Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Украина Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Мищенкомен кездесті.
Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту келешегін, сондай-ақ Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссияның қызметін қайта бастау мүмкіндігін талқылады. Екі ел арасындағы негізгі өзара іс-қимыл бағытының бірі агроөнеркәсіп кешені болып қала береді. Кездесу барысында еліміздің бірнеше өңіріндегі сүт шаруашылықтары мен Украина сүт өндірушілері қауымдастығы арасындағы қалыптасқан әріптестік ерекше атап өтілді. Кейінгі жылдары бұл ынтымақтастық асыл тұқымды сүтті мал жеткізу, заманауи тауарлы сүт фермаларын басқару, отандық мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру бағытында нақты нәтижелер беріп келеді.
Былтырғы қорытындыда өзара тауар айналымы 415,8 млн долларға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 5,4 пайызға артқан. Еліміз Украинаға негізінен ферроқорытпа, тыңайтқыш, күріш секілді өнімдер экспорттайды. Ал Украинадан елімізге шоколад және какао өнімдері, ұн мен кондитерлік бұйымдар, дәрі-дәрмек, сондай-ақ сүзбе мен ірімшік жеткізіледі.
Кездесу соңында тараптар іскерлік байланысты жандандыруға, МАК қызметін жаңғырту жолдарын қарастыруға әрі басым бағыттар бойынша, әсіресе агроөнеркәсіп кешеніндегі ынтымақтастықты кеңейтуге келісті.