15 наурызда елімізде жаңа Ата заң жобасын қабылдау бойынша республикалық референдум өтеді. Осыған орай бірқатар өнер майталмандары өз пікірлерін білдіріп, бұл саяси науқанның ел өмірі үшін маңызын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазақфильм» киностудиясының қызметкері, сценарист Бекболат Шекеров өз сөзінде Конституция – мемлекет тұрақтылығының, құқықтық тәртіп пен азаматтық жауапкершіліктің берік негізі екенін айтты. Негізгі заңның дамуы мен жетілдірілуі елдің болашағына тікелей әсер ететін маңызды үдеріс екеніне тоқталды.
«Ата заңға деген құрмет – ортақ құндылықтарға деген құрмет. Баршаңызды алдағы республикалық референдумда дауыс беруге шақырамын», деді Б. Шекеров.
Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Санжан Сабырғалиева әлемдік тәжірибеде елдің жарқын болашағын қалыптастыру үшін маңызды шешімдерді қабылдау қалыпты құбылыс екенін атап өтті.
«Біз де сондай маңызды шешім қабылдау қарсаңында тұрмыз. 15 наурызда Ата заңның жаңа жобасына дауыс беру бойынша референдум өтеді. Бұл әрбір азамат үшін еліміздің ертеңіне бейжай қарамай, өз таңдауын жасауға берілген зор мәртебе», деді С. Сабырғалиева.
Референдум кезінде шалғайда жүрген азаматтар қалай дауыс береді?
Балет әртісі Анар Рысқұлова референдумда дауыс беру – Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңнің ортақ авторы болуға мүмкіндік екенін жеткізді.
«Конституция – біздің ортақ үйіміздің іргетасы. Ертеңгі референдумда әрбір адамның дауысы маңызды. 15 наурызда кездесеміз», деп ойын түйіндеді А.Рысқұлова.
Сонымен біге «Құрмет» орденінің иесі, дирижер Абылай Тілепберген де айтулы науқаннан қалыс қалмай, бұл референдум өз өміріндегі айрықша оқиға болып отырғанын айтты.
«Мен, біріншіден, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде, екіншіден, өнер адамы ретінде баршаңызды референдумға қатысуға шақырамын. Өз дауысымызды беріп, еліміздің жақсы жаққа қарай өзгеруіне себепші болайық», деді А. Тілепберген.
Референдум-2026: Дауыс беру учаскесін ЖСН арқылы қалай табуға болады?