Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында мектеп құрылысының қорытындысы жарияланды. Жоба елімізде заманауи әрі қолжетімді білім инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған. Кейінгі үш жылда жүзеге асқан жұмыс білім сапасын арттырумен қатар, өңірлер арасындағы теңсіздікті азайтуға да серпін беріп отыр.
Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасовтың айтуынша, үш жылдың ішінде халықаралық стандарттарға сай келетін 460 мың оқушы орнына арналған 217 жаңа форматтағы мектеп салынды. Оның ішінде 105 мектеп 2024 жылы, 112 мектеп 2025 жылы пайдалануға берілген. Жобаны іске асыру нәтижесінде 52 үш ауысымды, 12 апатты мектеп мәселесі шешіліп, 100-ден астам мектептегі орын тапшылығы қысқарған.
Барлық нысан бірыңғай стандартпен салынған. Оның ішінде 87 мектеп ауылдық жерлерде орналасқан. Бұл қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты айтарлықтай азайтты. Сонымен қатар мектептердің ауданы бұрынғы типтік жобалармен салыстырғанда орта есеппен 15–20 пайызға ұлғайып, техникалық жабдықталу деңгейі төрт еседен астам жоғарылаған.
Жобаны іске асыруға шамамен 30 мемлекеттік орган мен ұйым, оның ішінде 20 өңірдің әкімдігі қатысқан. Құрылыс жұмысы екі механизм арқылы жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 208 мектеп «Samruk-Kazyna Construction» АҚ арқылы «кілтпен тапсыру» форматында салынса, 9 мектеп жергілікті атқарушы органдардың дайын нысандарды сатып алуы арқылы іске асырылған.
«Жаңа форматтағы мектептер заманауи пәндік кабинеттерімен, STEM-зертханаларымен, роботтехника кабинеттерімен, сондай-ақ шығармашылық орталықтар, шеберханалармен жабдықталған. Оқу кеңістіктері әр оқушыға арналған жеке шкаф пен жылжымалы парталар, ауызсу фонтандарымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар физикалық белсенділікті дамытуға ерекше назар аударылған, яғни 2–4 спорт залдары мен футбол, баскетбол, волейбол, воркаут алаңдары бар. Солтүстік аймақтардағы климаттық жағдайларды ескере отырып хоккей, ал оңтүстікте теннис алаңдары салынған», деді Жайық Шарабасов.
Вице-министрдің айтуынша, құрылыс барысында негізінен отандық өндірістің заманауи материалдары қолданылып, ұлттық экономика мен өңдеуші өнеркәсіптің дамуына оң әсерін тигізген. Нысандардың сапасын қамтамасыз ету мақсатында құрылыс конструкцияларына 5 жыл, жабдықтар мен жиһаздарға 3 жыл кепілдік мерзімдері белгіленген. Бұл мектептердің сапалы, ұзақмерзімді болуын қамтамасыз етеді.
Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарованың айтуынша, 217 мектептің 183-інде оқу үдерісі ұйымдастырылған. Бұл мектептерде 218 мыңға жуық оқушы білім алып, 17 мыңға жуық педагог еңбек етіп жатыр.
«Мектеп сапасының негізгі факторы – оны басқару. Осыған байланысты басқару жүйесін күшейтуге басымдық бердік. Бүгінде 183 директор мен 800-ден астам директор орынбасарынан тұратын басқару корпусы қалыптасты. Бұл құрамда тәжірибелі басшылармен қатар, жаңа буын көшбасшылар да бар. Бүгінде «Келешек мектептерін» басқарудың бірыңғай, орталықтандырылған моделі енгізілді. Жобаның операторы ретінде Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы белгіленді. Академия құрамында Ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық оқу-тәрбие үдерісін әдіснамалық және мазмұндық сүйемелдеуді, цифрландыру жұмысын үйлестіруді, кадрлық іріктеуді, педагогтердің кәсіби дамуын, білім сапасын талдауды жүзеге асырады. Ал жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде инфрақұрылым, материалдық-техникалық база және қаржыландыру мәселелері сақталады. Яғни ресурстық қамтамасыз ету өңірлерде, ал білім сапасын басқару ұлттық деңгейде жүзеге асырылады», деді Шынар Ақпарова.