• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:00

«Тактильді Орал» тағылымы

10 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облыстық арнаулы кітапханасы «Ғимарат­тар ғажабы – саусақ ұшында» атты ерекше кеш өткізді. «Тактиль­ді Орал» инклюзивті жобасы аясында зағип оқырмандар Орал қаласындағы тарихи және көр­кем ғимараттардың макетін сипап «көріп», ғажап әсерге бөленді.

Бұл кітапхананың Батыс Қазақстан инновациялық-техно­логиялық университетіне қарасты Салалық технологиялар институтымен бірге жүзеге асырған жаңа жобасы болатын. Осы институттың сәулет мамандығында оқып жүрген 5-курс студенттері Татьяна Дудыкина мен Диас Тайшурин Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы ғимаратының шағын макетін жасаған. Ал кітапхана қызметкерлері болса осы тарихи ғима­раттар жайлы толық ақпаратты брайль қарпінде даярлап, аталған нысандардың бедерлі-графикалық суреттері бар кітапша әзірлеген.

Іс-шара өте қызықты өтті. Оған университет ректоры Бекболат Шәке­шев, институт директоры, техника ғылымдарының кандидаты Бауыржан Билашев, сәу­лет және құрылыс кафедрасының мең­герушісі Нұрлан Бекқалиев, Қазақ­станның құрметті сәулетшісі, сәулет және құрылыс кафе­драсының аға оқытушысы, макеттерді дайындауда жетекшілік еткен маман Майра Сәрсенғалиева мен макет авторлары арнайы келіпті. Ал ғимаратпен танысуға келген облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернаты тәрбиеленушілерінің, арнаулы кітапхана оқырмандарының алған әсерінде шек жоқ.

– Макетке қолым тигеннен-ақ бұл ғимараттың біздің өлкетану му­зейіміз екенін бірден білдім. Өйткені бұрын көрдім ғой, осындай кішкене мұнаралары болғаны есімде қалыпты. Оқушы кезімізде музейге келетінбіз, балалық шақтың естеліктері жадымда жаңғырып, қуанып қалдым. Әдемі макетті жасаған студенттерге мың алғыс, өнері үстей берсін! Бұған қоса біздің кітапхананың қыздары мағлұматы мол кітапша дайындапты. Мұндағы QR код арқылы бүкіл ақпа­ратты даусымен тыңдауға да болады. Бізге ғажайып әсер сыйлаған ұжымға рахмет айтамыз! – дейді кітап­хана оқырманы, Орал қалалық №2 емхананың логопед-дефектологі Бибігүл Молдашева.

Зейнеткер Татьяна Горшкова да жасырақ кезінде музей ғимаратын еміс-еміс көргенін айтады. Бірақ оның сән-сәулетін дәл осылай анық, нақты сезінбеген екен.

– Қадыр сарайда өзім бірнеше жыл қызмет еттім, сахнасында талай ән салдым. Бірақ оның ғимараты осындай жарты шеңбер екенін білмеппін, – деп таң-тамаша қалды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Хатимолла Бердіғалиев ағамыз.

Іс-шара соңында кітапхана директоры Марфуға Айтқалиева «Тактильді Орал» жобасын атқаруға көмектескен университет ұжымына, макеттерді дайындауға қол ұшын берген жетекші маман мен студенттерге оқырмандар атынан риза­шылық білдіріп, алғыс хат табыстады.

 

Батыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар