Бүгін Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде «Референдум – әділетті және прогрессивті Қазақстанның негізі» атты конференция ұйымдастырылды. Ғылыми орта мен студент жастардың басын қосқан жиын 15 наурызда өтетін республикалық референдумның мәнін ашуға және жаңа Конституцияның маңыздылығын түсіндіруге бағытталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жиынның негізгі мақсаты – референдумның маңыздылығын түсіндіру, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен олардың қоғам дамуына әсерін талқылау, сондай-ақ академиялық орта мен студент жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыру болды. Кездесу ашық диалог форматында ұйымдастырылып, оған университет басшылығы, профессорлық-оқытушылық құрам, кураторлар және студенттер қатысты.
Басқарма мүшесі, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Жетпісбаев Нұржан Арғынұлы референдумның елдің саяси жүйесін жаңғыртудағы рөліне тоқталып, Конституцияға енгізілетін өзгерістердің әділетті қоғам қалыптастырудағы маңызын атап өтті. Сонымен қатар жастардың қоғамдық-саяси процестерге белсенді қатысуының мәні және олардың ел болашағын айқындаудағы жауапкершілігі туралы сөз қозғалды.
ҚазҰУ ғалымдары жаңа Конституция жобасын түсіндіретін оқу құралын жарыққа шығарды
Кездесу барысында қатысушылар референдум тақырыбы төңірегінде пікір алмасып, оның демократиялық құндылықтарды нығайтудағы және азаматтық қоғамды дамытудағы рөлі талқыланды. Аталған конференция референдумның мәні мен маңызын кеңінен түсіндіруге, жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға және қоғамдағы маңызды саяси үдерістерге саналы қатысуына бағытталған маңызды алаң болды.
Сонымен қатар конференция барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің басшысы Василий Иванович Олейник, референдум бойынша қалалық коалиция мүшесі Бектас Бақытұлы Жұман, әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің маманы Ақерке Нұрлыбекқызы, Студенттік парламент депутаты, Биология-география факультетінің 2-курс студенті Аружан Нұрайдарқызы Илес, сондай-ақ тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан тарихы және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының доценті, мемлекеттік «Құрмет» орденінің иегері Салават Қамшыбайұлы Кентбек сөз сөйледі. Олар өз баяндамаларында референдумның маңызы, Конституциялық реформаның ел дамуына әсері және жастардың белсенді азаматтық ұстанымының рөлі туралы мазмұнды ойларымен бөлісті.
Оралдың креативті әрі белсенді жастары жаңа Конституция жобасын қолдады
Жиын соңында алдағы уақытта да жаңа Конституцияның мәні мен маңызын қарапайым әрі түсінікті тілмен кеңінен түсіндіру жұмыстары жалғасатыны айтылды. Сонымен қатар 15 наурызда елімізде өтетін республикалық референдумда Жаңа Конституцияны қолдап, дауыс беруге шақырды.