Елімізде психологтердің қызметін реттейтін дербес заң қабылданбақ. Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен отырыста депутаттар «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға түзетулер енгізді.
Кез келген адам психолог бола алмайды
«Психологиялық қызметтер нарығы әлі күнге дейін реттелмеген күйде қалып отыр. Бүгінде тиісті білімі жоқ, біліктілігі расталмаған, клиент алдында ешқандай жауапкершілік алмайтындар өзін психологпін деп жүр. Ал бұл нақты адамдардың тағдырына әсер етіп жатыр. Сапасыз кеңес адамның жағдайын нашарлатып, жалпы жүйеге деген сенімнің төмендеуіне әкеледі. Психологиялық көмек – жалпы адамның осал күйімен жұмыс істеу деген сөз. Сондықтан бұл сала құқықтық реттеуден тыс қалмауға тиіс», деді «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасы жөнінде баяндама жасаған депутат Айна Мысырәлімова.
Сонымен қатар Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, заңға психологтердің кім екені, кім психологиялық жұмыспен айналыса алатыны туралы нақты ережелер алғаш рет енгізіліп отыр.
«Заңның мақсаты – психолог мамандарға нақты талап қою. Әлеуметтік желіні аша қалсақ, әрқайсысы сарапшы, психолог. Осы тұста психолог пен психиатрдың аражігін ажыратып алуымыз керек. Одан соң ішкі мұңын айтып барған адамның құпия ақпараты жұртшылыққа тарап жататын жағдайлар өте көп. Өйткені заңда кәсіби құпиялылық туралы норма болған жоқ, қазір осыны енгізіп жатырмыз. Егер психологтер адамдардың құпия айтқан ақпаратын сақтамай, таратып жіберетін болса, айыппұл салумен қатар, Қылмыстық кодекс бойынша да жауапқа тартылады», деді А.Аймағамбетов.
Осылайша, Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдаған «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасында «психолог», «психологиялық қызмет», «ақпараттандырылған келісім», «психологиялық көмектің сапасы», «кәсіби құпиялылық» сияқты ұғымдарға түсініктеме берілді. Негізі бұл құжат Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында әзірленіп, саладағы құқықтық базаны қалыптастырып, психологиялық көмектің қолжетімділігі, сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар психолог қабылдауына келген адамдарға психиатр маманның ғана рұқсаты бар медициналық препараттарды тағайындауға құқығы жоқ. Яғни медициналық қызметті жүзеге асырып, дәрілік ем тағайындауға тыйым салынады. Психолог халықтың өмір сүру сапасы мен психологиялық жағдайын жақсартуға ғана үлесін қосу қажет. Осы орайда заң жобасында заңдылық, еріктілік, құпиялылық, кәсіби құзыреттілік, ғылыми негізділік, зиян келтіруге жол бермеу қағидаттары белгіленген. Мемлекеттік реттеу мәселелеріне жеке бөлім арналған. Заң жобасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің психологтердің біліктілігін тану, мемлекеттік тізілімді жүргізу жөніндегі өкілеттіктерін айқындайды. Құжатты талқылау барысында депутаттар аталған тізілімді электрондық форматта жүргізу тәртібін нақтылап, тіркелуге жататын психологтер санаттарын белгіледі. Мәліметтер ашық болып, олар уәкілетті органның интернет ресурсында орналастырылады.
Психологтер мемлекеттік тізілімге тіркелуге міндетті. Мақұлданған заң жобасында психологтердің біліміне, қайта даярлауға, біліктілігін растауға қойылатын талаптар белгіленеді. Сондай-ақ кәсіби даярлық пен қайта даярлау талаптары жүйеленіп, психологтер кемінде бес жылда бір рет біліктіліктерін арттыруға міндетті. Заң жобасында психологтердің құзыреттері мен қызмет мазмұнына қойылатын талаптарды айқындайтын кәсіби стандартқа қатысты нормалар да енгізілген. Бұдан бөлек, заң жобасында психологтердің құқықтары мен міндеттері бекітіледі. Олар этикалық нормаларды сақтауға, ақпараттандырылған келісім алуға, құпиялылықты қамтамасыз етуге, кәсіби құпияны сақтау және клиенттің келісімінсіз ақпаратты үшінші тұлғаларға бермеуге міндетті.
