Өткен ғасыр басында қазақ даласында сан ғасырға жалғасқан отаршылдық бұғаудан босанудың қам-қарекеті басталды. Осы баянды істің басында қазақ оқығандары тұрды. Олар сол дәуірдің ең озық оқу орындарында білім алып, алаш идеясы маңына топтасты. Солардың бірі – озық ойлы азамат Ғазымбек Бірімжанов еді. Бұл тұлғаның туғанына биыл 130 жыл толып отыр.
Атам қазақта «тектіден текті туар сараланып» дейтін тіркес бар. Бұл сөз кейіпкеріміз Ғазымбек Қорғанбекұлының болмысына бап жарасып тұр. Өйткені бұл кісінің арғы атасы жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақтың қамы үшін күрескен атақты батыр тархан Жәнібек Қошқарұлы. Зерттеуші Данияр Ихсанның пайымдауынша, осы кісінің бір баласы Дәуітбай (кейбір деректерде Дүтбай) тарханнан Мұса батыр туады. Мұсадан – Шеген би.
Шеген атамыз өз заманында ресейлік отарлау ісіне бет бермеген адам. Бидің замандасы үлкен ақын Әлмағамбет Оспанұлы
«Мұсадан туған Шеген би,
Патшадан келген сыйлықты,
Алдауыш деп алмаған,
Олжа деп көзін салмаған,
Алдауына көнбеген,
Айдауына жүрмеген...»
деп сипаттаған. Осы Шеген биден Бірімжан туады. Осы кісінің кіндігінен «қос зерен» атанған Қорғанбек пен Дәуренбек өрбиді.
Қазақтың асыл қызы Гүлнар Дулатова апамыз өз естелігінде: «Қорғанбек төрт әйел алған адам. Үлкен бәйбішесі Ханшадан: Ахмет пен Әбдікәрім, екінші әйелі Сахибидан – Ғазымбек, үшінші әйелі Мүгүлсімнен – Кәрім, төртінші жары Гүлмайданнан: Мұхтар, Батырхан, Нұрхан, Жұмахан және екі қыз Ғазима мен Шәкен туады» деп жазады (Дулатова Г.М. Алаштың сөнбес жұлдыздары. – Алматы: Мектеп, 2022. – 145-б).
Сондай-ақ алаштанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев айтқандай, аса өнегелі әулеттен шыққан Ғазымбек 1896 жылы 28 ақпан күні Торғай уезі, Тосын болысының №1 ауылында дүниеге келген. Ол жастайынан өзінен 15 жас үлкен ағасы, І және ІІ Мемлекеттік Дума депутаты, кейін Алашорда үкіметінің мүшесі болған Ахмет Бірімжановты үлгі тұтып, тәлімін үйренген, тәрбиесін көрген. Ағалы-інілі Бірімжановтарды жұрт «Қорғанбектің қос бөрісі» деп әспеттеген көрінеді.
* * *
Ғазымбектің қоғамдық-саяси өмірге араласуы 1916 жылдан басталады. Оған себеп, осы жылы патша жарлығымен қазақ жігіттері тылдың қара жұмысына тартылды. Ауыл азаматтары қиналып қалмасын деп, Ғазымбек өз ықтиярымен солармен бірге атанады. Ол бұл іске қазақ көсемі Ә.Бөкейханның тапсырмасымен барған еді, дейді академик М.Қойгелдиев.
Майдан даласынан оралған соң Ғазымбек Бірімжанов 1917 жылдың тамыз айында ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның нұсқауымен Орынбор округтік сотына аудармашы-тілмаш қызметіне ұсынылады. Қызметке енді кірісе бергенде Қазан төңкерісі белең алып, осы аласапыранда елге оралады. Төңірегін бір барлап алып, «қазақ үшін жүрек майын шам қылған» (С.Торайғыров) Алаш зиялыларының қатарына қосылады.
Бұл тұлғаның ұлт тарихындағы зор ісі – 1917 жылғы Екінші жалпықазақ сиезіне қатысып, Ә.Бөкейхан бастаған мықтылармен бірге «Алаш» партиясының бағдарламалық жобасын жазысады. Одан кейін Алашорда үкіметінің тапсырмасы бойынша ел аралап, Торғай өңірінен әскер жинасады.
