Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Sarap» эксперттік клубының бесінші отырысы өтті. «Конституция және өмір сүру сапасы: реформалардың әлеуметтік әсерін қалай өлшеуге болады?» тақырыбы арқау болған кездесуді Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырды, деп жазады Egemen.kz.
Басқосуға академиялық қауымдастықтың, мемлекеттік талдау орталықтарының және жеке зерттеу ұйымдарының өкілдері қатысты. Олар конституциялық қағидаттардың халықтың өмір сапасына ықпалын, жаңа Конституция жобасы аясында іске асатын реформалардың әлеуметтік әсерін бағалау тетіктерін талқылады. Әлеуметтік саясаттың тиімділігі, оның қоғамдағы жауапкершілік мәдениетінің қалыптасуына әсері әрі осы бағыттағы өзге де өзекті мәселелер тақырып аясында қамтылды. Іс-шараның ашылуында Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары Бекзат Рахимов былай деді:
«Конституция – дәстүрлі түрде мемлекеттік құрылымның негізін және азаматтардың құқықтарын бекітетін саяси құжат ретінде қарастырылады. Алайда ол нормативтік мәтін ғана емес, халықтың өмір сүру сапасына әсер ететін институционалдық тетік. Сондықтан бүгінгі басты мәселе конституциялық деңгейде қандай реформалар бекітілгенінде ғана емес, олардың әлеуметтік әсерін қалай өлшеп, қалай талдауға болатынында».
Осыдан соң Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы Гүлназ Қасымова жаңа Конституция жобасы ұзақ мерзімді дамудың негізі ретінде әлеуметтік мемлекет қағидатын бекітетінін атап өтті. Бұл модельдің тиімділігі оның заңнама мен бюджет саясатында нақты іске асуына байланысты болмақ. Ал нәтижесі азаматтардың әл-ауқат деңгейіне, теңсіздіктің төмендеуіне, әлеуметтік жүйенің тұрақтылығына қарап бағаланады.
Олжас Бектенов: Жаңа Конституция – болашақтың стратегиялық таңдауы
Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Елена Аппельганц өз баяндамасында реформалардың негізгі көрсеткіші – мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершілік тепе-теңдігі екенін негіздеді. Оның айтуынша, әлеуметтік модель азаматтардың өзін-өзі дамытуына және азаматтық белсенділікті арттыруға жағдай жасап, қоғамдағы ынтымақтастық пен жүйенің тұрақтылығын нығайтуға тиіс. Ал Kazakhstan Sociology Lab әлеуметтанушылар мектебінің директоры Әлия Сәрсекеева әлеуметтік саясатты адами капиталды дамытуға бағытталған стратегиялық инвестиция ретінде қарастыру қажет деген пікір білдірді.
Ерлан Қарин Президенттің неге Тәуелсіздік пен Егемендік сөздерін бас әріппен жазатынын түсіндірді
«Реформалардың тиімділігін бағалаудың заманауи тәсілдерінің назарында білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау жүйесіндегі өзгерістердің экономикалық өсім мен әлеуметтік мобильділікке ұзақ мерзімді әсері тұр. Сондықтан осы бағыттарды ескере отырып, оларды кешенді әрі дәлелді түрде бағалау қажет», деді сарапшы.
Кездесуде Философия, саясаттану және дінтану институтының стратегиялық даму жөніндегі бас директорының орынбасары Ермек Тоқтаров, Еуразия ұлттық университеті әлеуметтану кафедрасының аға оқытушысы Алмаш Айқынбайқызы, Шығыс Қазақстан техникалық университеті «Digital Social Research» Халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері Элеонора Столярова баяндама жасады. Олар жастардың саяси әлеуметтенуі, институттарға деген сенімнің қалыптасуы, азаматтық құндылықтардың орнығуы әлеуметтік саясаттың маңызды көрсеткіштері ретінде қаралатынына назар аударды. Ізінше, қатысушылар реформалардың әлеуметтік әсерін өлшеудің ұлттық жүйесін әзірлеуді, зерттеуге негізделген саясаттың қолдану аясын кеңейтуді, азаматтардың өмір сүру сапасын халықаралық әдістемелер арқылы бағалауды ұсынды.
Мәулен Әшімбаев алдағы референдумды еліміздің тұрақты дамуының іргетасы деп атады