Құжатта психологиялық көмек алушылардың құқықтары да айқындалған. Атап айтқанда, олар маманды таңдауға, толық ақпарат алуға, көмектен бас тартуға, өз құқықтарын қорғауға құқылы. Бұдан бөлек, психологиялық қызмет туралы жалған ақпарат таратуға, қызмет нәтижесіне кепілдік берілетінін мәлімдеуге жол берілмейді.
Сондай-ақ А.Аймағамбетов қазір коучтар көбіне өздерін психолог маман ретінде атап жүргенін айтты. Бұларға да заң талабы қатаң болмақ.
«Енді арнайы білімі жоқ, реестрде тіркелмеген, қызметі арнайы талаптарға сәйкес келмейтін азаматтар өздерін психологпін деп айта алмайды, қызмет ұсына алмайды. Мұндай азаматтар коуч, энерго-практик бола алады, алайда оларға да кәсіби стандарт әзірленді. Маңыздысы коуч психологтердің жұмысын жүргізе алмайды. Өйткені оларда терең күйзелісте жүрген азаматтармен жұмыс істеу дағдылары жоқ. Коуч деген негізі мүлдем басқа», деп түсіндірді депутат.
Отырыста депутат Нұргүл Таудың қойған сұрағына жауап берген Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұловтың мәліметіне сәйкес, қазір елімізде психолог мамандарын 42 ЖОО даярлайды. Онда бакалавриат, магистратура, докторантураны қосқанда 17 мың студент білім алып жатыр. Жыл сайын шамамен 3,5-4 мың студент осы бағыт бойынша оқуын аяқтайды. Олардың жұмысқа орналасу көрсеткіші – 73-76 пайыз шамасында.
Басты орында – адамның өмірі мен амандығы
Елімізде шамамен үш сағаттың ішінде кемінде 15 адамды ит қабады екен. Ал орташа есеппен бір сағатта бес адам иттердің шабуылына ұшырап, таланады. Мұндай деректі жалпы отырыста «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған Мәжілістегі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин баяндамасында келтірді.
«Біз бүгін жай ғана жануарлар туралы заң қарап отырған жоқпыз. Біз адам қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіп, мемлекеттің жауапкершілігі, ең бастысы – адам өмірі мен денсаулығын қорғау туралы мәселені қарап отырмыз. Өңірлерде тұрғындармен кездескенде ел бұралқы иттердің мәселесін шешуді бізге аманаттады», деді Е.Жаңбыршин.
Баяндамада келтірілген жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, кейінгі бір жылдың ішінде 41 366 адамды ит қауыпты. Соның ішінде 23 134 адам бұралқы иттердің шабуылынан зардап шеккен. Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылы ит шабуылының 38 848 жағдайы тіркелсе, оның 24 410-ы – бұралқы иттердің шабуылы.
Депутат Е.Жаңбыршин иттердің азаймағанын, бұл түйткілдің әлі де жүйелі, өткір, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті мәселе болып отырғанын атап өтті.
«Бұл цифрлардың артында жай ғана есеп емес, нақты адамдардың тағдыры тұр. Оның артында балалардың жарақаты, азаматтардың қорқынышы, психологиялық күйзеліс, мүгедектікке алып келген жағдайлар, ал кейде адам өлімі тұр», деген баяндамашы осы көкейкесті мәселеге қатысты бірнеше мысал келтірді.
Мәселен, Өскеменде қаңғыбас иттер 11 жастағы баланы қауып алған. Осындай жағдайлар Оралда, Көкшетауда, Жалпақсай ауылында, Қосшыда да болды. Ал 2022 жылы Ақтөбе облысында бұралқы иттердің шабуылынан бала қаза тапты.
