайда бұл үдеріс қатаң шектеулермен рет­те­леді. Атап айтқанда, кез келген студенттік, ғылыми немесе диссер­тация жұмысында жасанды интел­лект қолданылған жағдайда, оның қай бөлімде және қандай мақ­сатта пайдаланылғаны міндетті түрде көрсетілуге тиіс. Сондай-ақ қолданылған құралдың атауы мен алынған ақпараттың қайнар көзі нақты белгіленуі қажет. Яғни автор өз жұмысында жасанды ин­теллектіні қолданғанын ашық көрсетуге міндетті. Сонымен қатар ғылыми жұмыстың қорытынды бөлімінде ЖИ алгоритмдерін қол­дануға тыйым салынады. Себебі қорытынды – автордың жеке ғылы­ми тұжырымы мен дербес ойының нәтижесі болуға тиіс. Бұл талаптар барлық деңгейдегі жұмыстарға қатысты. Студенттік тапсырмаларға, ғылыми зерттеулерге және диссер­тациялық еңбектерге бірдей қол­данылады», деді Саясат Нұрбек.

Зерттеулер көрсеткендей, ға­лым­дар жасанды интеллектіні пай­да­лануға тыйым салудың орнына, оны белгілі бір тапсырмаларда қол­дануға рұқсат беруге көшіп жатыр. Калифорния университетінің зерттеушісі Игорь Чириков кейінгі бес жылдағы оқу бағдарламаларын зерттеген екен. Оның нәтижесіне қарағанда, қазір «ChatGPT» шық­қаннан кейін енгізілген қатаң шектеулер біртіндеп жеңілдей бастаған. Бұл өзгеріс өнер мен гуманитарлық бағыттан басқа салалардың бәрінде байқалған. Зерттеу барысында 2021–2025 жылдар аралығындағы 31 мыңнан астам оқу бағдарламасы арнайы жасанды интеллект арқы­лы талданған. Нәтижесінде, 2025 жылға қарай университеттер жасанды интеллектіні қолдануға бейім­деле бастаған. 2023 жылы оқу материалдарының 63 пайызында академиялық адалдық мәселесі бас­ты тақырып болған. Ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 49 пайызға дейін төмендеген.

Мәселен, «Harvard Graduate School of Education» (HGSE) жасанды интеллектіні толық шектемейді, бірақ оны қолдануға нақты талаптар қойып отыр. 2024–2025 оқу жылында бекітілген университет саясатына сәйкес, генеративті жасанды интеллект құралдарын, соның ішінде «ChatGPT» жүйесін, идея қалыптастыру, күрделі ұғым­дарды түсіну және ойды нақты­лау мақсатында қолдануға рұқ­сат етіледі. Алайда жасанды интеллек­тіге мәтінді толық жаздырып, оны өз еңбегі ретінде ұсыну академиялық адалдықты бұзу болып есептеледі.

«HGSE генеративті жасанды ин­теллект құралдарымен жауап­кер­­шілікпен тәжірибе жасау­ды қол­­дайды, алайда оларды қолда­ну ба­ры­сында ескерілуге тиіс маңыз­ды жайт­­тар бар. Олардың қата­рын­­да ақпараттық қауіпсіздік пен дерек­­тердің құпиялылығы, автор­лық құ­қық мәселелері, алынатын кон­­тенттің сенімділігі және акаде­мия­лық адалдық талаптары бар. Со­ны­­мен қатар генеративті ЖИ-ді өз оқу үдерісіңізде пайдаланудың сал­дары белгілі. Кейбір тапсырмалар­ды технология арқылы орындап, жұ­мысыңызды жеңілдетуге болатын сияқты көрінуі мүмкін, алайда ойлау мен жазуды қысқарту сізді HGSE-де алуға тиіс білімнен айырады. Ең дұрысы генеративті ЖИ – әр­дайым көмектесетін кеңесші не­месе ой қосатын серіктес бола ала­ды, бірақ жүйе сіздің орныңызға ког­нитивті жұмысты атқармауға тиіс. Әйтпесе, оқу деңгейіңіз айтар­лық­тай төмендейді», делінген ережеде.

Одан бөлек, «Harvard» оқу материалдарын жасанды интел­лек­тіге жүктеуге, лекцияларды жазып таратуға және курс контентін сыртқа шығаруға қатаң шектеу қойып отыр. Тек арнайы қорғалған жүйе­лер арқылы ғана рұқсат беріледі.

Тағы бір маңызды нәрсе – соңғы шешімді оқытушы қабылдайды. Әр пәннің өз ережесі болуы мүмкін. Жалпы, «HGSE» ЖИ білім беруді өзгерткенімен, білімнің өзегі өзгер­мейді, ойлау, талдау, жазу – бәрібір адамның өз еңбегімен қалыптасуға тиіс деген ұстанымда.

АҚШ-тағы тағы бір жетекші оқу орны – «Massachusetts Institute of Technology» жасанды интеллектіні қолдануда ашықтық қағидасын ұстанады. Университет саясатына сәйкес, генеративті жасанды интеллект құралдары пайдаланылған зерттеу жұмыстарында оның қол­да­нылу сипаты міндетті түрде көрсе­тілуге тиіс. Әсіресе жасанды ин­теллект көмегімен алынған нәтиже­лерге негізделген зерттеулер тиісті түсіндірмесіз жарияланбауы қажет.

Ал «University of Sydney» тәжі­рибесінде жасанды интеллектіні қолдану нақты регламенттер арқы­лы жүзеге асырылады. Егер оқыту­шы рұқсат берген жағдайда, студент өз жұмысында жасанды интел­лектіні қолданғанын арнайы мәлім­деме арқылы көрсетеді. Онда қол­данылған құралдың атауы, нұсқасы, әзірлеушісі, сілтемесі және қолдану мақсаты сипатталады.

Сонымен қатар «Sydney» уни­верситетінде академиялық адал­дықты бақылау мақсатында арнайы технологиялар қолданылады. Мәсе­лен, «Turnitin» жүйесінде жасанды интеллект арқылы жазылған мәтінді анықтайтын құрал енгізіл­ген. Мұндай жүйелер күмән туында­ған жағдайда қосымша тексеру жүргізуге мүмкіндік береді. Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі бізде де ЖИ жазған мәтінді анықтайтын жүйелер енгізілетінін мәлімдеген болатын.

М.Ф.Решетнёв атындағы Сібір мемлекеттік университетінің доценті Алексей Михайлов бұл мәселеде студенттің жауапкершілігі маңызды екенін айтады. «Білім алушы өзінің жеке жауапкершілігін сезінуге тиіс. Яғни ол тек нәтижеге ғана емес, сол нәтижеге қалай жеткеніне де жауап береді. Соның ішінде жасанды интеллектіге қандай тапсырма бергеніне, оған қандай деңгейде бақылау жасағанына, өзге біреудің интеллектуалдық еңбегін қалай пайдаланғанына жауапты. Бұл – академиялық адалдықтың негізгі шарты. Студент ең алдымен «қай жерге дейін рұқсат, қай жерден бас­тап шектеу бар» деген шекараны нақты түсінуі керек», дейді ғалым.

Жалпы алғанда, әлемдік тәжіри­бе жасанды интеллектіні шектеуді емес, реттеу бағытын таңдап отыр. Еліміздің ұстанымы да осы үрдіспен үндеседі.

Соңғы жаңалықтар