• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ғылым Бүгін, 08:23

Әлем мұрағаты: Алаш көшбасшысы һәм зиялылары

60 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толуына арналған «Чехия, Словакия және Жапония архивтеріндегі Әлихан Бөкейхан бейнесі және Алаш Орда тарихы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Алқалы жиында мұрағат беттерінен табылған тың ақпараттар көрсетіліп, ғалымдардың тұжырымдары тыңдалды.

Келелі басқосуда 2022 жылы Жапо­ния, Чехия және Словакия архив­тері, кітапханалары мен жеке қорларынан анықталған жаңа әрі құнды тарихи құжаттар талқыланып, ғылыми айналымға енгізу мәселесі қозғалды. Бұл құжаттар XX ғасырдағы қазақтарға қатысты естеліктерді қамтиды. Нақтырақ айтсақ, зерттеуші-аудармашылар Сұлтан Камалиден мен Дінмұхамет Байжұманың бір­лескен жұмысының нәтижесінде 300-ге жуық мұрағат құжаттары – естеліктер, зерттеулер мен материалдар жинақталған. Соның бірі – И.Дворжактың «Қазақ арасында» атты еңбегі. Ал қалған құжаттар алдағы уақытта жеке кітап болып шығады деп жоспарланып отыр.

Халықаралық конференцияға отан­дық және шетелдік алаштанушы ғалымдар, Парламент депутаттары, Қазақстан, Жапония, Чехия және Словакия елдерінің қоғам және мемлекет қайраткерлері, ЕҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен докторанттар қатысты.

«Қазақ газеттері» серіктестігі бас директоры, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы модераторлық еткен жиын­да Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, «Ақ жол» ҚДП төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев, Астанадағы Чехия елшісінің орынбасары Йосеф Богач, Мемлекеттік комиссия жобалық кеңсесінің жетекшісі, «Қаһармандар» РҚҚ президенті Сабыр Қасымов, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов сөз алып, аталған құжаттарды ғылыми айналымға енгізу  тарихи әділдікті қалпына келтіру ғана емес, сондай-ақ қазіргі Қазақстанның мемлекет құру тәжірибесінің тамыры тереңде жатқанын дәлелдейтін маңызды қадам екенін атап өтті.

«Кешегі халық талқысына ұсы­ныл­ған, егемендігіміздің жаңа бір кезеңін анықтайтын Ата заң жобасында «мемле­кеттілікті нығайта отырып», «Ұлы дала­ның мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап» деген жолдар жазылды. Бүгінгі Алаш көшбасшысы, біртуар ғалым, қаламгер Әлихан Бөкейханға арналған конференция осы мемлекеттілік тарихына, тәжірибесіне тағзым дер едік. Президентіміз: «Тәуелсіздік бәрінен қымбат», деді. Бұл ғылыми жиын Әли­ханның 160 жылдығының ғана емес, ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығының да ізашар бастамасы болып отыр. Әлихан Бөкейхан – елдік, мемлекетшілдік, зиялылық рәмізі, қайраткерліктің темірқазығы. Ұлтқа ақылмен, қаламмен, ғылыммен қызмет етудің үлгісі. Алдағы уақытта Әлиханның 21 томдық толық шығармалар жинағы ұсынылмақ. Бұны әлихантанудың жаңа кезеңі деп қабылдаймыз», деді Дихан Қамзабекұлы.

Сондай-ақ «Ақ жол» ҚДП төра­ғасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев Алаш арысы­ның жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне тоқталды.

«Әлихан Бөкейханның ұлт жолында сіңірген еңбегін, әрине, бір баяндама барысында айтып тауысу мүмкін емес. Біртуар тұлғаның ел дамуына, мемлекеттілігіне көрсеткен қызметі саяси, экономикалық, әлеуметтік жағынан алып қарасақ та орасан. Әлі күнге дейін алашшыл азаматтарға серпін беріп келеді. «Ақ жол» партиясы үшін Алаш идеясы жай ғана ұран сөз емес. Біз күнделікті жұмыс аясында, қандай мінберде болсын Алаш ұстанымын насихаттаймыз. Жалпы, Алаш тақырыбымен ғалымдар ғана айналысуы керек деген – жаңсақ ой. Алаш идеясы әр қазақ баласымен бірге жасауы керек», деді ол.

Зерттеушілердің айтуынша, табыл­ған құжаттар 1917–1920 жылдары Алаш рес­публикасы автономия деңгейінде емес, дербес әрі егемен мемлекет болып өмір сүргенін айғақтайды. Бұл жаңалықтар Алаш қозғалысының халықаралық байланыстары мен саяси қызметін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

ҚР ҰҒА академигі, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инсти­тутының директоры Зиябек Қабылдинов сол бір қиын кезеңде қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тау тұлғаның азаматтық болмысын сипаттады.