Тағы бір тамаша ісі – шамамен 1918 жылдың соңына қарай Алашорда үкіметі Ғазымбек Бірімжанов пен Асфендияр Кенжинді адмирал Колчак басқаратын Сібір Үкіметімен келіссөзге аттандырады. «Ондағы мақсат – Сібір үкіметіне өздерін мойындатып, мүмкіндік болса қару-жарақ һәм қаржылай көмек алу еді», дейді М.Қойгелдиев.
90-жылдары Ғазымбек Бірімжановтың тергеу ісімен танысқан алаштанушы-ғалым Тұрсын Жұртбай мына бір деректі еске алады: «Мен Сібір үкіметіне барып қаржы министрі Петровпен сөйлесіп, одан қаржылай көмек сұрай келгенімізді айттым, онымен өзара тіптен қатты сөзге келдік. Одан соң Министрлер кеңесінің төрағасы Вологодскийдің қабылдауында болып, Петровтың үстінен шағым айттым. Осы сапардан сәл ертерек Алашорда Дутовпен байланыс орнатып, одан қару-жарақ және офицерлер алған болатын. Бірақ арада шатақ шығып, біз олардың офицерлерін тұтқындап, олар біздің жігіттерді қамауға алғаны бар. Міне, сол кезде біздің Алаш әскерінде завхоз болып бір офицер жұмыс атқарған, Омбыға келгенімізде сонымен кездесіп қалдық. Біз туралы сол біраз нәрсе жеткізген болу керек, қару-жарақ та, қаржы да ала алмай кейін қайттық», дегенін келтіреді.
«Жазған құлда шаршау жоқ» дегендей Алашорда үкіметі Ғазымбекті 1920 жылы түркі халықтарының қайраткері Башқұртстан көсемі Зәки Уәлиди Тоғанмен кездесуге жібереді. Ол кісі бұл кезде қызылдардың екпінінен ығысып Бұхараға келіп, саялап жатқан. Осы сапары жөнінде Ғ.Бірімжанов тергеу ісінде былай деп баяндапты: «Уәлидимен байланыс орнатуға мені жіберді. Менімен бірге Мұса Сейдалин аттанды» десе, Зәки Уәлидидің 1997 жылы Уфада жарық көрген «Естеліктер» атты кітабында: «Біз Бұхараға Алашорда өкілдерін және түрікмен зиялыларын шақырдық. Ақпанда түрікмен адвокаты Қақаджан Бердиев, Алашорданың өкілдері ретінде Хайретдин Болғамбаев, Мұхтар Әуезов, Дінше және тағы екі кісі келді» (З. Валиди Тоган. Воспоминания М., 1997, с. 288) дейді. «Осында аты аталмаған екі кісі Ғ.Бірімжанов пен М.Сейдалин болса керек» деп жазады академик Мәмбет Қойгелдиев.
* * *
Ғазымбек Бірімжановтың өмір тарихын зерттеушілер бұл тұлғаның журналистік қабілетін өте жоғары бағалайды. Осы тұрғыда атап өтерлік оқиға: 1920 жылы Ташкент қаласында Түркістан Республикасы Орталық Атқару комитетінің органы ұлттық-демократиялық «Ақ жол» газетінің жарық көруі. Осы басылымға қазақ оқығандары тартылады. Осылардың бірі – туған бажасы һәм жерлесі Міржақып Дулатұлының ықпалымен журналистік жұмысқа орналасқан Ғазымбек еді.
