• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Президент Бүгін, 14:36

Президент референдумға қатысқан бүкіл ел азаматтарына ризашылығын білдірді

10 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев референдумға қатысып, мемлекетіміздің тағдырына бей-жай қарамаған бүкіл ел азаматтарына шынайы ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Референдумға жұртшылық өте белсенді қатысты, бұл да қуанарлық жағдай. Осы сайлау науқаны ырысты ынтымағымызды паш етті. Бұл да өте маңызды үдеріс. Өйткені біз азаматтарымыздың отаншылдық рухын айқын сезіндік.

Түркістан жұртшылығы әрдайым елдік істен сырт қалмай, жүргізіліп жатқан реформаларды жаппай қолдап келеді. Бұл жолы да сіздер ауызбіршіліктің озық үлгісін айқын көрсеттіңіздер», деді Қ.Тоқаев. 

Президенттің айтуынша, Түркістан референдумда Ата заңды қолдаған ең белсенді облыстардың қатарында тұр. Дауыс берген жұртшылықтың 92,21 пайызы жаңа Конституцияны қолдады.

«Баршаңызға рақмет! Киелі Түркістанда мемлекетіміздің тағдырына бей-жай қарамаған бүкіл ел азаматтарына шынайы ризашылығымды білдіремін», деді Мемлекет басшысы. 

Сонымен қатар Президент Жаңа Конституция, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданғанын атап өтті. 

«Өздеріңізге мәлім, мен осы аптаның басында Қазақстан Республикасының Конституциясына және Бас құжаттың ережелерін іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Енді 1 шілдеден бастап Конституция өз күшіне енеді. Ал Конституция күнін біз бәріміз біртұтас халық болып референдум өткізілген күні, яғни, 15 наурызда жыл сайын мемлекеттік мереке ретінде атап өтеміз, тойлаймыз.

Жалпыхалықтық референдумда жастарымыздың белсенділігі, жаңашылдығы және жауапкершілігі айқын көрінді. Олар Отанына адал, ойы озық, жасампаз азаматтар ретінде өздерінің жарқын келешегіне қатысты таңдауын жасады.

Жаңа Конституция, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданды, бұл жастарға арналған құжат десек, қате болмайды. Төрге озған Халық Конституциясы жастарға жөн сілтейді, өмір жолын көрсетеді. Жаңа Ата заң жас ұрпақпен бірге жасай береді», деді ел Президенті. 

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті. 

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы жұртшылығымен кездесуде Түркістанның тарихи әрі рухани маңызына тоқталып, бұл өңірге ерекше ықыласы бар екенін атап өтті. 
Соңғы жаңалықтар