Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналист Ботагөз Омарованың ұсталуына байланысты жағдайға түсініктеме беріп, бұл мәселе ведомствоның бақылауында екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz
Министр мұндай жағдайларда асығыс қорытынды жасап, дәлелсіз пікір білдіруге және заңда көзделген барлық рәсімдер аяқталмай тұрып баға беруге болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, оқиғаның мәнін бұрмалап немесе процеске қатысушыларды негізсіз қаралауға алып келетін мәлімдемелерге жол берілмеуі тиіс.
«Аталған іс бойынша шешім әділ болады деп сенемін. Таратылып жатқан ақпараттың дұрыстығын тексеру – «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының Заңында бекітілген журналистердің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Сонымен қатар, заңнамада, атап айтқанда 68-бапта, журналистерді шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратқаны үшін жауапкершіліктен босататын жағдайлар қарастырылған, оның ішінде ресми сөздерді сөзбе-сөз, өзгеріссіз келтірілген болса», деді Аида Балаева.
Сондай-ақ ол кез келген осындай мәселені қарау кезінде «Заң және тәртіп» қағидатын қатаң ұстану қажет екенін айтты. Министрліктің мәліметінше, жағдай тұрақты бақылауда және қажет болған жағдайда ведомство өз құзыреті шеңберінде араласуға дайын.
«Барлық процессуалдық әрекеттер сыртқы араласусыз, заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес қатаң түрде жүзеге асырылуы тиіс», деп атап өтті министр.
Актер Асқар Жұмабек 10 тәулікке қамауға алынды
Еске салайық, журналист Ботагөз Омарова жалған ақпарат тарату ісі бойынша күдікке ілініп, сот шешімімен үйқамаққа алынған.
Әріптестері бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, құқық қорғау органдарынан ақпараттың жеткіліксіз екенін айтқан.