Өскемен қаласында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті алаңында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты Жалпыұлттық коалиция мүшелерінің өңірге сапары аясында облыстың туристік сала өкілдерімен дөңгелек үстел өтті. Делегацияны Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева басқарды, деп жазады Egemen.kz.
Талқылауға сондай-ақ Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы, өңірлік коалиция жетекшісі Денис Рыпаков, Парламент Мәжілісінің депутаттары депутаты Ұлықбек Тұмашинов және Сергей Пономарев, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Даулеталин, сондай-ақ өңірдің туристік сала өкілдері қатысты.
Аида Балаева Жаңа Конституция жобасы адамды, оның құқықтары мен қауіпсіздігін, лайықты болашағын басты орынға қоятын сапалы жаңа даму моделін қалыптастыратынын атап өтті. Сонымен қатар құжат мемлекеттілікті нығайтуға және елдің экономикалық өсіміне берік құқықтық әрі институционалдық негіз қалайды.
Вице-премьер туристік сала үшін құқықтық ортаның болжамдылығы, инвестициялардың қорғалуы және табиғи әрі мәдени мұраға ұқыпты қарау қағидаттарының бекітілуі айрықша маңызға ие екенін айтты.
«Табиғатқа ұқыпты қарау қағидатын бекітудің мәні зор. Туризм саласы үшін бұл стратегиялық маңызға ие. Қоршаған ортаны қорғау – тек экология мәселесі емес, бұл – ұлттық қауіпсіздік пен балаларымыздың болашағы. Табиғат – жай ғана экономикалық ресурс емес, ол – ұлттық бірегейлігіміздің, тарихымыз бен мәдениетіміздің бір бөлігі. Оны сақтау – біздің парызымыз. Оны ұтымды дамыту – келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Туризм саласы үшін әсіресе болжамды ережелер мен сенім маңызды. Инвестор мен кәсіпкер құқықтық ортаның ашықтығына, меншіктің қорғалуына және мемлекеттік шешімдердің тұрақтылығына сенімді болуы тиіс», деді Аида Балаева.
«Қазцинк» ұжымы конституциялық реформаны қолдады
Өз кезегінде Лукбек Тумашинов туризмнің тұрақты дамуы табиғи аумақтарды қорғайтын әрі бизнеске инфрақұрылымға, сервиске және жаңа бағыттарға инвестиция салуға сенімділік беретін нақты құқықтық бағдарларсыз мүмкін емес екенін атап өтті.
Сергей Пономарев Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі ретінде бір палаталы парламент – Құрылтай моделіне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, өзгерістердің мәні – тиімділікті арттыру, артық бюрократияны қысқарту және сайланған депутаттардың жауапкершілігін күшейту.
Кездесу қорытындысында Шығыс Қазақстан облысының туристік сала өкілдері конституциялық реформаны қолдайтындарын білдіріп, алдағы референдумға қатысудың маңыздылығын атап өтті. Олардың пікірінше, бұл – сенімді арттыруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және өңірлердің тұрақты дамуына ықпал ететін тікелей халық еркін білдіру тетігі.
Айбек Дәдебай: Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституциямыздың басты авторы