Маңғыстау облысында мұзай-дынына қызығушылық бар болғанмен, бұл мәселе күні бүгінге дейін арман күйінде қалып келіп еді. Жуырда сол ұзақ жылғы арман ақиқатқа айналып, халықаралық деңгейдегі мұз сарайы ашылды.
Ақтау қаласында халықаралық стандарттарға сай салынған олимпиадалық үлгідегі нысан екі қабатты ғимараттан тұрады. Мұнда мұзайдыны, спортшыларға арналған киім ауыстыру бөлмелері, жаттықтырушылар кабинеттері, әкімшілік бөлмелер, келушілерге арналған кафе қарастырылған, спортшылар мен қонақтарға барлық қажетті жағдай жасалған.
Спорт кешенінің ашылу салтанатында сөз сөйлеген өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай:
«Жастардың спортпен жүйелі түрде айналысуына жан-жақты жағдай жасау – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұқаралық спортты дамыту, заманауи спорт инфрақұрылымын қалыптастыру – стратегиялық маңызды міндеттер. Осы орайда бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет. Әсіресе қысқы спорт түрлерін жастар арасында кеңінен насихаттау аса маңызды. Мұндай бастамалар өскелең ұрпақтың қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Болашақта облысымыздан олимпиада чемпиондары шығады деп сенемін», деп атап өтті.
Мемлекет басшысы жеке инвесторлардың қоғамдық маңызы бар жобаларға, оның ішінде спорт нысандарын салуға қаржы салуға тиіс екендігін айтқан болатын. Осы тапсырмаға сәйкес жаңа мұз сарайы жеке инвестиция есебінен жүзеге асқан жоба болуымен ерекше, әрі Маңғыстауда бизнестің әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қалай қатысатынына мысал бола алады. «Бауыржан ЛТД» ЖШС директоры, кәсіпкер Ұлықпан Көбесовтің бұл жобасы «Даму» қоры арқылы жүзеге асырылатын «Өрлеу» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болды.
Мұз сарайының ашылу салтанатына мәнерлеп сырғанаудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, еліміздің бес дүркін чемпионы, Жаңаөзен қаласының тумасы Гаухар Наурызова, шайбалы хоккейден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Маңғыстау облысының бас жаттықтырушысы Дмитрий Шахов, сондай-ақ Санкт-Петербургтен арнайы шақырылған жаттықтырушы – мәнерлеп сырғанаудан спорт шеберлігіне кандидат, Маңғыстау облысының аға жаттықтырушысы Алена Панкратова қатысты.
Ұлттық құраманың мүшесі, еліміздің намысын халықаралық аренада қорғап жүрген спортшы, ел чемпионы, халықаралық жарыстардың жүлдегері, Төрт құрлық чемпионатының, әлем чемпионатының, Азия ойындарының, қысқы Универсиаданың қатысушысы, серіктесімен бірге ISU халықаралық рейтингінде үздік 50 жұптың қатарына енген Гаухар Наурызова туған өлкесінде жаңа спорт нысанының ашылуына ризашылығын білдіріп, нысанның жастарды саламатты өмір салты тұрғысында дамытуға тигізетін ықпалын, болашақ чемпиондарды тәрбиелеудегі мән-маңызын атап өтті.
«Біздің қалада мәнерлеп сырғанау өнері әлі бастапқы деңгейде. Дегенмен жаңа мұзайдынының ашылуымен бұл тамаша спорт түрі қарқынды дамып, батыл да талантты балаларды өзіне тартатынына сенімдімін. Жасөспірімдер бұл спортта бағын сынаудан қорықпай, табандылық танытып, тұғырдың биігінен көрінеді деп үміттенемін. Заманауи зәулім сарайда оларға барлық мүмкіндік бар. Мұзайдынының ашылуы – үлкен оқиға, өлкем үшін мақтанамын, барша спортшыларымызға үлкен жетістіктер тілеймін», деді, қазіргі уақытта Испанияда белгілі спортшылар, Олимпия ойындарының қатысушылары, Гран-при кезеңдерінің жүлдегерлері Кирилл Халявин мен Сара Уртадоның жетекшілігімен жаттығып жүрген спортшы Г.Наурызова.
Шынында да, Ақтауда ашылған мұзайдыны сарайы өңірдің спорт саласындағы үлкен жаңалық болды. Маңғыстау өңірінің спорттық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды нысан жас спортшыларды кәсіби даярлауға жол ашады. Олимпиадалық спорттың хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, кёрлинг сияқты төрт түрін дамытуға мүмкіндік беретін нысанға Астана, Өскемен, Қарағанды қалаларынан білікті жаттықтырушыларды тарту жоспарланып отыр. Негізгі басымдық хоккей мен мәнерлеп сырғанауға беріледі.
Нысанның ашылуы Маңғыстау облысында қысқы спорт түрлерін дамытуға, жас спортшыларды қолдауға, бұқаралық спортты насихаттауға тың серпін беретіні сөзсіз.
Маңғыстау облысы