Жаһандық сауда кеңістігі түбегейлі өзгеріп барады. Нарықта табысқа жету үшін сапалы өнім ұсыну жеткіліксіз, сенімді қаржылық тетік те қажет. Төлем кепілдігі мен тәуекелді басқару мәселесі алдыңғы қатарға шықты. Осындай жағдайда экспорттық-кредиттік агенттік ұсынған құралдар сыртқы нарыққа жол ашатын маңызды тірекке айналып отыр, деп жазады Egemen.kz.
Құбылмалы геосаяси ахуал мен жаһандық нарықтағы құбылыстар халықаралық сауданың сипатын өзгертті. Бәсеке енді тек баға мен сапаға тірелмейді. Импорттаушы үшін есеп айырысудың икемділігі, төлемнің қауіпсіздігі, тәуекелдің төмендігі шешуші мәнге ие. Ташкенттегі не Бакудегі серіктес тауарды таңдағанда оның құнын ғана емес, қаржылық шарттарының сенімділігіне де айрықша назар аударады. Осындай жағдайда экспорттық-кредиттік агенттік шикізаттық емес бағытты ілгерілетуге арналған заманауи қаржы құралдарын ұсынып, отандық өнімнің сыртқы нарыққа шығуына берік негіз қалап отыр.
Экспортты ұлғайту жолындағы басты кедергінің бірі – тараптар арасындағы сенім тапшылығы. Шетелдік сатып алушы тауар қолға тимей тұрып толық төлем жасауға асықпайды. Өндірушіге өндіріс ырғағын сақтап қалу үшін қаражаттың дер кезінде түсуі қажет. Осы қайшылықты еңсеру мақсатында әлемдік тәжірибеде сауданы қаржыландырудың кешенді тәсілдері қалыптасқан. Елдегі агенттік те өңірлік ерекшеліктер мен қаржы жүйесінің мүмкіндігін ескере отырып, осындай модельді енгізді.
Қазақстан балмұздақ экспорты бойынша рекорд жаңартты
Тетіктің өзегі қарапайым. Импорттаушының өтінішімен шетелдік банк экспорттаушының пайдасына аккредитив ашады. Агенттік сол банк міндеттемелерінің орындалмау қатерін сақтандырады. Ел ішіндегі банк аккредитивті растап, төлем жүргізу жауапкершілігін алады. Құжаттар талапқа сай ұсынылған соң агенттік мәміле мерзіміне растаушы банкке мақсатты депозит орналастырады. Нәтижесінде қаржыландыру құны төмендеп, тәуекел тиімді басқарылмақ. Сатып алушы тауарды кейінге қалдырылған төлеммен иеленсе, өндіруші жүк жөнелтілген сәттен көп ұзамай қаражатқа қол жеткізеді. Мүдделер теңгерімі сақталып, сауда айналымының тұрақтылығы қамтамасыз етіледі.
Агенттік Орталық Азия мен көршілес нарықтарды қамтитын негізгі экспорт дәліздерінде қаржылық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен қалыптастырып келеді. Өңірдегі жетекші банктерге белгіленген сақтандыру лимиттері мәмілелерді алдын ала айқындалған тәуекел шегінде жедел құрылымдауға мүмкіндік береді. Ұсынылатын құралдар ауқымы әртүрлі бизнес санатына бейімделген. Шағын және орта кәсіп иелері қалыптасқан банктік есеп айырысу тетіктерін пайдаланып, қосымша айналым қаражатын тартпай-ақ сыртқы нарыққа жол аша алады. Ірі өндіріс орындары тұрақты жеткізілім арнасын кеңейтіп, серіктестік аясын ұлғайтуға, қаржылық қатерді әртараптандыруға мүмкіндік алады.
Елімізде бал экспорты 2,5 есе артты: Шетелге 1477 тонна өнім жөнелтілді
Шетелдердегі өкілдіктер де осы жүйенің маңызды буынына айналды. Олар кеңес берумен шектелмейді. Жергілікті банктермен, импорттаушылармен байланыс орнатып, мәмілені сүйемелдейді, серіктестердің қаржылық тұрақтылығын бағалауға жәрдемдеседі. Сақтандыру лимитін айқындау, шарттарды келісу, келіссөз жүргізу, құқықтық әрі іскерлік ортаның ерекшелігін ескеру – өкілдіктер жұмысының негізгі бағыттары.
Мәселен, азық-түлік өндіруші көрші елдегі серіктеспен келісім жасасты делік. Сатып алушы төлемді алты айға шегеруді сұрайды, ал өндірушіге қаражат қысқа мерзімде қажет. Мұндай жағдайда шетелдік банк аккредитив ашады, агенттік оны сақтандырады, ел ішіндегі банк төлемді растайды. Тауар жөнелтіліп, құжаттар тапсырылған соң өндіруші өз қаражатын алады. Ал сатып алушы банкпен келісілген кесте негізінде есеп айырысуын жалғастыра береді. Қос тарап та тәуекелсіз әрі қолайлы шешімге қол жеткізеді.
Халықаралық тәжірибе экспорттық-кредиттік агенттіктері пәрменді жұмыс істейтін мемлекеттердің сыртқы күйзелістерге бейім болатынын көрсетеді. Мұндай қаржы құралдары өңдеуші өнеркәсіпке, машина жасауға, металлургияға, құрылыс материалдары өндірісіне, азық-түлік саласына тың серпін береді. Қосылған құны жоғары бағыттардың дамуы экономиканың орнықтылығын күшейтеді.
Қазақстан 60 маңызды минералдың 20-сын экспортқа шығаруға дайын
Агенттік мүмкіндіктері кәсіпорындарға бұрын тәуекелі жоғары не қаржыландыруы күрделі саналған нарықтарға шығуға жол ашып отыр. Соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындары құрылып, өндіріс ауқымы кеңейеді, бюджет кірісі ұлғаяды, импортты алмастыру үдерісі жанданады. Бұл қадамдар елдің сыртқы саудадағы бәсекелік әлеуетін арттырып, экономикалық тұрақтылықты бекемдей түспек.