«Ол халық жадында аса білімді, сауатты адам ретінде қалды. Дала жұрты мен өзге халықтардың зиялы қауым өкілдерінің зор құрметіне ие болды. Оны ұлттық тарихты, мәдениет пен дәстүрді терең біліп, қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіру жолындағы күресінде көрінген өз халқына деген жанқиярлық әрі риясыз қызметі ерекшелендірді. Ол халық көшбасшысы қандай болуы керек деген ұғымның жарқын үлгісі болды. Миллиондаған қазақ халқын Алаш қозғалысының идеясы төңірегіне топтастырып, қоғамның сауатты бөлігін туған жерге адал қызмет етуге үндеді», деді ол.

Алқалы жиын барысында И.Двор­жактың қазақ-орыс тілдеріне ауда­рыл­ған «Қазақ арасында» және Б.Барысбеков құрастырған «Әлихан Бөкейхан. «Алаш» идеясы және біртұтас түркі әлемі» кітаптарының таныстырылымы өтті.

«Қазақтар арасында» атты еңбе­гінде автор қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, тілін және әдеби мұраларын сипаттайтын құнды этнографиялық деректерді, сондай-ақ Ресей империясы кезеңіндегі ауыр жағдайын қамтыған. Ғылыми бақы­лау­ларымен бірге автор чехос­ло­вакиялық жауын­гер­лердің қазақ­тар­мен өзара байланысы туралы жеке естеліктерін ұсынады, сондай-ақ Алаш қозғалысы жетекшілерімен, соның ішінде Әлихан Бөкейханмен болған кездесу­лері жөнінде баяндайды.

Кітапта чех және қазақ ұлт-азаттық қозғалыстарының рухани және тарихи жақындығы, оларды біріктіретін мәдени жаңғыру мен саяси дербестікке ұмтылыс идеясы ерекше орын алады.

Чехословак легионерлері қауымдас­ты­ғы­ның мүшесі Михал Рак (Прага, Чехия) легио­нер Дворжактың есімімен қалай таныс­қанын баяндады.

«Зерттеуші Сұлтан Камалиден мырза Индржих Дворжак туралы сөз қозғағанда әрі таңғалдым, әрі қуандым. Индржих Дворжак – тәуел­сіз­дік жолындағы күреске қатыс­қан, шамамен жүз мың легионердің бірі. Бүгінде олардың көбінің есімі ұмыт қалды. Мен де ол туралы білмедім. Оның кітабы қазақстандық әріптестеріміздің назарын аударды. Оның мамандығы мұғалім еді. Бірінші дүниежүзілік соғысқа ересек шағында аттанып, майданда бір айдай ғана болып, 1914 жылы тамыздың соңында тұтқынға түсті. 1918 жылы легион құрамына кірген кезде ол Омбыда – Қазақстан шекарасына жақын қалада писарь қызметін атқарды. Сол жерде қазақ мәдениетімен танысып, қызығушылығы оянған шығар. Кейін осы әсерлерін өзінің жалғыз кітабында баяндады», деді Михал Рак.

ЕҰУ «Алаш» рухани даму инсти­туты­ның директоры Сұлтанхан Аққұлы­ның айтуынша, шетел архив­терінен та­был­­ған жаңа құжаттар Алаш қозға­лы­сы­­ның тарихын түбе­гейлі қайта қарауға негіз болады.

«Жапония, Чехия және Словакия архив­терінен анықталған деректер Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерінің халық­аралық дең­­гейде саяси байланыстар орна­­туға ұмтылғанын дәлелдейді. Ең ма­ңыз­дысы, 1917–1920 жылдары Алаш рес­пуб­ликасы автономиялық құрылым ғана емес, нақты басқару институттары, шекарасы, әскери жасағы және дипломатиялық қадам­­дары бар дербес мемлекет ретінде әре­­кет еткенін көрсететін айғақтар табылып отыр. Бұл – ұлттық мемлекеттілік тари­­­хына қатысты қалыптасқан көз­қарас­қа елеулі өзгеріс әкелетін жаңа­лық», деді Сұлтанхан Аққұлы.

Іс-шара аясында суретші Алмас Сырғабайдың «Алаштың Әлиханы» атты жеке көрмесі ашылып, заманауи сипатта ұлт көсемінің түрлі бейнесі ұсынылды. Бұдан бөлек «Әлихан Бөкейхан. Мен қазақ халқына қызмет етуді тоқтатпаймын» атты Берік Барысбековтің деректі фильмі көпшілік назарына ұсынылды.

Соңғы жаңалықтар