• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 11:34

eGov арқылы темір тұлпарды тіркеу: Сатып алудан сатуға дейінгі үдеріс жеңілдеді

10 рет
көрсетілді

Ел тұрғындары енді автокөлікті тіркеу, техникалық паспорт пен мемлекеттік нөмірді ауыстыру, сондай-ақ сатып алу-сату шартын рәсімдеу қызметтерін толықтай онлайн ала алады. Жаңартылған сервистер eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасында қолжетімді, деп жазады Egemen.kz.

Ресми дилерден сатып алынған көлікті тіркеу

Елімізде өндірілген автокөліктерді бастапқы тіркеу енді қашықтан жүргізіледі. Қызмет республика бойынша 100-ден астам ірі дилерлік орталықта қолжетімді. Олардың қатарында «Aster Auto» ЖШС, «Terra Motors Astana» ЖШС, «Allur Motor Qazaqstan» ЖШС, «Hyundai Auto Almaty» ЖШС, «Mycar Astana» ЖШС және басқа да автосалондар бар. Интеграциялық жүйеге қосылған дилерлер саны кезең-кезеңімен артып келеді.

Үдеріс қарапайым – сатып алушы автосалонда көлікті таңдап, сатып алу-сату шартын жасайды. Одан кейінгі тіркеу рәсімі онлайн өтеді, автосалонға қайта барудың қажеті жоқ.

Дилер өтінім жіберген соң, сатып алушының eGov.kz порталындағы жеке кабинетіне немесе eGov Mobile қосымшасына хабарлама түседі. Пайдаланушы деректерді тексеріп, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін таңдайды және өтінімді қолжетімді тәсілдердің бірімен растайды.

Енді көлік нөміріне мобильді қосымша арқылы тапсырыс беруге болады

Қызмет көрсету мерзімі – 2 сағатқа дейін. Дайын құжаттар мен мемлекеттік нөмірлер таңдалған мамандандырылған ХҚКО-дан беріледі.

2026 жылдың басынан бастап мемлекеттік тіркеу нөмірін онлайн таңдау қызметі іске қосылып, автокөлік иелері арасында жоғары сұранысқа ие болды.

Енді меншік иесі өзгермеген жағдайда техникалық паспорт пен мемлекеттік нөмірді ауыстыру да онлайн жүзеге асады. Жүйе өтінім берілген сәтте көлік құралының айыппұлдары мен өзге де шектеулерін автоматты түрде тексереді. Қызмет көрсету уақыты – 1 сағат.

Егер көлік кепілде тұрса немесе өзге де шектеулер анықталса, рәсімдеу мамандандырылған ХҚКО-ға жүгіну арқылы жүргізіледі.

Автокөлік нөмірін полицей алып кетсе не істеу керек?

Азаматтар арасындағы сатып алу-сату

eGov.kz және eGov Mobile платформаларында жеке тұлғалар арасында автокөлікті сатып алу-сату шартын электрондық форматта рәсімдеу мүмкіндігі енгізілді.

Бұған дейін бұл қызмет жекелеген банктердің сервистері арқылы ғана қолжетімді еді. Енді сервис мемлекеттік деңгейде біріктіріліп, мәмілені ресімдеудің бірыңғай цифрлық тетігі қалыптасты.

Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша бұған дейін Ішкі істер министрлігінің қолдауымен ірі банктердің мобильді қосымшаларында автокөлікті онлайн рәсімдеу қызметі іске қосылған болатын. Енді цифрлық сервистер тіркеу үдерісінің толық циклін қамтиды – автосалоннан жаңа көлік сатып алудан бастап, азаматтар арасындағы мәмілелерге дейін. Бұл сәуір айынан бастап мамандандырылған ХҚКО-ларға бару санын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

Онлайн сервистерді дамыту рәсімдерді жеңілдетуге, офлайн өтініштер санын азайтуға және тіркеу әрекеттерінің ашықтығын арттыруға бағытталған.

Жаңарту Ішкі істер министрлігі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Мемлекеттік қызметтер комитеті және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның бірлескен жұмысы аясында жүзеге асты.

Көлік көбейген сайын қауіп күшейіп барады

Соңғы жаңалықтар