Ақтөбеде жол қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған жаңа технология сынақтан өте бастады. Енді жүргізушілер жаяу жүргіншінің өткелге жақындағанын алдын ала байқап, жылдамдығын дер кезінде төмендете алады. Бұл жүйе адам жолдың жүріс бөлігіне шықпай тұрып-ақ жарық сигналын беріп, қауіптің алдын алуға мүмкіндік жасайды, деп жазады Egemen.kz.
Қаладағы Әбілқайыр хан мен Сағадат Нұрмағамбетов көшелерінің қиылысында отандық NAZAR автономды жаяу жүргіншілер өткелі пайдалануға берілді. Жүйе жаяу жүргінші анықталған сәтте автоматты түрде іске қосылып, қосымша жарықтандыруды және жол бетіне стоп-сызықтың жарық проекциясын шығарады.
Әсіресе қараңғы уақытта өткелдің көрінуін айтарлықтай арттырып, жолды кесіп өту қаупі туындаған сәтте жүргізушілердің назарын күшейтеді. Яғни, технология адамды қағып кету тәуекелін азайтуға бағытталған.
Былтыр Қызылордада жаяу жүргіншілер ережені неше рет бұзған?
Ғылыми сүйемелдеу және мониторингЖобаны енгізуге ғылыми-техникалық сүйемелдеуді Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты (ҚазжолҒЗИ) жүзеге асырып жатыр. Институт мамандары аталған учаскеде тұрақты мониторинг жүргізіп, көлік құралдарының қозғалыс параметрлерін талдайды және нысанның қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкестігін тексереді.
ҚазжолҒЗИ бас маманы Закиржан Даниярдың айтуынша, жүйе орнатылғаннан кейін жүргізушілердің мінез-құлқы жан-жақты бағаланады.
«Көлік ағынының жылдамдығын, ықтимал қақтығыс жағдайларының санын және өткелді пайдалану қарқындылығын тіркейміз. Мониторинг қорытындысы бойынша бұл шешімнің тиімділігіне объективті баға беріледі», деді ол.
ЖКО-ны азайтуға бағытталған қадамСалалық құрылымдардың деректеріне сәйкес, жол-көлік оқиғаларының ең жиі кездесетін түрлерінің бірі – жаяу жүргіншіні қағып кету. Мұндай жағдайларға көбіне жарықтандырудың жеткіліксіздігі және реттелмейтін өткелдердің көзге анық түспеуі себеп болады.
Институт сарапшыларының халықаралық тәжірибені талдауына сүйенген бағалауы бойынша, белсенді жарықтық индикацияны қолдану жаяу жүргіншіні қағып кету оқиғаларын орта есеппен 30-40%-ға дейін азайтуы мүмкін.
Қазір жоба практикалық сынақ кезеңінен өтіп жатыр. Жиналған деректер сарапталғаннан кейін республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары желісінде осындай автономды өткелдерді кезең-кезеңімен енгізу мүмкіндігі қарастырылады.
Жаяу жүргіншілерге жол бермегендер жауап берді