• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:20

Жарығы жиі сөнетін Жезді

170 рет
көрсетілді

Жезді кенті өңірдегі ең үлкен елді мекендер қатарында. Кезінде өндірістік аймақ болып аты дүркіреп шыққан аудан орталығы бүгінде Ұлытау ауданына қарайды. Кентте 755 үй бар. Жергілікті тұрғындар жарықтың жиі сөнуі, бірнеше сағатқа дейін электрдің болмауынан ұзақ жыл бейнет шегіп келеді.

Электрмен жабдықтау жүйесінде 17 кешен­ді трансформаторлық қо­салқы станса (КТП), 6 тарат­қыш желі (фидерлер) бар. Осы­ның барлығының электр жүйесі, бір сөзбен айтқанда, иесіз тұр. Қағаз жүзіндегі иесі – Ұлытау аудандық коммуналдық-ша­руа­шылық кәсіпорны. Бірақ олар нарықтық жағдайына байланысты банкроттық мекеме деп танылған. Себебі, ешқандай пайда көрмейді. Алған электр тоғына өзі қарыз болып отырады, шығынын жаба алмайды. Жезді кентінде электр желілері кеңес кезеңінде салынған, барлығы ескі, сымдары тозған. Инфрақұры­лым жиі сыр береді. Электр жүйесі­не есепте жоқ нысандар қосыл­ған. Кенттегі жұмыссыздық, басқа да себептермен көшіп кеткен тұрғындардың үйі әлі электр желісіне қосылып тұр. Қоныс аударғанын тұрғын ескертсе де, кентте электр тогын ажыратып, мөрлеп қоятын электрик жоқ. Амал жоқ, ауыл әкімі бас болып, осы мәселемен әлі алысып келеді.

Көптеген трансформатор мен желілер өз мерзімін әлдеқашан өтеген. Бұл апаттардың жиілеуі­не әкеледі. Арагідік жөндеу жұмысына аудан әкімдігінен мардымсыз қаражат бөлінеді. Бұл ақша құмға су құйғандай, бір жерін бүтіндеп жатса, екінші жағы құлап жатады. Уақытша жөндеу жүргізілгенімен, түбе­гейлі жаңартуды қажет етеді.

Коммуналдық шаруашы­лық­тың жағдайы мүшкіл, оны Ұлытау ауданының әкімі біліп отыр. Аудан басшысы өзінің құзыретінің шегіне дейін бұл мәселені көтерді. Енді оған көмекке облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы келуі керек. Жезді кентінің әкімі Мұратбек Жұмабек қол қусырып қарап отырған жоқ. Жақында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Алмас Жандарбеков­ке жолығып, «Электр жарығы мәселесі қашан шешіледі?» деген сауалына «Алаңдамаңыз, «Жезқазған энергия тарату компаниясын» (ЖРЭК) сотқа беріп жатырмыз» деген қысқа жауап алыпты.

Кент әкімі сөз арасында: «Соң­ғы рет Жездіде жарық қашан сөнді деген сұрағыңызға жауап берейін – күні кеше ғана. Неге сөнеді десеңіз, электр жүйесіне түсетін жүктеме көп. Тозығы жеткен трансформаторлар жиі істен шығады. Халықтың тұрмыс­тық техникалары күйіп кетеді. Алысқа бармай-ақ, осы отырғанда үйдегі мұздатқышымыз істен шығып, Сәтбаев қаласына жөндеу­ге бердік. Кентте зейнеткерлер, қарапайым жұмыскерлер тұрады. Көлік жүр­гізушім 120 мың теңге айлық алады. Қысқа тұйықталу бол­ғанда тұрмысқа қажетті қымбат дүниесі жанып кетеді. Қаржысын қалай жеткізеді?» деп қынжылыс білдірді.

Мұратбек Досымбекұлы бұл мәселені әкім болып сайланған 2021 жылдан бері көтеріп келеді. Өзі осы топырақта туып-өсті, жоғары білім алды. Халық 2025 жылы кент әкімі лауазымына қайта сайлады. Әкім бұл мәселені республикалық деңгейдегі БАҚ-та көтерген екен. Содан бері де бес жыл өтті, өзгерген ештеңе жоқ, «Баяғы жартас, бір жартас...»

Былтырғы 28 қарашада Астана­да Мемлекет басшысы­ның қатысуымен ауылдық округ­тер әкімдерінің форумы өтті. Форум барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық аумақтарды дамыту және ауыл әкімдері институтын одан әрі жетілдіру жөніндегі міндеттерді айқындап, баяндама жасады. Осы ашық формадағы диалог-платформада Мұратбек Жұмабек Жезді кентіндегі электр желілерін жөн­деу, жарықтандыру мәселесін көтерді. Осы салаға қатысты министрліктегі мамандар жалпылама, сырғытпа жауап, уәде беріп, шығарып салды.

Электр мәселесі әлі шешімін табар емес. Әкім қазір екі адам­ға күзетшінің жалақысын тө­леп, электрик етіп ұстап отыр. Кү­зетші қалай электрик болуы ке­рек деген заңды сұрақ туады. Екеуі – екі саланың маманы. Негізі, мұндай мамандардың жалақысы 250 мың теңге­ден басталады. Жұмысы қауіпті, соған қарамастан олар кү­зетшінің бар болғаны 85 мың тең­гесін қанағат тұтып отыр. Себебі олар­дың мекемесі банкрот, маман ұс­тай алмайды. Әкім электриктерге «Жездіде күн демей, түн де­мей жарық болуы ке­рек» деп та­лап қояды. Ал ескір­ген желілер, то­зығы жеткен сымдар, қисайған баға­налар тұрғанда Жездіде жа­рық­тың үздіксіз, қалыпты жар­қырап тұруы тіпті де мүмкін емес.

«Әлі күнге дейін қосалқы стан­саға жөндеу жұмысы жүр­гізілген жоқ, трансформаторлар сынған, апатты жағдайда. Қазір техниканың дамыған заманы. Кенттегі электр желілерін толық жаңарту, заманауи трансформаторлар орнатып, энергия­ны үнемдеу технологиял­арын енгізу қажет. Сонымен қатар жергілікті билік пен энергия­мен қамту мекемелері бірлесе жұмыс істеуі керек», дейді байырғы электрик, зейнеткер Нұриден Саринов.

Шындап кіріссе, шешілмей­тін түйін жоқ. Айталық, Ұлытау облы­сындағы Жаңаарқа ауданы республикалық «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясын­да қаржы бөлгізіп, электр мәсе­ле­сін оңтайлы шешіп алды. Сол тұрғыда Жезді кентіне де осы бағ­дарлама аясында қаржы бөлі­ніп, қолдап жіберсе, қалың көп­шіліктің алғысына бөленер еді.

 

Ұлытау облысы 

Соңғы жаңалықтар