Біздің еліміз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен сенімді түрде дамудың жаңа кезеңіне қадам басты.
Кеше жалпыхалықтық референдумда Қазақстан азаматтары ауызбірлік пен нағыз отаншылдықтың үлгісін көрсетіп, Мемлекет басшысының ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларына жаппай қолдауын білдірді.
Біз сіздермен бірге ауқымы мен мән-маңызы тұрғысынан ел тағдырына қатысты тарихи оқиғаның тікелей куәгері болдық. Президентіміз атап өткендей, отандастарымыз жаңару мен жаңғыруға дауыс беріп, мемлекеттілігімізді нығайтуға өз үлестерін қосты.
Әділетті әрі өркендеген еліміздің жаңа тарихы ұлттық дәстүріміз бен мәдениетімізді ұлықтап, тек демократиялық құндылықтар негізінде қалыптасады. Жүргізіліп жатқан өзгерістердің сапасы мен даму қарқынын қамтамасыз ете отырып, бәріміз бірге алға қойылған мақсат-міндеттерге қол жеткізетінімізге сенімдімін.
Баршаңызды бірлік, тәуелсіздік, егемендік рәмізі саналатын жаңа Конституцияның халық тарапынан қолдау табуымен құттықтаймын!
Олжас Бектенов,
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі