• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әскер Бүгін, 15:48

Келісімшарт – кәсіби армияның тірегі ме?

20 рет
көрсетілді

Елімізде келісімшарт негізіндегі әскери қызметке деген қызығушылық екі фактордың негізінде күшейіп келе жатқанын байқаймыз. Біріншісі – кадрлық қажеттілік, екіншісі – әлеуметтік пакет пен қаржылық ынталандырудың кеңеюі болып отыр, деп жазады Egemen.kz.

Осыдан үш-төрт жыл бұрын Қорғаныс министрлігі халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын дайындағаны айтылған. Заң қабылданды. Қазір бұл қалай жүзеге асырылып жатқанын безбендеп көрген едік. Ресми деректерге сәйкес, былтыр мерзімді әскери қызметке шақыру жасындағы 42 мыңнан аса азамат әскерге алынатыны жарияланды. Ал ол кадрды ұстап тұрудың ең ықпалды құралы – айлық пен үстемақы жүйесі. Қорғаныс министрлігі мәліметіне сүйенсек, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап офицерлік құрамның жалақысы орта есеппен 20,3%, ал қатардағы және сержанттық құрамдікі 33,9% өскен. Бұған қоса далалық төлемдер қайта енгізілді. 2026 жылғы 1 қаңтардан еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі аясында өсімнің екінші кезеңі жоспарланды. Мәселен, офицерлерге +23%, қатардағы және сержанттық құрамға +10% қарастырылған. Сонымен қатар, 2025 жылғы 17 қарашадан бастап «Отбасы банк» тұрғын үй төлемдерін алатын әскери қызметшілерге арнайы ипотекалық жеңілдіктер жүйесін іске қосты. «Әскери баспана» қайталама нарық; бастапқы жарна 20%; жинақ 50% болғанда мөлшерлемені төмендету тетігі бар, «Наурыз әскери» – жаңа құрылыс; өңірлерде лимиттері көрсетілген, мөлшерлеме жылына 9%. Бұл – келісімшартқа отырудың «ұзақ мерзімді кепілдігі» ретінде жұмыс істейтін блокқа қарастырылған пакеттер екен.

Әскери қызметшілерге арналған ақпараттық портал әзірленді

Келісімшарттық қызмет тек сарбаз бен сержант деңгейімен шектелмейді, офицерлік лауазымдарға да резервтен толықтыру жүргізілмек. Ресми дерекке сәйкес, 2025 жылы 915 запастағы офицерді 24 ай мерзімге әскери қызметке шақыру жоспары жарияланған. Ал биыл 850-ден астам запастағы офицерді шақыру жоспарланғаны хабарланды.

2025 жылғы желтоқсанда резервте әскери қызмет өткеру туралы келісімшарттың үлгілік нысаны бекітілгені туралы да жазғанбыз, онда келісімшарт 3 жылға жасалатыны көрсетілді. Бұл – әскери қызметтің келісімшарттық форматтарын әртараптандыруға бағытталған белгісі болса керек.

Мұның бір көрінісі – Абай гарнизонына қарасты 11098 әскери бөліміндегі мерзімді қызметтен келісімшартқа өткен сарбаздардың таңдауы болып отыр. Бүгінде елімізде әскери қызметті өмірлік мамандық ретінде таңдаған жастардың қатары артып келеді. Осы үрдістен Абай гарнизонына қарасты 11098 әскери бөлімінің жеке құрамы да тыс қалған жоқ. Мұнда мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген бірқатар сарбаз келісімшарт негізінде әскери қызметте қалуды шешкен. Солардың бірі – 11098 әскери бөлімінің сарбазы кіші сержант Ерзат Қабдырманапов. Ол өзі шешім қабылдап, келісімшарт негізінде әскери қызметте қалды. Енді ол Отан алдындағы борышын осы бөлімде жалғастырып, кәсіби әскери қызметші ретінде еңбек етпек.

Қашықтан барлау, жауынгер қауіпсіздігі: Заманауи әскери техниканы меңгерудің маңызы қандай?

«Мерзімді қызмет барысында әскери өмірдің маған жақын екенін түсіндім. Келісімшартқа отыруға шешім шығардым. Әскери қызметшілерге мемлекет тарапынан көптеген жеңілдік қарастырылған. Атап айтқанда, сарбаздарға кредиттік каникулдар мен әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдері бар», дейді ол.

Кіші сержант Ерзат Қабдырманапов – Семей қаласының тумасы. Оның айтуынша, өз туған жерінде қызмет ету оның таңдауының тағы бір маңызды себебі болған көрінеді.

Отан алдындағы борышын өтеп жүріп келісімшартпен әскери қызметші атанған тағы бір сарбаз – қатардағы жауынгер Аңсар Шернияз. Ол да әскери өмірді өзінің болашағымен байланыстыруды шешкенін айтады.

«Әскери қызмет маған тәртіп пен жауапкершілікті үйретті. Сондықтан мен келісімшартпен әскери қызметші болуды таңдадым. Әскер ер азаматқа арналған нағыз мектебі деп ойлаймын», дейді сарбаз.

«Шығыс» өңірлік әскерлер қолбасшылығы басқармасының заң басқармасы басшысы, подполковник Бейбіт Танцаров айтуынша, жаңа фор­матты енгізу – Қарулы Күштерді жасақтау жүйесін жетілдіруге және қажет болған жағдайда мобилизациялық ресурсты жедел қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қазақ әскерилері Голан жоталарына аттанады

«Былтырғы 18 наурызда қабылданған «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес резервтік әскери қызметке қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Резервтегі әскери қызметке 18 бен 57 жас ара­лығындағы, әскери куәлігі бар, моральдық және кәсіби талаптарға сай, сондай-ақ денсаулық жағдайы жарамды деп танылған жұмыс істейтін және жұмыссыз азаматтар қабылданады», деді басқармасы басшысы.

Мамандардың сөзінше, келісімшарт негізіндегі әскери қызмет – бұл тек тұрақты жұмыс емес, бұл мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдаулар мен кәсіби дамуға жол ашатын маңызды қадам. Сондай-ақ Отанға қызмет етемін деген жастар үшін үлкен мүмкіндік.

Соңғы жаңалықтар