С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық қазақ музыкалық-драма театрында Халықаралық әйелдер күніне арналған «Адамзаттың асылы − ана деген...» атты мерекелік кеш өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қыз-келіншектерге арналған салтанатты кеш театрландырылған қойылыммен басталды. Қойылым аяқталған соң жігітттер залда отырған барлық нәзік жандарға гүл таратты.
Жасанды интеллектінің көмегімен «Мен ұлы даланың қызымын» атты бейнебаян көрсетілді.
8 наурыз қарсаңында пойыздағы әйелдерге сыйлықтар таратылды
Ұлытау облысының әкімі Дастан Адайұлы адамзаттың асылы − аналарды мерекесімен құттықтады.
«Бүгінде облысымызда әйелдер мен қыз-келіншектердің саны 111 мыңға жуық. Бұл − өңір халқының 51 пайызы. Соның ішінде 10 мыңнан астам әйел көпбалалы ана мәртебесіне ие. Алтын құрсақты аналардың саны өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артты. Бұл − өңірімізде отбасы құндылығының нығайып, демографиялық өсімнің артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар қуанышты жаңалықты бөліскім келеді. Ақорда төрінде Мемлекет басшысы Жаңаарқа ауданындағы «Ақерке» бөбекжайының директоры Райхан Смағұловаға ұрпақ тәрбиесіне және білім саласының дамуына қосқан ұзақ жылғы еңбегі үшін «Құрмет» орденін табыс етті», деді өңір басшысы.
Облыс әкімі бір топ ұлытаулық әйел – аналарға мемлекеттік марапатты табыс етті. Еңбек ардагері Алиса Сүтбайқызы, Жезқазған мыс қорыту зауыты жөндеу құрылыс және арнайы жұмыстар цехының сылақшысы Ирина Патласова, жеке кәсіпкер Меруерт Құрманғазықызы, «Неомед» ЖШС директоры Марал Әлиярқызы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Назира Әлімжанқызы, Ляйля Тұрашқызы, Венера Әбдрахманқызы «Алтын алқа» иегері атанды. Мәриям Сұлтанәлиқызы, Индира Есболғанқызы, Самал Кабдулақызы, Алтын Болатқызы, Әйгерім Мейіржанқызы «Күміс алқамен» марапатталды.
Ұлытауда Конституциялық реформаның мәні мен маңызы талқыланды
«109» бірыңғай байланыс орталығының маманы Алима Серікқызы Президенттің құттықтау хатына ие болды.
Үйдің ғана емес, түздің де жұмысын қатар алып жүрген асыл жандардың еңбегі еленді. Мемлекеттік мекемелерде, өндірісте, әкімшілікте, білімде, құқықта, ғылымда, мәдениет пен өнерде, медицинада, кәсіпкерлікте жұмыс істеп жүрген арулар Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен, Ұлытау облысы әкімінің Алғыс хатымен, Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Марапаттың соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.
Сахнада Тайжан Қалмағамбетов атындағы облыстық филармонияның вокалдық тобы, эстрада жұлдызы Еламан Маженов, белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Құрмаш Махан бірнеше ән орындап, арулардың жүрегіне жылы шуақ құйды.
Ұлытау облысы