• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Digital Бүгін, 08:33

Батырмасыз басқарылатын «Black Swan»

10 рет
көрсетілді

«DefenceTech» – қорғаныс пен қауіпсіздікке арналған технологиялар бағыты. Бұл салаға ұшқышсыз аппараттар, байланыс жүйелері, киберқауіпсіздік, сенсорлық бақылау, жасанды интеллектіге негізделген басқару құралдары кіреді. Негізгі мақсат – қауіп-қатердің алдын алу, адам факторынан туатын қателікті азайту.

Қалай басталды?

Бұған мысал ретінде «Digital Business» пен «Astana Hub» бірлескен «Орталық Азияның 100 стартап тарихы» жобасында таныстырылған «Black Swan» стартабын айтуға болады. Жүйенің негізін қалаған – алматылық инженер-әзірлеуші Дара Түменбаева. Команда ми сигналдары мен қол қимылы арқылы дрон басқаратын нейроқұрылғы әзірлеп жатыр. Стартаптың алғашқы сынақтары АҚШ-та өтіп, технология қанатқақты режімде қолданысқа ене бастаған.

Дара Түменбаева бұған дейін бірнеше елде білім алып, Азия мен Еуропада жұмыс істеген. Испанияда «Amazon» компаниясында еңбек етіп, өз жобаларын дамытқан. Соның бірі – дерматология және эстетика медицинасына арналған «Doro AI» стартабы. Платформа косметологиялық ем-шарадан кейін адамның сырт келбеті қалай өзгеретінін алдын ала көрсетеді екен, тіпті бірнеше елдегі клиникалармен жұмыс та жолға қойылған. Алайда аталған жоба қомақты табыс әкелсе де Дара бұл бағыттан мән таппаған. Сөйтіп, ол адамдардың назарды қалай шоғырландыратынын зерттей бастайды. Осы ізденіс оны инвазив­ті емес нейротехнологияға алып келе­ді. Яғни бұл жүйе операция жаса­­май-ақ, бас терісі арқылы ми сиг­нал­дарын өлшейді.

Дараның түсіндіруінше, мұндай құ­рылғы ойды оқы­майды. Сенсорлар адам­­ның назарын қалай шо­ғыр­ландырып тұрғанын, алаң­дауын немесе босаңсуын тіркейді. Жиналған деректер дұрыс тал­­данса, ешқандай батырмасыз-ақ құ­рыл­ғыны басқаруға болады. Сырт көзге «ой күшімен басқару» сияқты көрінетіні сондықтан. Осы идея кейін «Black Swan» жобасына айналған. 

Қазір қай кезеңде?

«Black Swan» осы күні зертханалық деңгейден шы­ғып, шынайы ортада жұмыс істеп жатыр.

«Адам барынша зейін қой­ған кезде мида жоғары жиілікті толқындар басым болады. Жүйе соны тіркейді де, дрон қозғала бастайды. Ал зейін шашырай салысымен, жүйе оны да байқайды, сол кезде дрон тоқтайды», дейді жоба жетекшісі.

Команда бұл стартапты қол қимылын оқитын біле­зік­­термен толықтырған. Яғни жүйе бір жағынан адам­ның назар қоюын, екінші жағы­нан қолдың қарапайым әре­кеттерін тіркеп, бәрін бір коман­далар жиынтығына айналдырады.

Қазір технологияны қанатқақты режімде сынап жатқан алғашқы қолданушылар бар. Олардың арасында іс-шара кезінде дрон арқылы түсірілім жүргізетіндер де, роботтар жекпе-жегі секілді жобаларға қолданатындар да кездеседі. Сонымен бірге команда Сан-Францискода дрон жарыстарын ұйымдастырып жүр. Бұл көпшілікке қызық формат болғанымен, стартапқа ең маңыздысы, дерек жинау. Әртүрлі адамдар қа­тысқан сайын жүйе көп ақпарат жинайды. Дараның сөзінше, осы уақытқа дейін мыңға жуық нейродерек жазбасы жиналған. Дегенмен жобаның негізгі бағыты көңіл көтеру емес, «DefenceTech» нарығы.

Ендігі меже қандай?

«Black Swan»-ның ал­дағы мақсаты – қорғаныс са­ласындағы тапсырыстарға шығу. Дара Түменбаеваның айтуынша, бұл бағытта ең әуелі АҚШ Қорғаныс министрлігі мен оның зерттеу агенттігі – «Darpa» назарда тұр. «Astana Hub» қолдауымен Крем­ний алқабындағы «Silkroad Innovation Hub» базасында өткен бағдарламаларға қа­тысуы да АҚШ нарығының талаптарын тереңірек түсінуге көмектескен.

«Алдағы кезеңдегі басты мін­дет жүйенің дәлдігін арттыру. Қазір дрон көбіне оператор ниетіне сай әрекет еткенімен, команда сигналдағы шу, кенеттен келген күйзеліс, зейіннің әлсіреуі сияқты факторларды ажыратып, қауіп­сіз режімге ауыстыру тетігін жетілдіріп жатыр. Дрон жарысын тұрақ­ты өткізу – технологияны «дала жағдайында» үй­ретудің бір жолы. Келесі кезеңде жарыс форматын күрделендіріп, бір уақытта бірнеше қатысушыны қосу, трассаға кедергілер енгізу жоспарда бар», дейді Дара Түменбаева.

Сонымен «Black Swan» жобасының нақты пайда­сы қа­рапайым, яғни бұл адам­ға қа­уіпті жерде дронды тез әрі ың­ғайлы басқаруға көмектеседі. Кей жағ­дайда оператордың қолы бос болмай­ды, кейде байланыс әлсірейді, кей уақыт­та шешім аздаған секунд ішінде қа­был­дануы керек. Осындай сәтте жүйе адам­ның зейінін «оқып», дронға команда бе­руді жеңілдетеді. Ең маңыздысы – қа­уіпсіздік. Егер адам шаршаса, алаңдаса, не кенет күйзелсе, дрон қате қимыл жасап кетуі мүмкін. Ал бұл жүйе зейін­нің әлсірегенін байқаса, дронды тоқтатып немесе қауіп­сіз режімге ауыстыра ала­ды. Сондықтан мұндай технология қорға­ныс пен қауіпсіздік саласында ғана емес, іздеу-құтқару жұмыстары, табиғи апат ке­зіндегі барлау, қиын жерлерде бақылау сияқты бағыттарда да қажет. Яғни «Black Swan» – «қызық ойыншық» емес, қауіпті жағдайларда адамды қорғап, жұмысты жылдамдататын жаңа құрал. 

Соңғы жаңалықтар