Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Тәтті ертегі» жобасы аясында жарық көрген «Шахматшы Қонжық» атты балалар кітабының таныстырылымы өтті. Іс-шараға педагогтер, ата-аналар, кітапхана өкілдері және жас оқырмандар қатысты.
«Шахматшы Қонжық» поэтикалық ертегісі 4-12 жас аралығындағы балаларға арналған. Заманауи ертегі баланың тілін дамытуға, ойлау қабілетін жетілдіруге, эмоциялық мәдениеті мен құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған.
Жоба авторы, лингва-педагог Лариса Алдабергеннің айтуынша, «Тәтті ертегі» бастамасы 2024 жылы әлеуметтік жоба ретінде дүниеге келген.
«Бұған себеп – бір ғана баланың «Анашым, маған ертегі оқып берші» деген бір ауыз сөзі. Мектептер мен балабақшаларды аралап, қандай ертегілер оқылып жатқанын саралағанда, бір байқағанымыз – көптеген туынды шет тілінен аударылған. Осылайша, біз қазақ тілінде жазылған, ұлттық негізі бар жаңа ертегі қажет деген шешімге келдік. Содан соң ақын, журналист Байтанағали Төлентаевтың 72 шумақтан тұратын осы поэмалық ертегісі назарымызға ілікті. Ата-аналармен ақылдаса келе, қазақша жазылған жаңа кейіпкер – Қонжықты балалар әдебиетіне енгізуді жөн көрдік», дейді жоба авторы.
Кітап иллюстрациясына алты ай уақыт жұмсалған. Суретші Жансая Дамыс әр кейіпкердің бейнесін бала-ның қабылдауына сай етіп жасағаны көрініп-ақ тұр. Жоба екі жыл бойы сараптамадан, Оқу-ағарту министрлігінің қосымша білім беру департаменті мамандарының талқылауынан өткен. Айта кетейік, бұл бастама «Тәп-тәтті» кондитерлік ұйымының қолдауымен жүзеге асып, кейін жобаға халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Астана қалалық филиалы мен халықаралық түркі тілдес мұғалімдер ұйымы серіктес ретінде қосылған. Бүгінде кітап 30-дан астам білім ұйымында қолданысқа енген. Жоба жетекшісінің айтуынша, Италия мен Германияда осы кітаптың тұсаукесерін өткізу жоспарланып отыр. Ағылшын тіліндегі нұсқасы да дайын көрінеді. Бүгінде «Тәтті ертегі» жобасының айналасында 40-қа жуық педагог пен ерікті топтасқан. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта «Тәтті кітаптар» сериясын жалғастыруды көздеп отыр.