Мемлекет басшысы саммитке қатысушыларға ілтипат білдіріп, осы тарихи іс-шараны ұйымдастырғаны үшін АҚШ Президенті Дональд Трампқа алғыс айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесі көпжақты күш-жігердің әлеуетін арттыратын, заман талабына сай ұйым деп санайды.
«Әлемде мұндай бастама көтерілген жоқ. Расында, бұл бұрын-соңды болмаған бетбұрыс. Өйткені бірге күш-жігер жұмылдырудың арқасында «Жасампаздық арқылы бейбітшілік» атты жаңашыл тұжырымдаманы немесе жобаны іске асыруға барлық мүмкіндік бар. Сондықтан, Президент мырза, Сіздің нақты іс-әрекет қана бейбітшілікке берік негіз қалайды деген ұстанымыңызды толық құптаймын», деді Мемлекет басшысы. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың шақыруымен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысына қатысу үшін Вашингтонға жұмыс сапарымен барды.