Қостанай облысында полиция қызметкеріне күш қолданған үш азаматқа қатысты іс қозғалып, олар 2 ай мерзімге қамауға алынды. Іс бастапқыда жеңіл баппен тіркелгенімен, кейіннен қылмыстың сипаты ескеріліп, аса ауыр қылмыс санатына қайта сараланған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оқиға 28 наурыз күні Қостанай қаласының «Береке» шағын ауданында болған. Әлеуметтік желілерде тараған мәліметке сәйкес, бір топ азамат қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ескерту жасаған полиция қызметкеріне шабуылдаған. Полиция қызметкерлері күдіктілерді жедел анықтап, ұстады.
Батыс Қазақстан облысында полицияға бағынбаған бір топ азамат ұсталды
Алғашында іс «өмірге қауіпті емес зорлық-зомбылық қолдану» бабымен қозғалған. Алайда кейін тергеу барысында іс Қылмыстық кодекстің 380-бабы 6-бөлігі 4-тармағына («Билік өкіліне қатысты, топ болып жасалған және өмірі мен денсаулығына қауіпті зорлық-зомбылық») ауыстырылды. Бұл бап бойынша айыпталушылар 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сот шешімімен үш күдіктіге қатысты 2 ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Оқиға 31 наурыз күні тараған видеодан кейін қоғамда үлкен резонанс тудырды. Жазбада мас күйдегі бірнеше адамның қызметтік киімдегі полицейді қоршап алып, соққыға жыққаны көрсетілген. Зардап шеккен қызметкер қазіргі таңда ем қабылдап жатыр.