Сыр бойында өңір экономикасын әртараптандырып, шикізатқа тәуелділікті азайту, өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында жақсы бастамалар бар. Бұл шағын және орта бизнесті қолдауға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Алдағы 3 жылда өңірде 48 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 10 308 жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл 100 млрд теңгенің 21 жобасы іске қосылады. Олардың қатарында қуаттылығы 3 500 тонналық құс фабрикасы, 5 200 тонналық тауарлы сүт фермасы, «Пана» қонақ үйі, гофрлеу және картонның тегіс қабатына қажетті қағаз өндіру зауыты, жалпы қуаттылығы 50 МВт болатын 2 күн электр стансасы бар.
Сонымен бірге 753 млрд 300 млн теңге болатын 14 ірі жобаның құрылысы межеленіп отыр. Өткен жылы кореялық «Уиз Ю» компаниясының тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кешені, «Риксос» қонақ үйінің құрылысы басталды. «Табиғи тас Қызылорда» серіктестігі жылына 1 млн 100 мың тонна әк өндіретін зауытын іске қосады.
«Шалқия» кен-байыту фабрикасы, «Арал сода» серіктестігінің кальциленген сода, «Севен Риверс» компаниясының шыны бөтелке, испандық «Рока групп» компаниясының жылына 500 мыңға дейін санитарлық-техникалық өнім шығаратын зауыттарының құрылысы биыл басталады.
Қызылорда