Алматыда халықаралық журналистика және коммуникация бойынша XIII қысқы мектеп жұмысы басталды. Биылғы жиын ЮНЕСКО жариялаған Дүниежүзілік радио күніне орай «Медиаплюрализм: Орталық Азиядағы жасанды интеллект ғылымы» тақырыбында өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жиынның ашылу салтанатында Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Білім және әлеуметтік даму орталығының басшысыТөлен Жeңісбек радионың ұшқыр ақпарат құралы ретіндегі рөлін атап өтті. Заманауи ғылым мен медианың ұштасуы қоғам дамуының негізгі қозғаушы екеніне, жасанды интеллект дәуірінде ақпараттық қауіпсіздік пен ғылыми негізделген коммуникацияның рөлі арта түсетініне назар аударды.
Жиында ЕҚЫҰ БАҚ бостандығы жөніндегі өкілінің бас кеңесшісі Барбара Трионфи цифрлық трансформация кезінде медиаплюрализмді сақтау мен сөз бостандығын қорғаудың маңызын тілге тиек етті. Ол жасанды интеллект құралдарын пайдалануда этикалық нормаларды сақтау қажеттігін баса айтты.
БҰҰ-ның Қазақстандағы Ақпараттық бюросының басшысы Властимил Самек «Жасанды интеллект журналистикаға жаңа мүмкіндіктер ашумен қатар, ақпараттың шынайылығы мен бейбітшілікті нығайту жолында үлкен жауапкершілік жүктейді» деп атап өтсе, ЮНЕСКО аймақтық бюросының маманы Маджер Масанов медиа және ақпараттық сауаттылық саласындағы ұйымның соңғы ресурстарымен таныстырып, цифрлық радиотехнологияларды меңгерудің маңызына тоқталды.
Журналистика қалай өзгеріп жатыр: Қазақстанда БАҚ өкілдері цифрлық дағдыларды меңгерді
Талқылауға қатысқан жетекші басылымдардың бас редакторлары да маңызды пікір білдірді. «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Есхат Божан баспасөздің жұмысын ұйымдастырудағы жаңа үрдістерді атап өтіп, жасанды интеллект контентін этикалық реттеу мәселелерін атап өтті. «Shalqar» радиосының бас редакторы Болатбек Төлепберген дәстүрлі радионың цифрлық экожүйеге көшу тәжірибесімен бөліссе, «Юридическая газета» басылымының бас редакторы Бахтияр Тохтахунов құқықтық медиадағы журналист пен жасанды интеллект рөлінің аражігіне қатысты мәселе көтерді.
Ақпанның соңына дейін жалғасатын қысқы мектепте Қытай, Орталық Азия елдері мен Ауғанстан, Йемен, Бангладеш және Эпиофиядан келген жас зерттеушілер БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын медиа арқылы насихаттаудың жаңа әдістерін меңгереді.
Жасанды интеллект дәуіріндегі журналистика
Қысқы мектеп жұмысы болашақ журналистердің кәсіби біліктілігін арттырып, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталып отыр.