• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Руханият Бүгін, 08:30

Ғасыр үні жаңғырған кеш

0 рет
көрсетілді

«Астана Опера» театры қазақ­тың аңызға айналған баритоны, КСРО Халық әртісі, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты, Социалис­тік Еңбек Ері Ермек Серкебаев­тың 100 жылдығына арналған ауқым­ды концерттер легін бастады. Өнер ордасы әншінің рухына тағзым етіп, сахна саңлағының шығармашылық мұрасын жаңғыр­туға бағытталған арнайы жобаны көрермен назарына ұсынды.

Соның бірі – Күләш Байсе­йітова атындағы камералық зал сахнасында өткен «Өнер тарландары» топтамасы аясындағы алғашқы концерт. «Ұлы дала дауысы» деп аталған музыка­лық кеште опера труппасының солистері мен шақырылған әртістер Ермек Серкебаевтың опералық, камералық, сонымен қатар халық әндері репертуарынан туындылар тарту етті. Фортепиано партиясын орындаған театрдың музыкалық кеңесшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескемпірова бари­тон­ның қазақ музыка мәдениетіндегі ­орнына тоқталды:

– Ермек Бекмұхамедұлы – қазақ музыка мәдениетінің аса көрнекті өкілдері­­нің бірі, ұлттық өнердің дамуына өлшеу­­сіз үлес қосқан тұлға. Ең алдымен, Ермек Серкебаев қазақтың кәсіби вокал­­дық өнерін әлемдік деңгейге көтерген ­ән­ші ретінде бағаланады. Ол – опера мен камералық вокал жанрында ерекше шеберлігімен танылған лирикалық баритон дауыс иесі. Әсіресе әншінің орындауында қазақтың халық әндері мен отан­дық композиторлардың шығармалары терең мазмұнға, биік көркемдік деңгей­ге ие болды. Аңызға айналған тұлғаның 100 жылдығына театрымызда тұтас концерттер легінің арналу себебі – біз өнер иесінің барлық қырын ашқымыз келе­ді, – деп атап өтті. Сондай-ақ ол сонау 90-жылдары Ермек Серкебаев Көкшетау­ға гастрольмен барған кезінде өнер иесі­нің шығармашылық концертін фортепиа­нода сүйемелдеген сәтін жылы еске алды:

– Ол кісі шырқаған клас­си­­ка­лық туындыларды сүйе­мел­­­дедім, ал халық әні «Япу­рай­ды» орындағанда фотепианода Ермек ағаның өзі ойнады. Сол кезде әншінің аспапты қа­лай шебер меңгергеніне һәм суырып­салмалық дарынына айрықша тәнті болдым. Консерваторияны енді ғана бітіріп келген мен үшін бұл таң­ғалар­лық жайт еді. Атақты Ермек Серкебаевпен бір концертте өнер көрсетіп, аңыз тұлға­ның шығармашылығына өз үлесімді қосу ­з­ор мақтаныш, – деді музыкант.

Қазақ опера өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ермек Серкебаев ұлттық репертуардың қалыптасуына да зор ықпал етті. Өнер иесінің сахна мәдениеті мен актерлік шеберлігі кейінгі буын әншілерге де өнеге болды. Сол ізбасарлардың бірі – Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шахимардан Әбілов.

– Қазақ опера өнері мен үшін Ермек Серкебаев есімі­мен егіз өріліп жатыр десем, қателеспеймін. Себебі ол кісі ұлттық вокал мектебінің әсем үні мен терең болмысын әлемдік сахнаға танытып, КСРО мен Еуропа театрларында өнер көрсетіп, қазақ өнерінің абыройын асқақтатты. Сол кезеңдегі талай жас әншіге бой түзер тамаша үлгі бола білді. 1981 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияда бірге қызмет атқарып, маған да әншінің тағылымды әңгімелерін тыңдау бақыты бұйырды. Ал 1991 жылы тәуелсіздік жарияланған сәттегі: «Біз егемен ел болдық!» деген толқынысты сөзі әлі күнге дейін жадымда сақтаулы. Қазақтың халық әндерін әлемге таныту – Ермек ағаның асыл арманы еді. Бұл кеш – ұлы дауысқа тағзым ғана емес, ұлттық өнердің биік рухына жасалған құрмет, – деп әнші аға туралы сағыныш пен құрметке толы естелігін ағынан ақтарыла әңгімеледі.

Концертте «Екі жирен», «Шәпибай-ау», «Қызыл бидай», «Тілеу-Қабақ», «Алқоңыр», «Япурай», «Бір бидай-арпа» сынды халық әндері шырқалды. Сонымен қатар Біржан салдың «Бурылтай», Ақан серінің «Сырымбет», Жаяу Мұсаның «Сұрша қыз», Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әндері кеш көркін қыздырды.

Шақырылған әртістермен бірге сахна­ға «Астана Опера» солистері – Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Ниязова, Талғат Мұсабаев, Жан Тәпин, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, сондай-ақ Саян Исин бастаған өзге де өнерпаздар шықты. Тағы­лымды кеште көрермен тек музыкалық туындыларды тыңдап қана қоймай, Ермек Серкебаевтың өмір жолы мен шығармашылық мұрасы туралы мазмұнды әңгімелерге де қанықты.

Айта кетерлігі, ЮНЕСКО 2026 жылға арналған атаулы даталар күнтізбесіне Ермек Серкебаевтың 100 жылдық мерейтойын енгізді. Осыған орай «Астана Опера» мерейлі дата қарсаңында концерттер циклін бастаған елордадағы алғашқы театрлардың бірі болды. 

Соңғы жаңалықтар