«Осындай әрбір қайғылы оқиғадан кейін қоғам мемлекетке өте орынды сұрақ қояды: адамдардың қауіпсіздігіне, бұралқы иттерге, жүйенің әрекетсіздігіне кім жауап береді? Егер мемлекет осы сұраққа нақты жауап бере алмаса, онда мәселе тек иттерде емес. Мәселе – құқықтық және басқарушылық вакуумда. 2023 жылдың 19 сәуірінде Мемлекет басшысы өте нақты ұстаным білдірді: «Біз жануарларға жанашырлықпен қарауға міндеттіміз, алайда азаматтардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігі мемлекеттің сөзсіз басымдығы болуға тиіс». Міне, дәл осы ұстаным осы заң жобасын қараудағы негізгі саяси әрі конституциялық өлшем болуға тиіс», деп сөзін толықтырды Е.Жаңбыршин.
Бұл заңның еліміз, қоғам үшін маңыздылығын депутат Ата заңның басты логикасымен байланыстырды.
«Біз заң шығарушы ретінде бір нәрсені анық айтуымыз керек: мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Бұл – эмоция емес. Бұл – Конституциямыздың тікелей логикасы», деді ол.
Баяндамашының сөзіне сүйенсек, қолданыстағы заңға заманауи, гуманистік, өркениетті деп ұсынылған тәсілдер – қаңғыбас жануарлар санын реттеудегі аулау, стерилизациялау, вакцинациялау, қайтадан сол ортаға қайтару сынды негізгі тетіктер елдегі бұралқы иттердің санын азайта алмапты. Айталық, 2022 жылы 243 574 қаңғыбас жануар ауланса, биылғы 1 қаңтардағы жағдайдың көрсеткіші 276 282-ге жеткен. Яғни азаймақ түгілі, көбейіп кеткен. Демек, қолданыстағы модель оны енгізудің басты мақсатын орындай алмағаны деген сөз.
«Егер тетік қараусыз жануарлардың санын азайтпаса, адамдарға шабуыл санын төмендетпесе, азаматтар үшін қауіп-қатерді азайтпаса, онда ол тетік қажетті деңгейде жұмыс істемейді», деді Е.Жаңбыршин.
Осы заңға бастамашы болған депутаттар бұл мәселе бойынша ішкі жағдайды ғана емес, халықаралық құқықтық және практикалық тәжірибені де зерттепті. Баяндамашының айтуынша, әлемде иесіз жануарлар санын реттеудің негізінен екі моделі бар: біріншісі – қайтарымды аулау, екіншісі – қайтарымсыз аулау.
Осының ішіндегі қайтарымды аулау тәсіліне жүгінген Түркия мен Үндістанда ел болып күткен нәтижеге қол жеткізе алмай, бұрынғы тәсілден бас тартып, қайтарымсыз аулау моделіне көшуге мәжбүр болыпты.
Жалпы, жаңа заң жобасына сүйенсек ауланған иесіз иттерді ұстау мерзімі өзгереді. Яғни ауланған жануарларды ұстау мерзімі енгізіледі. Бастапқыда бұралқы жануарларға 15 күн мерзім ұсынылған еді. Алайда заң жобасын талқылау барысында ең төменгі уақытша ұстау мерзімі – кемінде 5 күн деген шешім қабылданды, сонымен қатар мәслихаттарға бұл мерзімді ұзарту құқығы беріледі. Ал иесі болуы мүмкін қараусыз жануарларға 60 күндік мерзім көзделіп отыр.
Сондай-ақ иттер мен мысықтарды міндетті чиптеу енгізіледі. Жергілікті атқарушы органдардың рөлі күшейтіледі. Заң жобасымен республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына: жануарлардың агрессиясын дереу тоқтатуға бағытталған шұғыл әрекет ету шараларын ұйымдастыру құзыреті беріледі. Одан бөлек, жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту нормалары ұсынылған.
Мемлекеттік қызметшілер «Е-қызметпен» іріктеледі
Бұған қоса, Мәжіліс екінші оқылымда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңды жаңа редакцияда, ілеспе түзетулермен қабылдады. Құжаттар Мемлекет басшысының мемлекеттік қызмет жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленді.
