Қазақстан Республикасының Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулдығы Усть-Лугадағы вахталық кентте болған оқиғаға қатысты ресми мәлімет таратып, отандық азаматтардың жағдайы бақылауда екенін мәлім қылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
2026 жылғы 28 наурызда консулдық қызметкерлері аталған кентте еңбек етіп жүрген Қазақстан азаматтарымен, соның ішінде тұрмыстық жанжал салдарынан ұсталған азаматтармен кездесу өткізді. Усть-Лугадағы вахталық кентте шамамен 15 мыңға жуық адам тұрады, олардың барлығы Ресейдегі ірі экспорттық порт құрылысына тартылған түрлі мердігер ұйымдардың қызметкерлері.
Алдын ала мәліметке сәйкес, тәртіпсіздіктерге бірнеше жүз адам қатысқан. Оқиғадан кейін әртүрлі елдердің 30-дан астам азаматы ұсталды. Тергеудің бастапқы кезеңі аяқталған соң, ұсталғандардың басым бөлігі босатылған. Дегенмен, бірқатар азаматтарға, оның ішінде Қазақстан азаматтарына қатысты 10 тәулікке әкімшілік қамау туралы сот шешімі шықты. Сонымен қатар Қазақстанның тағы 3 азаматына қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Консулдықтың мәліметінше, Қазақстан азаматтары арасында зардап шеккендер немесе медициналық көмекке мұқтаж жандар жоқ. Барлық азаматтарға қажетті консулдық-құқықтық көмек толық көлемде көрсетіліп отыр.
Атыраудағы түрмеде тұтқын төбелестен кейін көз жұмды
Оқиғадан кейін вахталық кенттің өзінде арнайы кездесу ұйымдастырылып, оған компания қызметкерлері, отандық жұмысшылар мен учаске бригадирлері, Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары, жұмыс беруші және күзет ұйымдарының өкілдері қатысты. Жиында орын алған жағдай жан-жақты талқыланып, осындай келеңсіздіктердің алдын алу шаралары қарастырылды.
Қазіргі уақытта вахталық кенттегі ахуал тұрақты. Оқиғаға қатысқан тараптарға қатысты тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша жанжалға қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.
Ресейде қазақстандықтар қатысқан жаппай төбелес жайлы жаңа деректер шықты