«Ғазымбек арнайы журналистік білім алмаған, тума талант, тума публицист ретінде қалыптасқан, өзінің зерделілігімен жазу-сызу өнерін жақсы игерген. Осы газетте қызмет атқарған 1921–1922 жылдары газеттегі мақалаларына «Ғ. Бірімжанов», «Шеген», «Ш-н», «Ғ» деп қол қойып жүрген. Өзінің жазғандарында ол ең алдымен, өмірдің болмыс-құбылыстарына парасатты ой жіберуге, философиялық түйіндер жасауға тырысады. Бірде ол: «...надан, үлгісіз, азап шеккен, қорлық көрген, зұлымдарға құл, жем болған, қоян жүрек қорқақ, қорғалақ болған біздің қазақ емес пе?» деп егілсе, бірде «Россия тарихының отаршылдық тарихы болғандығы, біздің қазақ «халық түрмесінен» шыққаны өтірік пе?» (14.1.1921 ж.) деп зарлады. Тағы бірде «орыс отаршыларымен, өз арамыздан шыққан соғылғандармен тартынбай таласу, тартысу, аянбай алысу керек, иә өлім, иә азаттық» (7.6.1921 ж.) деп сілкінді. Ғазымбектің «халқым» деп соққан жүрегінің дүрсілі 1921 жылғы ашаршылықта мүлде қатты естілді. Жұртты жұт пен індеттен аман алып қалуға жанын салды. Тек 1922 жылы «Қанына тартпағанның қары сынсын» (21 қаңтар), «Елемесе, өлгеніміз» (14 қаңтар), «Қосшы ұйымдарының жұмысы» (28 қаңтар), «Негізгі жұмыстардың бірі» (21 ақпан), «Ауруын жасырған өлер» (6 сәуір), «Нар жолында жүк қалмайды» (23 маусым) тағы басқа ондаған материалында ел-жұртты ашаршылықтан құтқарып қалу қамындағы қамқорлығы ерекше болды», деп жазады атақты профессор Темірбек Қожакеев 1995 жылы Алматыда «Санат» баспасынан жарық көрген «Сара сөздің сардарлары» атты кітабының 6-бетінде.
* * *
Осы жылдардағы тағы бір елеулі оқиға – 1922 жылы сәуірде кеңес өкіметі мен Германия арасында өзара жастарды оқыту жөнінде шарт жасалады. Осы шарт бойынша әуелі Германияға оқуға Татарстаннан 25 жас қабылданады. Одан кейін іле-шала Түркістан автономиялық советтік республикасы атынан 60 адам аттанады. Бұлардың ішінде қазақ жоқ. Осыған налыған Ғазымбек Қорғанбекұлы «Қазақты тарихи халық қылу керек. Қазақтың ілгері басып келе жатқандығын жұртқа көрсету керек. Сондықтан шетелдерден оқу үйрену – заман талабы. Біздің қазақтың баласы барса, Лондон, Париж, Берлиннің көшесі ойылып кетпейді» деп мәселе көтереді «Ақ жол» газетіне.
Нәтижесінде, Т.Рысқұловтың ұсынысымен Германияға оқуға өзбектермен бірге қазақ жастарын жіберу туралы шешім қабылданады. Сөйтіп, Ғазымбек Бірімжанов, Әбдірахман Мұңайтпасов, Дамулла Битілеуов, Темірбек Қазыбеков Германияға аттанады.
Бұл оқиға туралы 1920 жылдары Ілияс Жансүгіровтің тікелей қатысумен жарық көрген Жетісу өңірлік «Тілші» газетінің 1923 жылғы кезекті санында: «Берлинде Түркістаннан-12, Бұқардан 45 оқушы бар. Осылардың 5-еуі қазақ. Бұлардан Ғазымбек Бірімжанов, Темірбек Қазыбеков Берлин ел шаруасы академиясында оқып жатса, Дамолла Битілеуов, Абдрахман Мұңайтпасов һәм Сабыр Танашев Растенбургте тері өңдеу мамандығына әзірленіп жатыр», деп жазыпты.
* * *
Бірақ тағдыр Ғазымбекке еліне келіп, еңбек етуді жазбады. Оқуын бітірген соң, Мәскеу қаласында қызмет істеп жүрген жерінен 1928 жылы тұтқындалады. Тағылған айып: «Германияда оқып жүргенде Мұстафа Шоқаймен кездесіп, оның көзқарасын қолдап, пікірлес болдың және алашордашыл Ахмет пен Міржақыптың ізбасары». Ақыры үштіктің шешімімен Ақ теңіз каналы құрылысына 10 жылға жер аударылады.
Қуғын-сүргін мұнымен бітпейді. Қайраткер 1937 жылы 9 қазанда қайтадан тұтқынға алынып, 1938 жылы 19 наурызда 41 жасында атылады. Мәйіті Мәскеу маңындағы «Коммунарка» зиратына жерленіпті. Ғазымбектің ісі 1988 жылы 4 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы сотының қылмысты істер жөніндегі алқа мәжілісінде қайта қаралып, қылмысты әрекеттер табылмағандықтан, ақталды.