Енді мемлекеттік қызметке түсуге дайындық институты енгізіледі. HR-процестері цифрландырылып, үміткерлер толығымен цифрлық форматта «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы іріктеледі. Жаңарған Заңда мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттырып, білікті кадрларды тартуға, оларды ұстап қалуға бағытталған нормалар көзделген. Осылайша, үш жылда кемінде бір рет жалақыны индекстеу тетігі белгіленеді. Үстеме жұмыс уақытында, демалыс және мереке күндері жұмыс істегені үшін өтемақы төленіп, жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік алады. Жұмыс уақытының режімі де реттеледі. Атап айтқанда, қалыпты жұмыс ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауы керек, ал кей санаттағы қызметшілердің жұмыс уақыты қысқарады.
Сондай-ақ елімізде қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау күшейтіледі. Мәжіліс депутаттар бастамашы болған еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Атап айтқанда, еңбек саласында ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау нормалары бекітіледі. Уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңімен немесе әлеуметтік демалыспен сәйкес келген жағдайда соңғы жұмыс күнін айқындау тәртібі нақты белгіленеді. Сонымен қатар жұмыс беруші еңбек жағдайлары өзгергені туралы қызметкерді жазбаша хабардар етуге міндетті. Бұған қоса, құжат қызметкердің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу тәртібін реттейді.
Түзетулердің жеке блогі әлеуметтік әріптестікті дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, өңірлерде әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыру, мемлекеттік еңбек инспекциясымен, қызметкерлер мен жұмыс берушілер өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау функциялары әкімдіктерге жүктеледі. Мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек қатынастары, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, әлеуметтік әріптестік салаларында біліктілікті тұрақты арттыруға міндетті. Сондай-ақ еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың құқықтары бекітіледі. Құжатты қарау барысында депутаттар қосымша түзетулер ұсынды. Оған сәйкес, медициналық ұйымдар қызметкерлердің тіркелген жері бойынша оларды цифрлық технологиялар арқылы скринингтік тексерулерден өту қажеттігі туралы хабардар етуге және осындай тексерулерден өтуге жататын тұлғалар туралы мәліметтерді жұмыс берушілерге жолдауға міндеттеледі. Ал жұмыс берушілер қызметкерлерді скринингтен өтуге жіберуді қамтамасыз етуге тиіс.
Сонымен қатар Мәжіліс Қазақстан мен Түркия Үкіметтері арасындағы екі елдің әуе кеңістігі арқылы мүлік пен персоналды транзиттеу туралы келісімді ратификациялады. Келісім екі елдің әскери мүлкі мен персоналының әуе транзитін жүзеге асыру тәртібін айқындауға бағытталған. Әуе кеңістігін пайдалану шарттары, рұқсат беру тетіктері мен ұшуды үйлестіру тәртібі белгіленеді. Құжатқа сәйкес, әскери транзитті жүзеге асыру үшін біржолғы рұқсат немесе бір жылдық дипломатиялық рұқсат нөмірі беріледі. Келісімге сәйкес, мемлекеттердің әуе кеңістігін пайдалану Халықаралық азаматтық авиация ұйымының қағидаларына, ұлттық заңнамаға және аэронавигациялық ережелерге сәйкес жүзеге асырылады. Құжатта сондай-ақ төтенше жағдайларда әрекет ету тәртібі қарастырылған. Ұшу барысында форс-мажор жағдай туындаса, әуе кемесі тиісті мемлекеттің аэродромына қонуға құқылы. Бұл ретте қабылдаушы ел қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, тиісті органдарды хабардар етеді. Өтемақы талап етілетін жағдайлар туындаса, 2018 жылғы 13 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түркия Республикасы Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімнің ережелері қолданылады. Келісімді қолдану, түсіндіру барысында туындайтын даулар екі ел арасындағы консультациялар арқылы шешіледі.
Гүлнар ЖОЛЖАН,
Жасұлан СЕЙІЛХАН,
«Egemen Qazaqstan»