Мұнайлы Атырауда гүл бизнесін қолға алған кәсіпкерлер көп емес. Соның бірі – Бақыт Ысқақова. Кәсіптің бұл түріне бет бұрғанына 30 жылдан асты.
Биыл жылыжайда ол 200 мың қызғалдақ өсірді. Өзінің жеке иелігіндегі жылыжайдың аумағы – 3 мың шаршы метр. Қызғалдақтың тұқымын Нидерландтан алдырыпты.
«Көптен бері жылыжай ашуды ойлап жүр едім. Бірнеше жылдан бері гүл өсіремін ғой. Гүлді тек өсірумен шектелмей, сөреге дейінгі дайындығын өзім қадағалаймын. Әр істің өзіндік қиындығы болатыны секілді, гүлдің түр-түрін өсіру оңай емес. Әсіресе қызғалдақты жылыжайда өсіру үшін алдымен топырақты сапалы дайындап, температураның режімін қатаң сақтау қажет. Ұдайы күтім жасалса, қызғалдақтың түйнегі үш айдан соң көріне бастайды», дейді Б.Ысқақова.
Гүл өсірушінің айтуына қарағанда, биылғы аязда жылыжайдағы температураны 14-16 градус шамасында ұстау қиындық тудырыпты. Бірақ бірқалыпты жылудың нәтижесінде 200 мың қызғалдақ өсіріліпті.
«Қызғалдақты өсіру табандылық пен шыдамдылықты қажет етеді. Біз 200 мың қызғалдақты өзіміздің 11 сауда орнында сату мақсатында өсіріп отырмыз. Өйткені оған сұраныс бар. Дегенмен бұл – маусымдық бизнестің бір түрі. Сол себептен қызғалдақ өсірушілердің дені бұл істі бір-екі жылдан соң тастап кетеді. Ал біз мұны тұрақты әрі отбасылық кәсіпке айналдырдық», дейді ол.
Кәсіпкердің пікірінше, қызғалдаққа сұраныс 8 наурыз қарсаңында арта түседі. Сондықтан жылыжайда өсірілген қызғалдақтың басым бөлігі сол кезде сатылымға шығарылады. Қазір оны өсіруге 20-дан астам адам жұмысқа тартылыпты. Дені – қыз-келіншектер. Жылыжайдағы жұмыс тәулік бойы жалғасады. Оның кәсібіне ұлы мен келіні қолдау көрсетіп отыр.
«Бастапқыда отбасылық кәсібімізге айналған гүлдің сан түрін шетелден тасымалдайтын едік. Кейбірін Нидерландыдан, Беларусь пен Ресейден алдырдық. Бірақ жыл өткен сайын логистика мен кедендік рәсімдеуге байланысты қиындық туындады. Мұндай кедергіден соң гүлді, әсіресе қызғалдақты өзіміз өсіруге шешім қабылдадық», дейді келіні Әйгерім Дәулетиярова.
Қазір пион гүлінің 11 500 тұқымына тапсырыс беріліпті. Гүлдің бұл түрін үш жылдан кейін ғана сата алады. Енді жылыжайда хризантема, раушан мен басқа гүлдерді өсіру көзделіпті.
«Былтыр бір тал гүлді 800 теңгеден сатқан едік. Биыл өзіміз өсірген отандық гүлдің бір данасын 700 теңгеден сатамыз. Жылыжайда өсірілген гүлдің санын көбейтіп, көршілес өңірлерге жіберуді мақсат етіп отырмыз», дейді Б.Ысқақова.
Атырау облысы